"Aldaspan-Info" ақпараттық агенттігі

Басты бет / Рухани жаңғыру

Рухани жаңғыру

        «Ұйымдаспаған жастармен жұмыс жүргізу, үйлестіру және олардың әлеуетін дамыту бағытындағы шараларды ұйымдастыру» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жобасы шеңберінде«Komek.Demeu.Kz» коғамдық қоры Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат белімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен жұмыс жоспарға сәйкес «Он саусағың біріксе» атты техникалық мамандықтар арасындағы байқау ұйымдастырылды. Байқауға техникалық мамандық студенттері мен жастары қатысты. Байқау 10 номинация бойынша өткізілді. Байқауға өтінмдер 30 қыркүйектен 4 қарашаға дейін қабылданды. Байқауға өтінімдер «Наубайқанашы», «Аспазшы», «Тігінші», «Дизайнер», «Қол өнер» сынды номинациялар бойынша 10 техникалық мамандықтардан қабылданған. Аталған байқаудың қазылар алқасы отырысы өткізіліп, байқаудың үздіктері анықталды.

«Рухани жаңғыру» жобалық офисі қызметкерлеріне арналған облыстық оқыту семинары өткізілді

 

23-24 тамыз күндері Тараз қаласында "Рухани жаңғыру" жобалық офисі қызметкерлеріне арналған облыстық оқыту семинары өткізілді. Семинардың бірінші күні 2018 жылы "Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Туған жер" арнайы жобасы аясында меценаттар есебінен соғылған "Баласағұн" музейінде Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің қолдауымен өткізілді. Семинардың ашылу салтанатында Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Ынтықбайұлы Бейсенқұлов алғы сөз айтып, семинар жұмысына сәттілік тіледі.

Басқарма басшысынан кейін сөз алған Жамбыл облысының "Рухани жаңғыру" жобалық офисі мекемесінің басшысы Серікбол Қайратұлы Берікқожа бағдарламаның басым бағыттары және арнайы жобалармен тиімді жұмыс жасау жолдарын түсіндіріп, алдағы атқаратын жұмыстарды атап өтті.   

Семинар жұмысы секциялық жұмыстармен жалғасын тапты. Бірінші секцияда жобалармен жұмыс жасау түсіндірілсе, екінші секцияда атқарған жұмыстарды ақпараттандыру жолдары яғни БАҚ-пен өзара іс-қимыл жасау жұмыстары түсіндірілді.

Семинардың екінші күні семинар қатысушыларына арналған  "Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" арнайы жобасына Жамбыл облысынан енген жерлерге экскурсия жұмысымен жалғасты (Көне Тараз қалашығы, Қарахан кесенесі, Айшабибі, Бабаджа хатун кесенелері т.б.)

Экскурциядан кейін семинар қатысушылары "Төрткүл" керуен сарайында жиналды. Этно ауылда қатысушыларға түскі ас беріліп, түскі астан соң қатысушыларда Данияр Өмірбеков («SANA» оқыту орталығының коучері) көшбасшылық қабілет, ұжымдық жұмыс, жетістікке жету жолдары бойынша, Айгүл Разакова («Айналайын» қоғамдық бірлестігінің төрайымы) ұлттық салт-дәстүрді ұстану бойынша тренинг жүргізді. Тренингтен кейін семинар қатысушылары арасында қазақи ұлттық ойындардан жарыстар өткізілді. Атап айтсақ асық ату, садақ ату, ләңгі тебу секілді. Екі күндік семинарды жобалық офис басшысы Серікбол Берікқожа қорытындылап қатысушыларды алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапаттады. Семинар нәтижесінде алдағы уақытта облысымызда "Рухани жаңғыру"  бағдарламасы аясында өткізілген іс шарада бағдарлама мағынасы кеңінен ашылып, әрбір қазақстандықтың жүрегіне жетеді деп сенеміз.

 

 

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына Жамбыл облысынан енген нысан

Тектұрмас архитектуралық кешені

 

Талас өзенінің жағасына, Тараз қаласының оңтүстік-шығыс бөлігіне, айнала ортадағы биік төбеге салынған ежелгі қаситетті орын. Тектұрмас қасиетті сұлтан Махмуд хан жерленген жер деп саналады. Кешен негізі VІІІ-XI ғасырда, Ислам діні енгенге дейін қалана бастады. Ислам дәуірінде салынған кесененің өзі 1935 жылы қиратылған.

 Қазіргі оның орнына ортағасырлық үлгідегі жаңа кесене салынып, қалпына келтірілді. Дәл қасында қазақстың Ұлы батыры Мәмбет батырдың моласы үстіне соғылған кесене бар. Кесене орналасқан төбеден төменде жатқан Тараз қаласының бар көрнісі жақсы көрінеді. Іргеде ағып жатқан, көне қалаға аты берілген Талас өзені адам әсерін күшейте түседі. Осы жерде Х-ХІІІ ғасырларда керуеннің өтуін жүзеге асыратын тас көпір болған. Сәулеттік кешен, сондай-ақ зиярат ету орны болап та табылады.

 

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына Жамбыл облысынан енген нысан

Мерке-Жайсан түркі ғұрыптық кешені

 

Меркі-Жайсан түрік ғибадатханасы – ерте ортағасырлық түркілердің Меркі-Шу аудандарында орналасқан мәдени-ғұрыптық кешені. Бұл аймақтағы кешенді ескерткіштер тобын  жерлеу орындары – қорғандар, қорғандардың маңында кездесетін ғұрыптық қоршаулар, балбал тастар, жартастардағы суреттер мен руникалық таңбалар және қойтастарда кездесетін ойма жазулар құрайды. Ғұрыптық қоршаулардың әрқайсысының орта тұсында жарым-жартылай сындырылған, беттері шығысқа қаратылған балбалдармен стелалар орнатылған. Тас мүсіннің мойнында ірі тастардан алқа бейнеленген, сонымен қатар сырт киімінің жағасы мен кең келген жеңі, шығыс үлгісінде малдас құрып отырған бейнесі салынған. Оң қолында кубок үлгісіндегі ыдыс көрсетілген.

Меркі-Жайсан ғұрыптық тобын – жерлеу орындары – қорғандар, қорғандардың маңында кездесетін ғұрыптық қоршаулар, тас мүсіндер, балбал тастар, жартастардағы суреттер мен рулық таңбалар және қойтастарда кездесетін ойма жазулар құрайды.

Тас мүсіндер таулы өлкелердің жазық алаңдарында, өзен-судың (Талас, Шу өзендері) бойында кездеседі. Тау мен су көшпелі қауым үшін қасиетті ұғымды білдірді, сонымен қатар, тау баурайында мүсін жасауға тау-тас керек болады. Расында да, зерттеу жұмысымыздың барысында, ғұрыптық кешендер негізінен тау не¬месе шатқал баурайында,  өзен немесе терең арық бойында, ат шаптырып, ас беруге қолайлы жазық алаңқайда орналасатындығын аңғаруға болады.

Түрік қағандығы кезінде орнатылған ескерткіштер тас шарбақтар мен  тас мүсіндерден тұрады. Түрік дәуірінің көшпелі қауым өкілдері өздерінің байырғы ата-бабаларының жатқан жерін білуі, ата-бабалары жатқан жерге өздерінің де жерленуін қалауынан жинақталған. Жоғарыда атап өтілгендей, табиғаттың тамаша жер¬лері қасиетті ретінде балануынан бөлек, аруақтар мекені болғандықтан да ғұрыптық кешен орналасқан жердің киелі орын ретінде ұлықталуы заңды құбылыс.

Тас мүсін¬дер қашан да болсын таулы бұйраттардың шығысқа қарай көсіліп жатқан жазық алаңында немесе өзен аңғарларының тау жақ етегінде кездеседі. Мұндай алаңдар ежелгі мал өсіруші тайпалардың қызықтап әуестеген жерлері болған. Халықтың ұлы мерекесі, өлген адамына ас беру, ат шаптыру, балуан күрестіру қашан да сондай жазық алаңда өткізілетін болған. Сондықтан, ондай жерлер халық аңызынан белгілі орын алып, ел есінде сақталатын, тарихи – шарбақ тас, мүсін тастар тұрғызылып отырған.

Әлкей Марғұланның айтуынша,  түрік дәуірінен қалған тас мүсіндердің ерекшелігі, олар қашанда әскери қарулармен (қылыш, қанжар, жорық белбеу), құты сауытпен бірге суреттеліп отырады. Қолбасы алыптар не батырлар құты сауытын әдетте оң қолымен көтеріп, сол қолымен белбеуіне сүйеніп не қылыштың сабын ұстап тұрады. Хан, бек, биге арнаған мүсіндерді шеберліктің бір талай жоғарғы сатысына жеткізіп, олардың айбынды, байсалды сазығыр түрін жақсылап келтірген. Оларға тән ерекшелік басындағы алтын айдары, құлағындағы сырғасы, қолын¬дағы аса таяғы, беліндегі кісесі. Көне дәуірдің безеушілері бұл айтқан тәптіштерді аса қадағалап, көңіл күйінің шалқуымен келістіре безеген.

 

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына Жамбыл облысынан енген нысан

Қарахан кесенесі

 

Қарахан кесенесі Тараз қаласының орталығында орналасқан. Ортағасырлық рабад аумағындағы діни-мемориалдық кешенге кіреді. Кесене Қараханидтер әулетінің көрнекті тұлғасының бірі – Шах Махмуд Қараханға арналып салынған. Кесенені салушы шебердің аты-жөні тарихта сақталмаған. Деректерге үңілсек, 1905 жылы оның құлаған бөлігі түгелдей бұзып алынып, орнына 1906 жылы жаңа кесене салынған. Жаңа құрылысты сол кездегі Ташкент ишаны Саид Бакханов қаржыландырған. Куәгерлердің айтуынша кейінгі салынған кесене алғашқысына ұқсамайды.

- Қарахан кесенесі оғыз-қыпшақ дәуіріне жататын тарихи ескерткіш болып саналады. 
- 1902 жылы Ресей империясындағы ең тамаша сәулет ескерткіші ретінде танылды.
- Кесене 30 түрлі кірпіштен салынған. 
- Бұл кесене «Жамбылдың жеті ғажайыбы» атты тізімге енеді.
- Республикалық Кеңестің шешімімен кесене 1982 жылы мемлекеттік қорғауға алынды. 
- Кесенені алғаш рет зерттеген орыс ғалымы, өнертанушы Борис Денике болатын. Кесене туралы мәліметті «Архитектурный орнамент Средней Азии» атты еңбегіне енгізді. 
- Тараз қаласы 1836-1936 жылдары осы кесененің құрметіне Әулие ата деп аталды.

 

 

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына Жамбыл облысынан енген нысан

Ежелгі Тараз қалашығы

Ұлы Жібек жолында орналасқан Тараз қаласы (Талас)- б.д.д 40-36 жылдары тарихи-мәдени орталықтардың бірі болып қалыптасқан. Қала алғаш рет Византия деректерінде 568 жылдары қалыптасқан деп көрсетілген. Ал 630 жылдары осы өңірге саяхаттап келген Қытай саяхатшысы Сюань-Цзянь: «Тараздың аумағы 8-9 ли. Бұл қалада көптеген елдердің саудагерлері аялдап, түрліше заттар əкеліп сатады» деп жазған. Араб саяхатшысы Ибн Хаукальда қаланы дəл осылай: «Тараз – мұсылмандардың түріктермен сауда жасайтын қаласы» деп суреттейді. Ал, араб тарихшысы әл-Макдиси болса: «Тараз – бақтары мол, тұрғындары тығыз орналасқан үлкен қала» - деген мəліметтер қалдырады. Х ғасырдың ортасында Тараз қаласы Қараханидтер империясының ірі мәдени орталығы болды.

Көне Тараз қаласының тарихи орталығы 3 бөліктен тұрады: цитадель, шахристан және рабад.

Ежелгі Тараз қаласының аумағында XIX ғ. аяғынан бастап жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде қыштан жасалған су құбырлары, қоғамдық хамам-моншалар, мыс-қола теңгелер құятын орын, тас төселген көшелер және басқа да құрылыстар табылды.

 

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына Жамбыл облысынан енген нысан

Байзақ батыр кесенесі

Жамбыл облысының бұ­рын­ғы Михайловка ауданы бү­­гінде Байзақ батыр атымен ата­лады. Байзақ Мәмбетұлы – елі­міздің оңтүстік өңірінде Қоқан хан­дығына және Ресей импе­рия­сына қарсы ұлт-азаттық көте­рі­лісті ұйымдастырушы батыр ретінде тарихтан белгілі.  Ақы­ры ол Қоқан ханы Әлім­құл­дың бұйрығымен зеңбірек аузына байланып атылады. Ал батыр­дың шашылып кеткен дене­сінен қалған екі саусағы Талас өзенінің бойындағы Са­рыкемер ауылының маңына жерленеді. Бұл күнде батыр кесенесі Әулиеата өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштердің бірінен саналады. 

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасы 100 нысанының тізіміне аудан орталығы Сарыкемер ауылы маңындағы «Байзақ баба» кесенесі енгізілген болатын. Аталған кесене «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі бойында орналасқан. Енді тарихи нысан айналасы көріктендіріліп, абаттандырылатын болса, бұл болашақта туристердің келіп тамашалайтын қасиетті орнына айналатын болады. 

Жыл сайын кесенеге мектеп оқушылары мен аудан жастары келеді. Сонымен қатар мұнда ту­ристердің экскурсия­ларын ұйым­­дастыру, аудан көлеміндегі тарихи орындардың стенділерін және киелі жерлердің макеттерін дайындап, кесене маңына орналастыру, сондай-ақ түрлі қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастыру жоспарлануда. Ал бүгінгі таңда кәсіпкерлердің демеушілігімен «Байзақ баба» кесенесіне баратын жол салынып, су тартылып, көгалдандыру жұмысы қолға алынып, маңы­на кеспе тастар төселген. Сонымен қатар кесене маңын жа­рық­­­тандыру және айналасын қоршау жұмыстары жүргізілді. Келе­шекте бұл орын Әулиеата өңіріндегі Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелері секілді тарихи нысанға айналып жатса, өңір тарихына да тың беттер қосылмақ.

 

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына Жамбыл облысынан енген нысан

Бабаджа Хатун кесенесі

 

Бабаджа Хатун кесенесі (ХІ ғ.)

 Айша бибі кесенесінің маңына, биіктеу жерде орналасқан. Кесене өзінің композициясы мен құрылымы жағынан өте қарапайым да қатаң. Құрылыс күйдірілген кірпіштен салынған. Қабырғаларында сәндік безендірулер жоқ, бірақ сәулеттік құрылыстың жинақы әрі қарапайым ою-өрнектері үйлесім тапқан.Кесененің салыну тарихына және Бабаджа Хатунның өз басына байланысты құжаттық мәліметтер жоқтың қасы. Ескерткішке археологиялық қазба жұмысы жүргізілмеген.

Кесене күйдірілген кірпіштерден қаланып тұрғызылған. Оның күмбезінен басқа бөліктері жақсы сақталған. Күмбездің тек қырлы барабаны мен қырлы шатыр жабуының бөліктері аман қалған. Күмбез 1979 жылы қалпына келтірілді. Ескерткіш жобасында онша үлкен емес, ішкі жақтарының ұзындығы 4,5 м болып келген шаршы тұрпатты құрылыс. Ол кезінде көп қырлы жұлдызды барабанға тіркелген ішкі жағы бүрмелі, сырлы қырлы шатыр күмбезбен жабылған. Құрылыстың архитектуралық келбетінің көріктілігі қарапайым тәсілмен іске асырылған.Онда терракотты ойма “насх” әдісімен жазылған мәтіннің бөлігі сақталған: Қасбетінде: «Бұл Бабаджа Хатун қабірі... Оны салушы» деген жазулар бөлігі сақталған. Шебердің аты-жөні сақталмаған. Эпитафияның бір бөлігі құрылысты салу барысында жоғалып кетсе керек. Кіретін жер – шығыс жағында. 
Кесененің көркемдік пен сымбаттылық беретін призмалық барабанға орналасқан 16 қырлы конус жабыны – Қазақстан күмбездерінің ішіндегі ең ерекшесі. 
Аңыз бойынша, кесене Айша арудың күтушісі болған, кейіннен бибісі өмірден өткен соң жас қабірдің өмір бойғы шырақшысы міндетін атқарған парыз адамы – Бабаджа Хатунның жер бесігі үстіне орнатылған.

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына Жамбыл облысынан енген нысан

Ақыртас кешені


(VІІІ – XІV ғ.ғ.)

Ақыртас құрылысы туралы алғашқы мәліметтермен әлем тарихшылары сүйенетін басты дерек көздері қытай қолжазбаларында кездеседі. 13 ғасырдың басында Чин-Чунеленің Ақыртас туралы мәліметінде: “Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады” деп жазады.
1864 жылы М.С.Знаменский алғаш салған суреті сол кезеңдегі құрылыстың толық келбетін, тау етегіндегі жазық жердің төсінде шашылып жатқан тас блоктарды және текшеленіп қаланған ірге тастардың жанындағы адамдарды тамаша кескіндеп берді. Міне содан бері жүз жылдан астам уақыт бойы Ақыртас құрылысының өткен тарихына, ғайып болған заманға саяхаттауға ғалымдардың, шетелдік мамандардың, әуесқой зерттеушілердің қызығушылығы толастаған емес. Ғылым академиясының алғашқы толқын зерттеушілері П.И.Лерх, В.В.Бартольд, А.Н.Бернштам, Т.Қ.Басеновтың ізденістері мен жаңалықтары, даналық тұжырымдары мен адасулары ғылыми ортаны осы уақытқа дейін толғандыруда.

Несториан немесе будда монастыры деген пікірлердің бет-бейнесін өзгертіп жоққа шығаратын 1996 жылғы зерттеулер барысындағы көп колонналы болып салынбақшы болған мешіт орнының табылуы, зерттеушілердің ізденістерін Ақыртас құрылысының шынайы келбетін ашып көрсететін мол тақырыппен байытты. Кең жазира киелі даламызға ислам дінінің 8 ғасырдың ортасынан бастап ене бастағанын негізге ала отырып, бұл құрылыстың сол дәуірдің туындысы екендігіне көз жеткізуге болатынын ғалымдарымыз растайды. 6-8 ғасырлардағы Тараз ыдыстарына тән қыш құмыралар сынығының Ақыртастан табылуы да құрылыстың салыну уақытын анықтауға жағдай тудырды.

Т.Қ.Басенов Ақыртас құрылысын 8-9 ғасырлардағы қамал-сарай деген болатын. Жоқ бұл ежелгі Касрибас қаласы, енді біреулері бұл керуен-сарай деп болжам айтқандар да болды. Академик К.М.Байпақов болса Ақыртасты 8 ғасырдың ортасындағы қарлұқ билеушілерінің резиденциясы деген тоқтамға келіп отыр.

Бұл құпиясы мол алып құрылысты сумен қамтамасыз ету үшін 3-4 шақырым қашықтықта орналасқан тау шатқалындағы бұлақтардан, ұзындығы 50-60 см болатын қыш-құбырлар тізбегі тартылған. Осы күрделі жүйе арқылы аққан су хауздарға, тұрғын үйлерге жеткізілген. Көлемі 162-138,5 шаршы метр болатын құрылысқа қажетті өңделген тастар жанындағы биіктерге шығарылып, сол жерден керегінше алынып отырған.

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына Жамбыл облысынан енген нысан

Айша бибі кесенесі

Кесене ХІ-XII ғасырлардағы сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Жамбыл облысы Жамбыл ауданында Айша бибі ауылында орналасқан. Айша бибі кесенесі — ХІ-XII ғасырлардағы сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Жамбыл облысы Жамбыл ауданында Айша бибі ауылында орналасқан. Сырты керамикалық плиталармен қаланып, ойып жасалған өрнектің сән-салтанаты мен сан түрлілігі жағынан Қазақстандағы басқа мемориалдық-дәстүрлік ескерткіштер ішінде оған тең келетіні жоқ. Ескерткішті қалаған кірпіштердің әртүрлілігінің өзі таң қалдырады. Оның алғашқы қалпы біздің уақытымызға дейін тек батыс қабырғасында сақталған.                  Қалпына келтіру үшін, «Қазақ жобалау-қалпына келтіру» РМК институты Айша бибі кесенесін қалпына келтіру жұмысының жобасын жасап, Тараздағы шеберхана ескерткішті қалпына келтірді. Қайта қалпына келтіру жұмыстары 2001–2004 жылдар аралығында жүргізілді. Кесене кейіпін келтіру үшін Түркістан филиалының қайта жасаушы шеберлері үш жыл бойы ескі технологиялы пештерді қолдану арқылы 72 түрлі белгі салынған плиткалар дайындады. Сондай-ақ кесене фундаментін қатайту қабырғаларын көтеріп алғашқы кейпіне келтіру күмбездің ішкі және сыртқы желкендерін жөндеу секілді қиын жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ электр жарығын тартып кесене аймағы қоршалды, яғни осылайша кесене қайта қалпына келтірілді. Айша бибі кесенесі республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған.



 

1 бет. Барлығы: 2