"Aldaspan-Info" ақпараттық агенттігі

Басты бет / Қоғам / Алғыс айту күні! Рахмет саған, туған ел!

Алғыс айту күні! Рахмет саған, туған ел!

1 наурыз – Алғыс айту күнін көптеген ұлт өкілдері біте қайнасып, татулықты ту еткен Қордай жерінде ерекше ілтипатпен атап өтіп келеді. Кеше аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік шара соның айғағы. Қазақ халқының даласындай дархан көңілі мен пейілі негіз болған мерекенің мәйегі турасында сөз болды осы күні.

Алдымен Мәдениет үйінің екінші қабатында этномәдени орталықтардың көрмесі көпшілікке ұсынылды. Онда ұлттық тағамдарға толы дастархан мен ұлттық киім киген азаматтар ән айтып, би билеп, қонақтарды риясыз көңілмен қарсы алды. Одан кейін үлкен сахнада «Ризамын саған туған ел» атты салтанатты шара бастау алды. Экраннан этномәдени орталық жетекшілері мен өкілдерінің қазақ халқына алғыс айтуы және мерекемен құттықтауы беріліп, одан кейін сахнаға көтерілген аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов аудан басшысы Болатбек Байтөленің ыстық сәлемі мен құттықтауын жеткізді.

«Бұл күн – тарихтан өзіндік орын алған зорлық-зомбылық, қуғын-сүргiн оқиғаларының нәтижесiнде Қазақстанға қоныс аударылған түрлi ұлттың миллиондаған өкiлдерiн құшақ жая қарсы алған қазақ халқына деген шексiз ризашылығы, сондай-ақ, еліміздегі барлық азаматтарының бiр-бiрiне деген сыйластығы мен ынтымағының, ортақ тарихымызды құрметтеу, өзара көмек пен қолдау күнi. Әр адам жақсылығы үшін алғыс алып, өзіне көрсетілген көмек, демеу үшін рақмет-ризашылығын білдіретін күн. Бүгінде бірлігі бекем, татулығы тұрақты ауданымызда түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Оның жарқын көрінісін ауданымыздың жыл өткен сайын дамуға бет алып, халықтың әл-ауқатының артқандығынан байқауға болады. Ауданымыздың әрбір жеткен жетістігі сіз бен біздің берекелі бірлігімізде ағайын», – делінген құттықтауда.

Сонымен қатар, халық қалаулылары атынан аудандық мәслихат депутаты Қарлығаш Қыпшақбаева да мерейлі мерекемен көпшілікті құттықтады. Осыдан кейін «Славян» этномәдени орталығының жетекшісі Любовь Харченко, әзірбайжан әтномәдени орталығының жетекшісі Аджихан Абдуллаев және «Қазақ» этномәдени орталығының жетекшісі Шынар Саурықовалар жиналған қауымды құттықтап, Қазақстан халқына алғыстарын айтты.

Ауданның барша өнерпаздарының басын құраған концерттік бағдарлама барысында ауданымызда қоныстанған түрлі ұлт өкілдерінің әндері шырқалып, билері биленді. Концерт еліміздің екінші әнұранындай болып кеткен «Атамекен» әнімен аяқталды.

joomla 3.5