"Aldaspan-Info" ақпараттық агенттігі

Басты бет / Қоғам / Алғыс күніне орай Кәсіпкер мұқтаждарға үй салып берді

Алғыс күніне орай Кәсіпкер мұқтаждарға үй салып берді

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Туған жерге туыңды тік» акциясы мейірімді, атымтай жомарт жандарды туған жеріне деген ыстық ықыласын білдіруге шақырады. Осы бағдарлама аясында ауданымызда белгілі кәсіпкер, Қордай ауданының Құрметті азаматы Сәрсебек Салыбаев көмекке зәру, тұрмыс жағдайы төмен 3 отбасыға арнап үшпәтерлі үй салып берді.

Өз кәсібін дөңгелетіп, жомарттығымен танылған Сәрсебек Сұлтанәліұлының игі істерін газет беттеріне жазып жүрген едік. Қайырымдылық істе алдына жан салмайтын кәсіпкер осыған дейін бірнеше отбасыға баспана салып, үй кілтін табыстаған болатын. Міне, кәсіпкер бұнымен тоқтамай, алғыс күнінде 3 отбасыға үй кілтін салтанатты түрде табыс етті. Қуанышты сәтке куә болып, үй иелерін құттықтау үшін аудан әкімі Болатбек Байтөле бастаған басшылық келді. Баршасы ақжарма сөздерін айтып, жаңа үйде тек қуаныш болсын деп тіледі.

«Сәрсебек Сұлтанәліұлы қайрымыдылық шаралардың алдыңғы қатарында көрініп жүрген азаматтарды бірі. 2017 жылдан бастап ауданның барша азаматтарына үлгі боларлықтай ізгі іс жасап, 2017 жылы 5 отбасының баспаналы болуына өз септігін тигізсе, міне бүгін тағы 3 отбасы баспаналы болғалы отыр. Сізге осындай игі бастамаңыз үшін алғыс білдеміз, отбасыңыз амандық, деніңізге саулық, жұмысыңызға табыс тілеймін. Ал, тұрғын үй иелері! қоныстарыңыз құтты болсын! Үйлеріңіз тек қана жақсылыққа толы болсын», – деді аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Біржан Әбдікерімұлы Әлімбет өз сөзінде.

«ССС» сауда кешінінде даяршы болып жұмыс істейтін Гүлмира Добай жалғыз өзі екі баласын өсіріп келеді. Әрине, жалғыз басты ананың аңсаған бір арманы – баспаналы болу еді. Бүгін, алғыс айту күнінде бұл арманы орындалып, жаңа үйдің иесі атанды.

Тағы бір жалғыз басты ана Раяна Бектұрова аудандық аурухананың перзнетхана бөлімінде медбике болып қызмет етеді. Екі қызды аялап өсіріп жүрген медбикенің қуанышында шек жоқ.

«ССС» сауда кешенінде қызмет ететін Әуелбек Балбек та осы күні баспаналы болды. Әкесінен ерте айырылған Әуелбек Балбек қызметін адал істеп, өз табандылығымен өзгеге үлгі болып жүрген жан. Бұны бағалай білген Сәрсебек Салыбаев жастың болашағына алаңдап, қамқорлық көрсетіп, баспана сыйлады.

Баспаналы болғандар өз қуанышына ортақ болып келген барша азаматтарға және ерекше түрде Сәрсебек Сұлтанәліұлына үлкен алғысын айтып, қуаныштарын жасырмады. Өз кезегінде кәсіпкер қайырлы істерді жасауда аянбау керектігін айтып, өзге де қалталы азаматтарды игі істер жасауға шақырды.

«Мен Сәрсебек ағамызға үлкен алғысымды білдіремін. Перзентханада жұмыс істегеніме 25 жыл болды. Екі балам бар. Әрине, баспаналы болуды көптен армандаған едім. Бүгін осы арманым орындалды, өте қуаныштымын», – деді Раяна Бектұрова.

Айта кететіні үй ішінде тұрмыс жағдайы жасалынған, еш алаңдаусыз қолайлы өмір сүруге барлық мүмкіндік бар. Үйлерге көгілдір отын кіргізіліп, тіпті жуынатын бөлмеге дейін бар Сәрсебек Салыбаев қайырымдылық көрсетіп қана қоймай, көптеген тұрғындарды жұмыспен қамтып жатқан кәсіпкер. Оның қайрымдылық жолындағы үлгісін аудандағы жомарт жүректі жандар да қолдайсын деп тілейміз.

Еркін Қатбеков

joomla 3.5