"Aldaspan-Info" ақпараттық агенттігі

Басты бет / Экономика

Экономика

Әлемді өзгерткен Amazon

Бұл мақалада Amazon-ның кітап сатудан бастап ғарышты игеруіне дейінге тарихын қысқаша баяндаймыз. Amazon тарихы кітап сатудан басталып, бүгінде өз иесіне секундына 2400 доллар пайда әкеледі. 1964 жылы АҚШ-тың Нью-Мексико штатында Джефф есімді сәби дүниеге келген кезде, ол әлемдегі 200 миллиард доллардан астам байлығы бар алғашқы адам болады деп ешкім ойламаған шығар. Ол 1994 жылы Amazon компаниясын құрды, компания бүгінде әлемдегі ең бай компаниялардың бірі болып табылады. Джефф Безос өзінің бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін тұрақты жұмысынан кетеді және әйелімен бірге жаңа стартап құру үшін жұмыс істейді.

 

Джефф электроинженерия және информатика саласында жоғары білім алды. Джефф Безосқа кез-келген өнімді сатуға арналған дүкен ашу идеясы келді. Оны жүзеге асыруда шектеулі бюджет, нарықты жақсы түсінудің болмауы және инвесторлардың жоқтығы сияқты кедергілер пайда болды. Бірінші аптада банктік проблемаларға тап болмас үшін, Безос бизнесті қарапайым жолмен бастауға шешім қабылдады. Интернет арқылы жақсы сатылатын тауарлар 20 топқа бөлді. Оған компьютерлік бағдарламалар, фильмдер, музыка, кеңсе жабдықтары және басқа да өнімдер кірді. Бірақ негізгі өнім ретінде кітаптар жақсы сатылды. Олар жеңіл және оңай жеткізілетін еді. Әрі интернеттегі таңдау әдеттегі кітап дүкеніне қарағанда көп болды. Джефф кітап оқығанды ұнататын және жақсы кітап табу оңай емес екенін жақсы білетін. Осы себепті интернет дүкенге ең жақсы кітаптарды жинақтады. Ол кітаптарды оңай табуға ғана емес, сонымен қатар әдемі ораммен жетуіне де көп көңіл бөлді. 

Amazon-ның барлық дерлік кірісі компанияны дамытуға жұмсалды. "Біз біріншіміз немесе ұтылдық" қағидасын ұстанды. Бұл қағиданы кейінірек Google, Facebook сияқты компанияларда ұстанды. Джефф тек компьютер инженері ғана емес, сонымен қатар жақсы маркетолог болды. Ол өзінің алғашқы бизнесін орта мектепте оқып жүргенде бастаған. Жас жігіт студенттер үшін үйде ақылы сыра дүкенін ашып, одан жақсы ақша тапқан. Ерте жастан бастап клиенттердің психологиясына қызығушылық танытқан. Безос Amazon арқылы кітап сатып алған адамдардан: "Интернетте тағы не сатып алғыңыз келеді?"- деп сұрады. Жауаптарға қарап, жаңа өнімдер интернет-дүкеннің сөрелерінде бірінен соң бірі пайда бола бастады. Алғашқы қосылған тауарлардың ішінде дәретхана қағазы, балалар жаялықтары болды. Содан кейін Джефф дүкенді бейне ойындармен, ойыншықтармен, жиһаздармен, киіммен және басқа тауарлармен толтыра бастады.

Бизнестегі атауды таңдау брендтің болашағын анықтайды. Компания бастапқыда 1994 жылы Сиэтлде Cadaver деген атпен кітап сатуды бастады. Бірақ бәрі ойдағыдай болмады: бұл сөз айтқан кезде cadaver (өлі дене) деген мағынаны еске түсірді. Екінші нұсқа Relentless (аяусыз) болды, бірақ кәсіпкердің достары бұл атау да өте сәтсіз екенін айтты. Relentless.com почта мекенжайы әлі де Безоқа тіркелген, егер сіз осы мекенжайды терсеңіз Amazon.com сайтына бағытталасыз. Ең жақсы атауды табуға үміттенген Джефф Оксфорд сөздігін қарап, "Амазонка"сөзіне тап болады. Бұл әлемдегі ең үлкен өзен (Безос өз дүкенін әлемдегі ең үлкен етіп жасағысы келген), сонымен қатар "А" әрпінен басталады (ол кезде Google жоқ еді және пайдаланушылар интернеттегі каталогтар арқылы жаңа сайттарды іздейтін). Amazon.com 1994 жылы қарашада тіркелді және 1995 жылы желіде пайда болды. Компанияның логотипі де ерекше мәнге ие: Amazon белгісінің астындағы индикатор белгішесі "А" - дан "z" - ге жылжиды. Латын әліпбиіндегі соңғы әріп - "z".Бұл дүкенде барлық тауарлардың бар екенін білдіреді.

Джефф сонымен қатар 2000 жылы Blue Origin ғарыштық туризм компаниясын құрды. Ол осы компанияның ғарыш кемесімен 2021 жылы 20 шілдеде ғарышқа шықты. Джеффтің де басты мақсаттарының бірі миллиардерлер Ричард Бренсон мен Илон Маск сияқты ғарыштық туризмді жолға қою.

 

Аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қолға алынған облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасын іске асыру бойынша жұмыстар қазір қарқын алған. Өңір бойынша таңдалып алынған он ауылдың ішінде Қордай ауданынан құрамына екі елді мекен кіретін Жамбыл ауылдық округі еніп отырғаны және жуырда ғана сол округке облыс әкімінің өзі келіп, жобаның жайын тәптіштеп түсіндіріп бергені жайында өткен жолы жазған болатынбыз. Бүгінгі таңда қос ауылда қолға алынған тірлік турасында аудандық газет тілшілері арнайы барып білгенді жөн көрген едік.

Үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы (пайлық) жерлерді тиімді пайдалану, үй ауласында мал және құс өнімділігін арттыру, қосалқы шаруашылықтарды жемісті жүргізуге қолбайлау мәселелерді кооперативтер арқылы шешу және ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыруды қолға алуға бағытталған жобаның ауқымы кең. Бес бағыт бойынша жалпы құны 7,2 миллиард теңге көлемінде 31 мыңнан астам жобаны іске асыру мүмкіндігі анықталып отырғандығы туралы осыған дейін айтылған да болатын. Аймақ басшысының Жамбыл ауылдық округіне сапары барысында Үкімет жобаның бюджетін мақұлдағаны белгілі болып, қуанышты хабар тұрғындармен кездесуде айтылған еді. Ендігі кезекте, сөзден іске көшіп, жобаны іске асыру үшін жатпай-тұрмай жұмыс жасау қажет.

Жамбыл мен Жаңатұрмыс ауылдарында қазір жаңаша леп байқалады, ағайынның көңіл күйі де көтеріңкі. Ауыл тұрғындары үшін таңсық емес бау-бақшаның тиімділігін еселеуде жылыжайлардың, мал шаруашылығын көтеруде кооперативтердің маңыздылығын мұнда жақсы түсінген сияқты. Сондай-ақ, ол үшін сапалы тұқым, көшет, тыңайтқыштарды тауып, жеткізіп беру, тіпті тапшы техника мен қажетті мамандармен қамту мәселесі де оңынан шешімін табатынын естіген жұртшылық құжаттарын дайындауды мықтап қолға алған. Бүгінгі таңда ауылдық әкімдікте тұрғындардың өз жобаларын ұсынуы үшін халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары күнделікті құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп, барлық шаруасын сол орыннан тындырып отырса, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімінің мамандары бизнес жоспар құруға, соған қажетті құжаттарды дайындау-ды сүйемелдеп, кеңес беруде. Сонымен қатар, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын қолға аламын, дамытамын деген тұрғындарға кеңес беру, құжаттарын рәсімдеп, жобаға енуіне ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары кеңесін аямауда. Өзге бөлімдер мен мекемелер де округте жобаның тиісті деңгейде жүзеге асуына барынша қолдау көрсетіп жатыр. Ал, дайындалған құжаттар сол маңда инвестициялық жобалардың арнайы база  сына  тіркеуде. Енді осы құжат жайына кеңінен тоқтала кетсек. Арнайы жұмыс алгоритмі бекітіліп, соның аясында аудандық әкімдіктің ұйымдастыруымен бірнеше жұмысшы топ құрылып, әр бағытта жұмыс жүргізудің нәтижесінде тұрғындар құжаттарын ретке келтіру үшін қомақты істер атқарылған. Мәселен, олар әр ауланы бірнеше рет аралап, алдымен үй құжаттарын ретке келтіру жолдарын көрсетіп, сүйемелдеу жасап, соның арқасында тұрғындардың жобаға қатысуға мүмкіндіктері арта түскен. Жасыратыны жоқ, тексеру барысында 191 үйдің құжаты толық болмай шыққан. Осы орайда, арнайы құрылған жұмысшы топ үй құжатын толықтай рәсімдеуге сүйемелдеу жасап, заңдастырып алуына көп көмек берді. Бұрындары бұған қомақты қаражат жұмсалатын болса, осы қолдаулардың арқасында төлем екі есеге азайып, кейбір процедуралардың жылдам аяқталуы осы құрылған жұмысшы топтың атқарған ісінің оң нәтижесі деп түсінген абзал. Тағы бір айта кетерлік жайт, қосалқы шаруашылық жүргіземін деушілерге қосымша жер учаскелерін қарастыру, оны заңдастыру бойынша жұмыстарды сүйемелдеуді де сол жұмысшы топ мүшелері мойнына алған. Өйткені, бірқатар тұрғындардың үй маңында қосалқы шаруашылық жүргізуге жер учаскелері қалмаған, не болмаса басқа жақта жер учаскесі болғанымен оның құжаттары рәсімделмеген. Осы жұмыстардың барлығы заң аясында біртіндеп жөнге келуде. Жерге қатысты барлық мәселелер аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің қолдауымен шешімін тауып жатса, құжаттарды реттеуде құрылыс бөлімінің мамандары жүргізген консультациялар мен сүйемелдеулердің де жақсы нәтиже бергенін айтуға болады. Аудан әкімдігі тарапынан ұтымды ұйымдастырылған жұмыстың арқасында қазірдің өзінде 50 жоба «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау орталығына жіберілсе, 30 жоба өңдеу үстінде. Жобалары бойынша оң шешім шығатынына ауыл тұрғындарының үміті басым. Өйткені, құжаттары барлық талаптарға сай, қолға аламын деген жұмыстарының жоспары дұрыс. Осының барлығы жоғарыда аталған аудан әкімдігі тарапынан бекітілген арнайы жұмыс алгоритмінің жемісі. Бір қуантарлығы, тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар негізінен егін немесе мал шаруашылығы ғана емес, сонымен қатар өзге де бизнес түрлерін қамтыған. Мәселен, ауылда заман талабына сай сұлулық салонын жаңарту, көлік жөндеу орталықтары мен монша ашу сынды бизнес жобалар да несие алушылар базасына енгізілген.

Мәселен, ауыл сыртындағы жерлерді тиімді игеру, малдың жем-шөбін әзірлеу, техника тапшылығын шешу, сапалы тұқыммен қамту, өнімді өткізу секілді көптеген жұмыстармен айналысуды жоспарлап отырған «Бастау Жаңатұрмыс» кооперативінің ұжымы лизингіге ауыл шаруашылығы техникасын және сүт сақтайтын танкер алу үшін құжаттарын өткізіпті. Осы орайда кооператив жұмысын жандандыруға жоғарыда атап өткеніміздей құжаттарын рәсімдеу мен заңдастыру жұмыстарын сүйемелдеу, жан-жақты қолдау көрсету үшін құрылған жұмысшы топтың атқарған ісін алға тартқан жөн болар. Мәселен, құрылған кооператив мемлекет тарапынан берілетін қаржыдан бөлек, 2,5 пайызбен өзіне қажетті техникасын еркін алады және өндірген тауарын тиімді өткізу үшін де жан-жақты қолдау көрсетілетін болады, қажет болған жағдайда шаруашылық жүргізу үшін жер де қарастырырылады. Осы жобаның арқасында және аудан әкімдігінің қолдауымен «Бас-тау Жаңатұрмыс» кооперативінің жұмысы көп ұзамай жоғары өрлейтіндігінде күмән жоқ. 

- Екі ауыл тұрғындарымен бірге күнделікті жұмыстар жүргізіліп отыр. Пилоттық жобаға аудан бойынша біздің округтің енгеніне қуаныштымыз. Осыған дейін аудан әкімі Болатбек Байтөле бас болып бірнеше рет кездесулер өткізіп, жобаның бес бағыты бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бүгінгі таңда өздеріңіз байқағандай, жұмыс жаңа қарқын алған. Күні кеше Жамбыл ауылында тері өңдеумен айналысатын «Кәмшат-Әсел» ЖШС ұжымымен кездесіп, тұрғындардың тұрмысын тіктетуге таптырмас жоба туралы түсініктеме беріп, арнайы жиын өткіздік. Қазір ауыл халқы мұндағы басты мақсатты жақсы түсінген. Құжаттарын осында алып келіп, мамандармен кеңесіп, қосалқы шаруашылығымды дамытсам, өз кәсібімді ашсам деген ұсыныстарының жүзеге асуға болатындығына көздері жетуде. Құжаттарды рәсімдеуде үлкен көмек көрсетіп жатқан аудандық мекемелер мен бөлімдерге тұрғындардың алғысы шексіз, - дейді округ әкімі Айдар Бірімқұлов.

Алдымен, ауыл әкімі сөз еткен бес бағытқа тоқтала кетсек. Бірінші: мал шаруашылығы бойынша жобалар несилендіріледі. Онда отбасылық бордақылау алаңдарын, тауарлы сүт фермасын ашу, мал басын көбейту, айналым қаражатын арттыру және сүт сауу аппаратын алу. Екінші: егіншілік және өсімдік шаруашылығы. Оған негізгі құрал-жабдықтарды сатып алу және айналмалы қаражатты толықтыру, ауыл шаруашылығы, көкөніс-жемістерді, жеміс-жидек дақылдарын өсіру және жылыжай салу. Үшіншісі: ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру. Оның ішінде ет, сүт, егіншілік бағытындағы шаруашылықтар, ауыл шаруашылығы техникаларын алу. Төртінші: ауыл шаруашылығы техникалары мен қондырғыларды лизингіге алу. Бесінші: өз кәсібін ашу. Жобалар құпталған жағдайда жылдық пайыздық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен несие берілетін болады. Әрине, әр бағыттың өзіндік шарттары да бар.

Осы бес бағытқа бағдарланған ауыл тұрғындары құжаттарын өткізіп, қазіргі таңда дайындық шараларын бастап та кетіпті. Солар турасында айта кетсек. Үй іргесіндегі жерлеріне негізінен аскөк, сарымсақ, шалғам, картоп, қызынақ, қияр егуге машыққан ауыл тұрғындары осы несібелерін арттыруға ниетті. Жамбылдықтар аянбай тер төгіп, екі айналымда өнім алуға дайын екендіктерін айтуда. Мәселен, биылдың өзінде үй іргесіндегі аядай жерден екі айналмалы өнім алған Жамбыл ауылының тұрғыны Ұлбосын Байдуллаева наубайхана ашуға бел буып, құжаттарын өткізіп қойыпты. Жобасы мақұлданып жатса, ауылдастарын өз нанымен қамтымақ.

- Осыған дейін 15 бас ірі қараны бордақылауға үй жанында арнайы қора салған болатынмын. Қазір жобаның екінші бағыты, яғни мал шаруашылығын дамыту бойынша құжаттарымды өткізіп, қораны 30 басқа үлкейтіп қойдым. Құжаттарымды аудан орталығына немесе басқа жерлерге бармай-ақ осында рәсімдедім. Осы жұмыстарды ыңғайлы етіп ұйымдастырған аудан басшылығына алғысымыз шексіз. Әрине, сонымен қатар жобаның әлқиссасын біздің ауылымыздан бастаған облыс басшысына да зор ризашылығымызды білдіреміз. Бұл шынымен де ауылдағы ағайынның тұрмысын жақсартуға бағытталған үлкен қолдау деп білеміз, - дейді ауыл тұрғыны Сардар Бадалов.

Ал, биылдың өзінде үй жанындағы шағын ғана учаскесінен 3 тонна қызанақ алған Видави Махмудов енді мал шаруашылығын дамытуды қолға алмақшы. Ол 50 бас ірі қара алуға құжаттарын өткізіп қойған.

Жалпы, округ бойынша 1054 аула болса, жер көлемі 105 гектарды құрап отыр екен. Осының ішінде 216 аула мал шаруашылығын дамытуға ниеттенген көрінеді. Ал, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану үшін суармалы су мәселесі де жақын арада шешілмек. Қазіргі таңда ауылдардағы арықтардың ұзындығы мен өткізу мүмкіндіктерін арнайы мамандар есептеп, әр аулаға судың толыққанды жетуі үшін бірқатар жұмыстарды қолға алмақ.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», аталмыш округ тұрғындары 2,5 пайызбен әрі тиімді шарттармен берілетін несиеге қол жеткізуге асық. Олардың бірқатары осынау қолдау арқылы үй іргесіндегі жерінің игілігін көру жолында тер төгуге дайын болса, енді бірі мал шаруашылығы арқылы тұрмыс шырайын арттырмақ. Бұған дейін де шаруасын шалқытып келгендер өрісін одан әрі кеңейте түсуіне де мол мүмкіндік жасалып отыр. Аудандық газет қос ауылда қолға алынып жатқан көңілге қонымды тірліктер туралы мақалалар топтамасын алдағы уақытта назарларыңызға тағы ұсынатын болады.

Жандос ОМАРОВ

Жақында Сортөбе ауылдық округінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын дамыту аясында бірегей нысан – заманауи тігін цехы ашылды. Арнайы жұмыс киімін тігуді қолға алған кәсіпорын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Қазіргі таңда аталмыш кәсіпорында ауылдың 30 азаматы жұмыспен қамтылған. Нысанның ашылу салтанатына аудандық мәслихат депутаты Т.Апаева, Сортөбе ауылдық округі әкімінің орынбасары М.Гаров, дүнген этномәдени ұйымдарының өкілдері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

«Бүгін біз 30 адамды жұмыспен қамтитын тігін цехын ашып жатырмыз. Біз үшін бұл үлкен мейрам. Округте бизнесті дамыту ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, жұмыссыздық пен кедейлік деңгейін төмендетуге, салық түсімдерінің ұлғаюына оң әсерін тигізеді. Сонымен бірге, өндіріс басшылығы табысының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсауды ниет етіп отыр», – деді ауылдық округ әкімінің орынбасары М.Гаров.

Ал, келесі кезекте өз ойын ортаға салып, жерлестеріне сәттілік тілеген ауыл тұрғыны Вайнцзы Абдукерим мұндай бастамалардың ауыл үшін маңызы зор екенін алға тартты.

«Бұл көптен күткен қуанышты жағдай. Округ тұрғындарын осындай жарқын жаңалықпен құттықтаймын. Кәсіпкерлік дамып, ауылымыз көркейе берсін», – деді ол өз сөзінде.

«Тігін цехын ашу барысында біз ауылда қажетті мамандарды даярлайтын колледж филиалы бар екенін ескердік. Құрал-жабдықты сатып алу үшін 6 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Жұмысты қаңтар айынан бастауды жоспарлап отырмыз. Жұмысшыларға арнайы киім тігеміз. Жұмысымыз алға басса өндірісті кеңейтеміз», – деді кәсіпкер Исхар Харсан.

Іс-шара барысында ауылдың өзге азаматтары да ақжарма тілектерін арнап, жаңа кәсіпорынның ашылуына байланысты қуаныштарымен бөлісті. Ашылу салтанатынан кейін ұйымдастырушылар тарапынан мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы кең дастархан жайылып, Жаңа жыл мерекесіне орай 10 балаға тәтті сыйлықтар таратылды.

Елімізде халықты кәсіпкерлікке тартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар шапағатын сезініп жатқан жандар аз емес. Әсіресе, «Жастар жылына» орай түрлі қолдаулар қолға алынып, ел еңсесін тіктетуге бағытталған бағдарламалар өз жемісін беруде. Солардың бірі – арнайы ақшалай гранттар.

Қордай ауданындағы Әлжан ана ауылының тұрғыны Жазира Әділхан жұмыспен қамту орталығы арқылы оқып, 505 000 теңге көлемінде өтеусіз грант алған. Алған қаражатқа Жазира жолдасы Мадиярмен бірге пластик есік-терезе өндірісін қолға алған. «Мен жазда оқып, бизнес жоспар құрып, оны облыстық комиссия алдында қорғап шықтым. Біздің жоба үздік болып танылып, грант алдық», - дейді Жазира.

«Біз сияқты ісін жаңадан бастап келе жатқан кәсіпкерлер үшін бұл үлкен көмек. Мен 10 жылға жуық уақыт пластик есік-терезе жасайтын Қордай, Алматы, Астана қалаларындағы көп цехте жұмыс істедім. Бұл жұмысты жақсы білемін десем болады. Өз ісімді бастауға қаражат жетпейтін. Енді грант қаражатына дәнекерлеу, кесуге арналған білдектер, фрезалар алдық. Қол жұмысына арналған негізгі құрал-саймандарым бар. Қажетті материалды өзім сатып аламын, есік-терезені өзім өлшеймін. Бір айдың ішінде 4 тапсырыс түсті. Жұмысты сапалы түрде орындауға тырысамыз, өндірісті кеңейтуді жоспарлап отырмыз, тиісінше жұмыс орындары да артпақ», - дейді Жазираның жолдасы Мадияр. 

Ал, мемлекеттік бағдарламаның тағы бір қатысушысы Саят Башан грантты инновациялық жобаны дамытуға алған. Саят жазда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Жас кәсіпкер» бағдарламасын оқып, бизнес-жоспарын дайындаған. Байқау нәтижесінде Саятқа облыс бойынша инновациялық болып табылған жобаны дамытуға, яғни өңірде сирек кездесетін «романовская» тұқымды қойларын көбейтуге 1,5 млн. теңге көлемінде грант тағайындалған. Көбінесе Ресейде өсірілетін бұл тұқым жылына екі рет төлдеуге қабілетті. Сонымен қатар, бір мезгілде екі-үш қозы туылуы мүмкін. Яғни, бұл қойларды көбейту оңай. Мемлекеттен алған қаражатқа жас кәсіпкер 12 бас қой сатып алған. Әрқайсысы 130 000 теңгеден айналыпты. Ісін жаңадан бастаған кәсіпкер тез арада шығындарын өтеп, пайда көретініне сенімді.

«Қойларды Алматы облысынан алдық, жылына екі рет төлдегеннен басқа, бұл қойлардың жүні бағалы, әсіресе 5-6 айлық төлден қырқылған жүн жоғары бағаланады. Қойлар жылына үш рет қырқылады», - дейді Саят Башан. Жас, жігерлі кәсіпкерлер ұсынылған мүмкіндікті қалт жібермей, тәуекелге бел буып, істерін бастап кетті. Ал, істің нақты нәтижесі олардың еңбекқорлығы, табандылығы мен ептіліктеріне байланысты. 

Шынтуайтында ауылдық жердегі заманауи қасапхана жұмысының қараша халыққа берер пайдасы шаш етектен. Себебі, төрт түлік бағып, нәпақасын осы кәсіптен тапқан ауылдағы шаруа өндірген өнімін еш қиналмастан осында өткізіп, тірлігін тындырып жатады. Осының арқасында тұрғындардың аталмыш бағыттағы жұмысы айтарлықтай жеңілдеп, етті өткізу мәселесі біршама шешімін табады.

Екі жылға жуық уақыт Қордай ауылында табысты жұмыс істеп жатқан «Первомайские деликатесы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты қасапхананың әлеуеті жылдан жылға артып келеді. Толықтай заманауи және озық технологиялармен жабдықталған мал сою алаңында ірі қара мен ұсақ мал сою жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Бұл жерде сойылған мал толық циклді бастапқы өңдеуден өтіп, тұтынушыға жөнелтіледі. Айта кетерлігі, заманауи технологиялардың арқасында қалдықсыз өндіріс әдісі қолға алынған. Яғни, сойылған түліктің әр бөлшегі қажетке жаратылады. Ал, бұл іске қойылған талаптар өте қатаң. Қасапхана ішіндегі мінсіз тазалықтан бастап, малды бауыздау, оны бөлшектеу сынды жұмыстар халықаралық стандарттарға сай жүргізілуде. Сонымен қатар, ислам қағидаттары да сақталады, яғни бұл жерден шыққан ет «халал» стандартына сай келеді.

Негізінен Қазақстан бойынша өткізілетін ет, жақында шетелдерге де экспорттала бастады. Серіктестік ет экспорттаушы компаниялармен келісімшартқа отырып, мал еті Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері сынды Азия елдеріне жіберіледі.

- Біздің қасапханада айына шамамен 25 тонна ірі қара, 10-12 тонна ұсақ мал еті өндіріледі. Ал, бір ауысымда 80 бас ірі қара мен 300 бас ұсақ мал соятын мүмкіндігі бар. Еуропалық қондырғылардың көмегімен мал еті тапсырысқа сай, тұтас болмаса бөлшектеліп, вакуумдық қаптамаға оралып жіберіледі. Сонымен қатар, тапсырыс беруші мұздатылған және басқа да күйдегі етті талап ете алады. Қасапханада кез келген тапсырысты орындау мүмкіндіктері қарастырылған, – дейді бас инженер Александр Баханцов.

Әлемдік талаптарға сай салынған бұл нысан өңіріміздегі бірегей жоба саналады. Алдағы уақытта аудан, қала берді облыс әлеуетін арттыруға септігін тигізетініне үміт көп.

Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы "Өңірлік коммуникациялар қызметінің" ұйымдастыруымен «ЖАҢА МЕДИА ЖӘНЕ БОЛАШАҚ» атты медиа форум өтті.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған шараға елімізге танымал журналистер мен блогерлер қатысты.

Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ұйымдастыруымен"Ұлы дала рухы" фестивалі өтті.

Фестивалдің мақсаты Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласының негізінде Жамбыл облысының тұрғындарына арналған рухани-мәдени іс-шаралар топтамасын ұсынып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттап, құндылықтарымызды дәріптейтін көрмелер ұйымдастырылды. 

Ынтымақ пен бірлік мерекесі Жамбыл облысында да барынша салтанатпен аталып өтті, – деп хабарлайды “Zhambylnews” AA.

Президенттің бес әлеуметтік бастамасы халықтың тұрмыс жағдайын көтеруге бағытталған. Бұл елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар оптимистік жоба, – деп хабарлайды “Zhambylnews” AA Жамбыл арнасына сілтеме жасап.

1 бет. Барлығы: 2