"Aldaspan-Info" ақпараттық агенттігі

Басты бет / Руханият / Дін және жастар

Дін және жастар

Бүгінгі таңда діни экстремизм мен терроризм сөздерін естімеген адам аз шығар. Баспа немесе ғаламтор беттерінен шет елдердегі және Қазақстандағы діни ахуал, соның ішінде діни экстремизм мен терроризм тақырыптарына қатысты мәліметтер жетерлік. Бұл аталған мәселенің ғаламдық деңгейде орын алып отырғандығының белгісі.

Қазақстан әлем елдеріне көптеген конфессиялар мен ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүру мекені ретінде танылғаны рас. Дегенмен, діни экстремизм  мәселесі біздің елімізді де айналып өткен жоқ.

Тұрғындардың арасында, әсіресе жастардың өзгелерге еліктеуі, белгілі бір топтың мүшесі болуға деген ынтасы соқыр сенімге негізделген діншілдікке әкеледі. Мұндай соқыр сенім діни фундаментализмнің, сәйкесінше діни фанатизмнің алғышарттары болуда. Фундаменталисттік көңіл-күй экстремизмге апарар жол, өйткені экстремисттік пайымда өзінің ғана діни ұстанымы ең шынайы, ақиқат әрі таза деп ұғынылады. Сәйкесінше, өзге дін өкілдеріне төзімсіздік, қысым көрсету секілді көңіл-күй туындайды. Мұндай ұстаным өз сенімін, көзқарасын мейлінше кең тарату, қажет болса күштеп таңу әрекетіне саяды. Осы жағдайда, діни мотивтегі терроризм көрінісі мен оның өкінішіті салдары орын алуда.

Сол себепті, мұндай мәселені шешу ұлттың келбетін сақтаудың кепілі болмақ. Бір ұлттың діни ұстанымдар негізінде бөлінуі салдарынан тұтас мемлекеттердің тұрақтылығы шайқалғандығын тарих көрсетіп берді. Аталмыш мәселенің алдын алу кезек күттірмейтін шара. Бұл бағытта, заңдар қайта қаралып, толықтырылды, арнаулы орталықтар құрылды. Ақпараттық түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Алайда, діни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл діни сауаттылық екендігі даусыз. Діни сауатты болу үшін белгілі-бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ.

Қазақстанда қалыптасқан дінаралық келісім татулықты сақтау мен келер ұрпаққа жеткізуге өз үлесін қосар болса, өз кезегінде еркін әрі қызығушылықпен жинақталған білім мен тәжірибе өмір соқпақтарында сүрінбеудің кепілі.

 

 

Серікбол БЕРІКҚОЖА

Тараз қалалық мәслихатының депутаты,

заң ғылымдарының магистрі