"Aldaspan-Info" ақпараттық агенттігі

Басты бет / Саясат / Туризмді қалай түлетуге болады?

Туризмді қалай түлетуге болады?

Өңірдің туристік әлеуетін төрткүл дүниеге таныту мақсатында облыс орталығында бұрын-соңды болмаған «ANCIENT TARAZ-2017» халықаралық туристік форум-көрмесі өтті.

 

Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына қарасты «Тараз-Туризм» ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен және Қазақстан туристік қауымдастығының қолдауымен өткен шараға Қытай, Германия, Ресей, Түркия, Солтүстік Кипр, Корея, Малайзия, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Әзірбайжан, Тәжікстан елдерінен туризм саласына қатысы бар бизнес құрылымдарының, Мәдениет және спорт министрлігінің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, халықаралық туристік қауымдастықтардың, аймақтық басқармалардың 300-ден астам өкілі қатысты. Төрт күнге созылған «ANCIENT TARAZ-2017» халықаралық форумында жыл басынан бері атқарылған ауқымды шаралардың нәтижесі, қордаланған мәселелердің шешімі, облыстың туристік кластерін дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған жол картасының жобасы бойынша алдағы жоспарлар талқыланды. Жалпы, «ANCIENT» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «ежелгі» деген мағынада қолданылады.

Ежелгі Тараз шаһарында өткен осы ауқымды шараның алғашқы күнінде қонақүйлердің мәселесі қаузалды. «Жамбыл» қонақүй кешенінде отельерлер жиыны өтіп, онда Қазақстан қонақүйлері мен мейрамханалары қауымдастығының вице-президенті Наталья Сергеенкова, «Жамбыл» қонақүйінің директоры Марите Абилпатта отандық қонақүйлер нарығының бүгінгі ахуалы мен келешегі жайында баяндама жасап, қонақүй бизнесіндегі мәселелер, сервистік қызмет түрлерінің талаптарына қатысты ой-пікірін талқыға салды. Шараның екінші күні «Баласағұн» орталық концерт залында меймандарға Тараз қаласы бойынша экскурсиялық шолу ұйымдастырылды. Онда «Ұлы Жібек жолы» фестивалінің қатысушылары, Алматы, Шымкент, Қызылорда және Тараз қалаларының туристік компаниялары жамбылдық қолөнершілердің туындыларын, кәдесыйлар мен фотокөрмені тамашалады.

Түс ауа экологиялық туризмді дамыту принциптері мен стандарттары талқыланған шеберлік сыныптар ұйымдастырылды. Өз сөзінде аймақ басшысы туризм саласын дамыту мақсатында облыста атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды. Кәрім Нәсбекұлы аймақтағы тарихи-мәдени ескерткіштер саны 3 365-ті құрайтынын, 44 туристік фирма, 150 қонақүй, 1 киіз үй қалашығы, 8 демалыс аймағы, 10 балалар сауықтыру лагері, батпақпен және минералды сумен емдейтін 5 шипажайлық-курорттық сауықтыру орны жұмыс істейтінін, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізі бойында 8 сервистік кешен тұрғызылғанын, жоғары сапалы туризм индустриясын құру үшін «Қаралма» тау шаңғысы базасы, «Көксай» киіз үй қалашығы, «Тау Самалы», «Балқаш-Нұрсая», «Шәушен» секілді ірі инвестициялық жобалар әзірленгенін ерекше атап өтті.

joomla 3.5