"Aldaspan-Info" ақпараттық агенттігі

Басты бет / Саясат / Қордай ауданында асылдандыру жұмыстары қарқын алды

Қордай ауданында асылдандыру жұмыстары қарқын алды

Ауыл шаруашылығы жөнінен Қордай ауданы облыс бойынша көшбасшылардың бірі екені анық. Кейінгі жылдары мал шаруашылығын дамытуда, оның ішінде асылдандыруға үлкен ден қойылып отырғанының арқасында ет экспортына жаңа леп берілгені жасырын емес. Осы ретте шаруалар асыл тұқымды дамыту арқылы  малдың өнімділік және тұқымдық қасиеттерін жақсартудың бірден бір жолы екенін дәлелдеп келеді. 

Бұл тұрғыда  шаруашылықтарды асыл тұқымды бұқалармен және қошқарлармен қамтамасыз ету, селекциялық асылдандыру ісін жүргізу мен сүтті, етті малдың асыл тұқымды бұқасының ұрығын сатып алу шығындарын субсидиялау шаралары қарастырылған. Бұдан тыс шаруа қожалықтарында және ауыл шаруашылығы кооперативтерінде қой мен мүйізді ірі қара малының аналық басын қолдан ұрықтандыру жөніндегі қызметтер көрсетілуде. Атап өтетін жайт, тауарлы және жеке қосалқы шаруашылықтардағы мүйізді ірі қара малының және қойдың аналық басын тұқымдық түрлендіру әдісімен қамту үшін операторлар арқылы асыл тұқымды бұқалар мен қошқарларды жалға беру ауданымызда қолға алынды. Операторлық қызметпен «KazMeat Kordai» ЖШС айналысуда. Серіктестік Меркі ауданындағы «Талдыбұлақ» жауапкершілік шектеулі серіктестігінен 1500 бас асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырын, яғни бұқаларды сатып алған. Қазірдің өзінде шаруашылықтарға 600 бас асыл тұқымды бұқа таратылып берілген. Ірі қараны асылдандыруға ниетті шаруалар оператордан келісімшарт арқылы бірнеше айға бұқаларды алуына болады. Ол үшін  «KazMeat Kordai» ЖШС-мен жоғарыда айтып өткеніміздей, келісімге отыру қажет. Тауарлы шаруашылықтарға өндіргіш бұқаларды пайдалану арқылы 2018 жылы тұқымдық түрлендіру үдерісіне қатысқан мал саны 7560 аналық басты құрап, жоспар толығымен орындалған. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің хабарлауынша бұл жұмыстар ауданда жалғасын тауып, мал басын асылдандыру жұмыстары қарқын ала түспек.

Ауыл шаруашылығы басты саласының бірі – мал шаруашылығының дамуына мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп жатқанының бұл бір айғағы. Бүгінгі күні аудан бойынша мал шаруашылығы тұрақты дамуда, етті ірі қара мал бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Малдың санын көбейту, тұқымын асылдандыру жұмыстары жүзеге асуда. Мал шаруашылығымен айналысу олардың санын асылдандырғанда ғана тиімді болатындығы бүгінгі күннің шындығы. Сол жұмыстардың қарқынды жүруі осы күні нақты көрініске енген. Аудан көлеміндегі шаруашылықтардың көбі заманның ағымын түсініп, мал басын асылдандыруға ниетті екені анық.

joomla 3.5