“Ауыл” партиясы Жамбыл облыстық "Ауыл жастары" жастар қанаты мүшелеріне партиялық билет табысталды.
Жамбыл облысында “Ауыл” партиясы өңірлік филиалының кезекті конференциясы ұйымдастырылып, маңызды шешімдер қабылданды. Аталған жиынға партия мүшелері, өңірдің белсенді азаматтары мен жастар қанатының өкілдері қатысып, ұйымның алдағы даму бағыттары кеңінен талқыланды. Конференция барысында күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қаралып, өңірлік филиалдың жаңа төрағасы ресми түрде тағайындалды. Жаңа басшының алдағы уақытта партияның өңірдегі жұмысын жандандырып, оның ықпалын арттыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асыратыны атап өтілді.
Жиын аясында партияның жастар саясатына ерекше көңіл бөлініп, “Жастар қанатының” жаңа мүшелеріне салтанатты түрде партиялық билеттер табысталды. Бұл – жас буынның қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына жол ашатын маңызды қадамдардың бірі.
Партиялық билеттерді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Саурықов Ерболат Байұзақұлы табыстап, жастарға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде ел болашағы жастардың қолында екенін атап өтіп, олардың білімді, жауапты әрі белсенді болуы қоғам дамуының басты кепілі екенін жеткізді.
Сонымен қатар, конференция барысында партияның өңірдегі атқарған жұмыстары сараланып, алдағы кезеңге арналған нақты жоспарлар айқындалды. Ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, жастарды қолдау және өңірлік мәселелерді шешу бағыттары басты назарда болды.
Қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды. Бұл өз кезегінде партия жұмысының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Аталған конференция “Ауыл” партиясының өңірдегі қызметін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды алаңға айналып, ұйымның алдағы жұмысына серпін берді.

Бүгін “Ауыл” партиясы Жамбыл облыстық өңірлік филиалының жаңа төрағасы тағайындалды.
Партия филиалының төрағасы қызметіне Құрманбекова Слушаш Сатбекқызы тағайындалды.
Құрманбекова Слушаш Сатбекқызы 1963 жылы 17 ақпанда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. Әр жылдары жауапты қызметтер атқарып, 2019-2020 жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары лауазымында болды. Қазіргі таңда Жамбыл облысы білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы әрі Жамбыл облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі.
Сондай-ақ, осы уақытқа дейін филиал төрағасы қызметін атқарған Муслимов Нұржан Жомартұлына партия төрағасы Егізбаев Серік Рахметоллаұлының арнайы Алғыс хатын Мәжіліс депутаты Саурықов Ерболат Байұзақұлы табыстап, атқарған еңбегі үшін ризашылығын білдірді.
Жаңа қызметіңізге сәттілік пен толағай табыс тілейміз!

«Ауыл» партиясы жанындағы Жамбыл облыстық «Ауыл жастары» жастар қанатының ұйымдастыруымен «AUYLJASQUIZ» интеллектуалды ойынының III кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Жоба өңір жастарының интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде жалғасып келеді.
Аталған кезеңге де өңірдің белсенді әрі білімді жастары қатысып, өзара тартысты бәсекеге түсті. Жалпы саны 12 команда бақ сынаған ойын барысында қатысушылар логикалық сұрақтарға жауап беріп, эрудиция мен жылдам ойлау қабілеттерін көрсетті. Әр кезең өз ерекшелігімен есте қалып, қатысушыларға жаңа тәжірибе мен серпін сыйлады.
III кезеңнің қорытындысы бойынша:
III орын – «Қадам» тобы,
II орын – «КТК» тобы,
I орын – «Тарихшылар» тобы иеленді.
Жеңімпаз командалар арнайы дипломдармен марапатталып, өздерінің жоғары дайындық деңгейін дәлелдеді.
Сонымен қатар, жоба аясында барлық кезеңдердің нәтижелері ескеріліп, жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталды. Атап айтқанда, үш кезеңнің қорытындысы бойынша:
III орын алған топтарға – 15 000 теңге,
II орын алған топтарға – 20 000 теңге,
I орын алған топтарға – 30 000 теңгелік сертификаттар берілді.
Бұл марапаттар жастардың білімге деген қызығушылығын арттырып, олардың алдағы уақытта да белсенді қатысуына ынталандырады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «AUYLJASQUIZ» жобасының басты мақсаты – ауыл жастары арасында зияткерлік ортаны қалыптастыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және білімді, ойлы ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосу. Жоба аясында қатысушылар тек білімдерін сынап қана қоймай, командалық жұмыс, көшбасшылық және жылдам шешім қабылдау дағдыларын дамытады.
Бүгінде «AUYLJASQUIZ» интеллектуалды ойыны жастар арасында үлкен қызығушылық тудырып, тұрақты түрде ұйымдастырылатын танымдық алаңға айналды. Алдағы уақытта жоба ауқымын кеңейтіп, қатысушылар қатарын арттыру жоспарланып отыр.
Осындай мазмұнды шаралар жастардың жан-жақты дамуына жол ашып, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға зор ықпал етеді.

"Ауыл" партиясы Жамбыл облыстық"Ауыл жастары" жастар қанаты Қызғалдақ мұра фестивалінің соңын игі іспен қорытындыланды.
Елімізде экология мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, Президент жолдауында қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау – баршаға ортақ міндет екені айқын айтылған. Осы бағыттағы «Таза Қазақстан» акциясы аясында “Ауыл” партиясы өз үлесін қосты.
Фестиваль соңында «Ауыл жастары» жастар қанатының 200-ден аса волонтері және Жамбыл облысы “Қазақ аналары дәстүрге жол” қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, фестиваль өткен алаңды қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізді. Бірлік пен жанашырлықтың арқасында үлкен іс атқарылды.
Табиғатты қорғау – тек бір күндік акция емес, ол күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Осындай бастамалар әрқайсымызға үлгі болып, қоршаған ортаға деген жауапкершілігімізді арттыра берсін!
#ТазаҚазақстан #ҚызғалдақМұраФестивалі

«Ауыл» партиясы жанындағы Жамбыл облыстық «Ауыл жастары» жастар қанатының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті. Аталған жоба жастардың білімін шыңдап, олардың ой-өрісін кеңейтуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.
Интеллектуалды сайысқа өңірдің белсенді жастары қатысып, өзара білім мен логика бойынша бақ сынасты. Жалпы саны 12 команда қатысқан бұл кезең тартысты әрі қызықты өтті. Қатысушылар түрлі бағыттағы сұрақтарға жауап беріп, жылдамдық пен тапқырлықтарын көрсете білді. Ойын бірнеше кезеңнен тұрып, әр бөлімде командалардың жан-жақты дайындығы сынға түсті.
Сайыс нәтижесі бойынша:
III орынды – «Жарық» тобы,
II орынды – «Тарихшылар» тобы,
I орынды – «Qadam» тобы иеленді.
Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, олардың белсенділігі жоғары бағаланды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «AUYLJASQUIZ» жобасының басты мақсаты – ауыл жастары арасында интеллектуалды орта қалыптастыру, олардың білімге деген қызығушылығын арттыру және бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасау. Мұндай шаралар жастардың сыни ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, командалық жұмыс пен көшбасшылық қасиеттерін де қалыптастырады.
Аталған жоба алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, ауқымы кеңейе түседі деп жоспарлануда. Ұйымдастырушылар жастарды белсенді болуға, білімге ұмтылуға және осындай интеллектуалды ойындарға жиі қатысуға шақырады.
Айта кету керек, бүгінде жастар саясатын дамыту бағытында осындай танымдық іс-шаралардың маңызы зор. «AUYLJASQUIZ» – сол бастамалардың бірі ретінде өңір жастарының басын қосып, олардың зияткерлік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосуда.

«Ауыл» партиясы Жамбыл облыстық филиалы мен “Жайдарлы” жастар КВН лигасы” жастар қоғамдық бірлестігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бұл маңызды қадам – жастардың әлеуетін арттырып, шығармашылық пен қоғамдық белсенділікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Сонымен қатар, бастауыш партия ұйымы ашылып, бастауыш ұйым төрағасы Қошқаров Сержан Мұхтарұлына филиал төрағасы Муслимов Нұржан Жумартұлы партиялық билет табыстады.
«Ауыл» партиясы Жайдарманшыларға тұрақты түрде қолдау көрсетуді көздесе, жайдарманшыларөз кезегінде партия жұмысына жастық жіберлерімен атсалысатындықтарын жеткізді.
Тараптар бірлесіп, жастар саясатын дамыту, жаңа жобаларды жүзеге асыру және қоғам игілігі үшін ауқымды жұмыстар атқаруды жоспарлап отыр.


Жамбыл облысында жастардың білімін шыңдауға және интеллектуалдық деңгейін көтеруге бағытталған «AuylJasQuiz» атты зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Аталған шара «Ауыл» партиясы жанындағы Жамбыл облыстық «Ауыл жастары» жастар қанатының бастамасымен өтті.
Интеллектуалды ойын 5 кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда ойынның алғашқы кезеңі өз мәресіне жетіп, қатысушы жастар ұйымдастырушылар тарапынан арнайы марапаттарға ие болды. Бұл кезеңде қатысушылар өздерінің білім деңгейін, логикалық ойлау қабілеттерін және жылдам шешім қабылдау дағдыларын көрсете білді.
Жобаның негізгі мақсаты – жастардың таным көкжиегін кеңейту, оларды ізденімпаздыққа баулу және алынған ақпаратты қысқа уақыт ішінде сараптай алу қабілетін дамыту. Сонымен қатар, бұл бастама елімізде зияткер, білімді әрі белсенді жас буын қалыптастыруға өз үлесін қосуды көздейді.
Осындай форматтағы ойындар жастар арасында үлкен қызығушылық тудырып, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. «AuylJasQuiz» жобасы алдағы кезеңдерде де жалғасын тауып, жаңа қатысушыларды тарту арқылы өз аясын кеңейтеді деп күтілуде.



Жобаның мақсаты – тұрақты даму, ақпараттық технологиялар және білім беру салаларында жобалар прототиптерін әзірлеу, талантты жастар мен стартаптарды экологиялық трансформацияны қолдау, сондай-ақ білім беру процесстерінде жасыл технологиялар туралы хабардарлықты арттыру.
Негізгі міндеті – инновациялық шешімдер әзірлеуге дайын, тұрақты
даму процесіне өз үлесін қосатын талантты жастарды біріктіру болып табылады.
Хакатон барысында қатысушылар белгілі бір уақыт ішінде командалық форматта нақты мәселелерге арналған жобалар, цифрлық шешімдер немесе әлеуметтік бастамалар әзірледі. Іс-шара жастар арасында кәсіпкерлік ойлау, технологиялық сауаттылық және командалық жұмыс мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Хакатон қорытындысы бойынша 9 топ бақ сынап, командалардан үздік жобалар анықталып, жеңімпаздар марапатталды және І орын иегеріне республикалық деңгейдегі хакатонға қатысуға мүмкіндік берілді. Атап айтқанда III орын иегері Жоғарғы Тараз көпсалалы колледжінің «Империал» тобы, ал жүлделі II орынды М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Ұшқын» тобы еншілесе, І орынды Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Алаш» тобы иеленіп, республикалық деңгейдегі хакатонға жолдама алды.
Жоба Жоғарғы және орта арнаулы оқу орындары студенттері арасында өткізілді.

“Ауыл” жастары Жастар қанатының арасында қазақша күрес, арқан тартыс, асық ату, садақ ату, бес тас, қол күрес, шахмат және гір тас көтеруден сайыс өтті.
Іс-шараның мақсаты – ұлттық ойындарды дәріптеу, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау.
Сайысқа “Ауыл”партиясы Жамбыл облысы өңірлік филиал төрағасы Нұржан Жомартұлы және “Жігер” спорт клубының төрағасы Райымбек Күнтуұлы қатысып, студенттерге сәттілік тіледі.
Жалпы есеп бойынша:
Арлан командасы – I орын
Жігер командасы – II орын
Қырғыз командасы – III орын



Түркістан облысында өткізілген «AUYL INVEST FEST. БАЛЫҚ АУЛАУ – 2026» халықаралық фестивалінде Жамбылдықтар 2-орын иеленді.
Түркістан облысының әкімдігі мен «Ауыл» партиясы бірлесіп ұйымдастырған бұл ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шет мемлекеттерден әуесқой және кәсіпқой балықшылар жиналды. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған іс-шарада Жамбылдық жастарда төбе көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Команда мүшесі Мелдебек Ерхан спиннингпен балық аулаудан жүлделі екінші орынға табан тіреді. Өзге де команда мүшелі жоғары нәтиже көрсетіп, өз кәсібиліктерін дәлелдеп өтті.
Ауыл партиясының бастамымен ұйымдастырылған бұл сайыс балық аулаудың мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосатыны сөзсіз.
#ауылпартиясы
#АуылПартиясыЖамбылОблысы
#БалықFEST
#балықаулау2026

30 Сәуір 2026
61