Информационное агентство "Aldaspan-Info"

Главная / Новости

Новости

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай «Ауыл» партиясы Жамбыл облыстық өңірлік филиалының ұйымдастыруымен даңқты қолбасшы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының рухына құрмет көрсетілді. Іс-шара барысында партия өкілдері мен белсенділер Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы саябақта орналасқан батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оның ерлігі мен ел алдындағы өлшеусіз еңбегіне тағзым етті.

Ұлы Отан соғысында жанқиярлықпен ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлының есімі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Оның батылдығы, отансүйгіштігі мен қайсарлығы кейінгі ұрпаққа үлгі болып келеді. Батырдың өмір жолы мен өнегелі істері жастарды елін, жерін сүюге, Отан алдындағы жауапкершілікті сезінуге тәрбиелейді.

Жеңіс күні – майдан даласында ерлік көрсеткен батырларды, тылда аянбай еңбек еткен жандарды еске алып, олардың алдында тағзым ететін ерекше мереке. Бұл күн бейбіт өмірдің қадірін түсінуге, тарихтан тағылым алуға және ел бірлігін нығайтуға үндейді.

Іс-шара барысында қатысушылар Ұлы Жеңістің оңайлықпен келмегенін атап өтіп, ел тыныштығы мен болашақ ұрпақтың жарқын келешегі үшін жанын қиған ардагерлерге құрмет білдірді. Олардың ерлігі мен жанқиярлығы ешқашан ұмытылмайды.

Бүгінде батырларымыздың даңқты жолын дәріптеу, тарихи жадымызды сақтау және жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру – маңызды міндеттердің бірі. Осындай тағылымды шаралар арқылы жастар ел тарихын тереңірек танып, ата-баба аманатына адал болуға тәрбиеленеді.

Ерлік ешқашан ұмытылмайды, Жеңіс рухы мәңгі жасай береді!

    

«Ауыл» партиясының қолдауымен ұйымдастырылған Dala.Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясы бүгін Жамбыл облысының аумағы арқылы өтті. Еліміздің аграрлық саласын дамытуға, ұлттық мал шаруашылығының ерекшеліктерін насихаттауға бағытталған бұл жоба өңір жастарының да ерекше қызығушылығын тудырды.

Экспедиция мүшелерін «Ауыл» партиясы жанындағы Жамбыл облыстық «Ауыл жастары» жастар қанаты салтанатты түрде қарсы алды. Кездесу барысында жастар экспедиция қатысушыларына сәтті сапар тілеп, ұлттық дәстүрге сай құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтар табыстады.

Dala.Camp экспедициясы – еліміздің әр өңіріндегі мал шаруашылығының жай-күйімен танысып, саланың үздік тәжірибелерін зерделеуге бағытталған маңызды бастама. Жоба аясында қатысушылар ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.

Мұндай игі бастамалар жастардың аграрлық секторға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы мамандықтарының маңызын насихаттауға, еңбекқорлық пен кәсіпкерлікке баулуға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл жобалар ауыл жастарының кәсіби дамуына серпін беріп, ел экономикасының маңызды салаларының біріне жаңа буын мамандарын тартуға жол ашады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, экспедиция алдағы уақытта да өз жұмысын жалғастырып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған тың бастамаларды жүзеге асыруды көздейді.

    

Жеңіс саябағында ұйымдастырылған мәдени іс-шаралар аясында ерекше форматтағы “Ашық микрофон” айдары өтті. “Мен үшін ауыл…” атты видео жоба қала тұрғындарының жүрегіне жол тауып, көпшіліктің қызығушылығын арттырды. Бұл бастама ауыл тақырыбын жаңа қырынан ашып, әр адамның жеке естелігі мен сезімі арқылы туған жердің маңызын көрсетуге бағытталды.

Іс-шара барысында саябақ аумағына арнайы микрофон орнатылып, “Мен үшін ауыл…” деген жазу ілінді. Саябақта серуендеп жүрген кез келген қала тұрғыны ерікті түрде келіп, өз ойымен бөлісуге мүмкіндік алды. Қатысушылар өз ауылдары туралы, балалық шақтағы естеліктері, туған жерге деген сағынышы мен құрметі жайлы шынайы әңгімелерін айтты. Әрбір айтылған сөз – жүректен шыққан, әсерлі де мағыналы ойлар болды.

Жобаға қатысқан азаматтардың әңгімелері арқылы ауылдың әр адам үшін ерекше орын алатыны айқын байқалды. Бірі ауылды балалық шақтың символы ретінде сипаттаса, енді бірі ата-әженің мейірімі мен дастарқан басындағы жылулықты еске алды. Ал кейбірі үшін ауыл – еңбек пен төзімділіктің, табиғатпен етене өмір сүрудің мектебі ретінде көрінді.

“Ашық микрофон” айдарының басты мақсаты – ауылдың әр адамның жүрегінде қандай ыстық естеліктермен сақталғанын көрсету, сондай-ақ қала өмірінің қарбаласында жүрген жандарға туған жердің қадірін еске салу болды. Бұл жоба арқылы ұйымдастырушылар ауыл тақырыбын тек көркем бейнелер арқылы ғана емес, тірі эмоция мен шынайы пікірлер арқылы жеткізуді көздеді.

Жиналған бейнематериалдар әлеуметтік желілерде жарияланып, кең аудиторияға жол тартты. Нәтижесінде, тек шараға қатысушылар ғана емес, онлайн көрермендер де өздерінің ауыл туралы ойларына үңіліп, жүректерінде жатқан сағынышты қайта сезінуге мүмкіндік алды. Көпшілік пікір қалдырып, өз естеліктерімен бөлісіп, жобаға белсенді қолдау көрсетті.

Жалпы, “Мен үшін ауыл…” атты “Ашық микрофон” айдары – қарапайым форматта ұйымдастырылғанымен, терең мағынаға ие әлеуметтік жоба болды. Ол адамдарды біріктіріп, ортақ құндылық – туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптеді. Осындай бастамалар қоғамда рухани байланысты нығайтып, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.

 

 

 

Жеңіс саябағында өткен “Ауыл” партиясының “Ауыл нақыштары” атты фотобайқауының көрмесі қала тұрғындарына ерекше рухани әсер сыйлаған маңызды мәдени шаралардың бірі болды. Бұл көрме республика көлемінде ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан талантты фотографтардың ең үздік туындыларын бір алаңға жинады.

Көрменің басты ерекшелігі – әрбір фотосуретте ауыл өмірінің шынайы келбеті мен оның терең философиясы көрініс тапқан. Авторлар өз еңбектері арқылы ауыл тіршілігінің қарапайымдылығын ғана емес, сонымен қатар оның ішкі байлығын, адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті шебер жеткізе білді. Табиғаттың көркем көріністері, кең дала, таңғы тыныштық, кешкі шапақ – мұның бәрі фотосуреттер арқылы көрерменді ауылдың ерекше әлеміне жетелейді.

Сонымен қатар, көрмеде еңбек адамының бейнесі айрықша орын алды. Мал бағып, егін егіп, күнделікті тіршіліктің қамымен жүрген жандардың еңбегі арқылы ауылдың шынайы болмысы ашылады. Бұл суреттер тек көркем туынды ғана емес, олар – қарапайым адамдардың маңдай тері мен адал еңбегіне қойылған құрмет іспетті.

Ұлттық дәстүрлер мен салт-сананың көріністері де көрменің мазмұнын байыта түсті. Қазақы болмыстың ажырамас бөлігі саналатын той-думан, тұрмыстық салттар, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді құндылықтар фотографтардың объективі арқылы ерекше әсерлі жеткізілген. Осы арқылы көрме тек эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, ұлттық рухты жаңғыртуға да өз үлесін қосты.

Қала тұрғындары үшін бұл көрме жай ғана фотосуреттер жиынтығы емес, өткенге сапар шегуге мүмкіндік берген рухани кеңістік болды. Көпшілік ауыл өмірін еске алып, балалық шақтың тәтті сәттерін, туған жердің жылуын қайта сезінгендей әсер алды. Әсіресе, ауылдан алыстап кеткен жандар үшін бұл көрме жүректеріне сағыныш ұялатып, туған топырақтың қадірін тереңірек ұғындырды.

Жалпы алғанда, “Ауыл нақыштары” фотокөрмесі – ауыл өмірінің көркем шежіресі іспетті. Ол көрерменді ойландырып, рухани байытып, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыра түсті. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, елдің мәдени өміріне жаңа серпін береді деген сенім мол.

 

 

  

Жамбыл облысы әкімдгінің жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысы бойынша, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Мектепаралық лига» жайдарман командалары арасында «Интеллектуалды куиз ойындары» өткізілді!

Қатысушы топтар арасынан III орын - «Октябрский» командасына, II орын - «ND» командасына және I орын - «Салтанаттың жігіттері» командасына бұйырды!

"Жайдарлы" Жастар КВН лигасы ЖҚБ