Психологиялық бағыттағы кездесу өтті
Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі «Отбасы институтын нығайту бойынша іс-шаралар ұйымдастыру» мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында Т. Рысқұлов ауданының Абай атындағы шағын орталықты орта мектебінде оқушылар мен ұстаздарға арналған психологиялық бағыттағы кездесу өтті.
Кездесуге арнайы шақырылған психолог — Рахымбердиева Шолпан Мұратқызы оқушылармен отбасы тәрбиесі, тұлғалық даму, қарым-қатынасты сауатты жүргізу және ішкі жан дүниенің тепе-теңдігін сақтау туралы ашық әңгіме өрбітті. Шараға 25-ке жуық оқушы мен педагогтер қатысты.
Маман жасөспірімдердің отбасындағы орны, ата-анамен өзара байланыс, түсіністік пен сенімнің қалыптасуы, сонымен қатар, күйзеліске қарсы тұру әдістері туралы кең көлемде баяндама жасады. Сонымен қатар, күнделікті өмірде кездесетін психологиялық қиындықтарды қалай жеңуге болатыны жайлы пайдалы ақпарат берді.
Кездесу барысында оқушылар еркін форматта сұрақтар қойып, өмірлік мәні бар жауаптар алды. Спикер жасөспірімдердің ашықтығына ризашылығын білдіріп, әрқайсысына жеке мотивациялық кеңес айтты.
Шара соңында мектеп әкімшілігі мен оқушылар бұл кездесу жас ұрпақтың тұлғалық әрі психологиялық дамуына оң әсер еткенін айтып, алғыстарын білдірді.