Отбасы институтындағы жауапкершілік
Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Т. Рысқұлов ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде жүзеге асырып жатқан «Отбасы институтын нығайту бойынша іс-шаралар ұйымдастыру» тақырыбындағы жобасы аясында кездесу Көкдөнен ауылында өтті. Іс-шара Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектептің мәжіліс залында ұйымдастырылып, оған мектептің жоғары сынып оқушылары мен ұстаздар қауымы қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – жас ұрпаққа отбасы институтының маңыздылығын түсіндіру, отбасылық қарым-қатынастарға құқықтық көзқарас қалыптастыру және жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыру болды. Шарада Жамбыл облыстық нотариаттық палатасының атқарушы директоры, тәжірибелі заңгер Өмірбеков Данияр «Отбасылық құқық және оның қоғамдағы рөлі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Ол ата-ана мен бала арасындағы құқықтық қарым-қатынастар, отбасындағы өзара сыйластық пен жауапкершілік, бала құқығы және міндеттері секілді маңызды тақырыптарды қамтыды.
Кездесу барысында қатысушылар маманға толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі пайдалы жауаптар алды. Сонымен қатар, шара аясында интерактивті форматта шағын пікірталас ұйымдастырылып, оқушылар өз ойларымен еркін бөлісті. Пікір алмасу арқылы олар отбасы құндылықтарына байланысты өз көзқарастарын білдіріп, ортақ тұжырымдар жасауға мүмкіндік алды.