"Aldaspan-Info" ақпараттық агенттігі

Басты бет / Қоғам / Отбасы институтын нығайту мақсатында психолог мамандармен семинар тренинг өткізілді

Отбасы институтын нығайту мақсатында психолог мамандармен семинар тренинг өткізілді

Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі “Отбасы институтын нығайту бойынша іс-шаралар ұйымдастыру” тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жобаны іске асыруда. Бұл жобаның негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жетілдіру және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. Жоба аясында аудандағы мектептердің директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп және түрлі мекемелердің психологтары мен жауапты мамандарының қатысуымен семинар-тренинг ұйымдастырылды. Іс-шара отбасы институтын дамыту және оқушылардың арасында туындайтын психоәлеуметтік мәселелерді шешуге арналған тиімді тәсілдерге арналды. Семинарда педагог-психолог Рахимова Г. “Оқушылардың арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын-алу мәселелері және оны шешу жолдары” тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Ол суицидтік ойлар мен мінез-құлықтың алдын алу, ерте белгілерін анықтау, психологиялық қолдау көрсету жолдарын нақты мысалдармен түсіндіріп берді. Іс-шара барысында қатысушылармен “Кім лидер?” тренингі өткізілді. Бұл тренинг мектеп оқушыларының көшбасшылық қабілеттерін анықтауға және дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, психологтар оқушылармен жұмыс жасауға арналған тиімді техникалармен бөлісті. Олардың қатарында – “жіп” терапиясы, «Кез келген қиын жағдайдың шығатын жолы бар» атты мотивациялық терапия, коллаж әдісі, “психолог портреті” жаттығуы және ата-аналармен жүргізілетін жұмыс түрлері қамтылды. Тренинг барысында қатысушылар топтық жұмыс арқылы тәжірибе алмасып, түрлі әдістерді тәжірибеде қолдану мүмкіндігіне ие болды. Мұндай практикалық жаттығулар психологтар мен педагогтердің кәсіби дағдыларын нығайтып, мектеп оқушыларына көрсетілетін психологиялық көмектің сапасын арттыруға септігін тигізеді. Іс-шара соңында қатысушыларға әдістемелік материалдар таратылып, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Қатысушылар осындай мазмұнды әрі тәжірибеге бағытталған семинарлардың алдағы уақытта да жалғасын табуына ниет білдірді.

joomla 3.5