«Бақытты отбасының құралдары»
Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Мойынқұм ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қолдауымен жүзеге асып жатқан «Отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу» атты мемлекеттік әлеуметтік жоба аясында Жамбыл ауылында мазмұнды әрі маңызы зор кездесу өтті. «Бақытты отбасының құралдары» атты бұл кездесудің мақсаты – әрбір адамның өміріндегі ең қастерлі ұғым – отбасы туралы терең ой қозғау, оның ішкі байланыстары мен құндылықтарын қайта қарастырып, бақытты отбасын қалыптастыру жолдарын бірге талқылау болды. Кездесуге ауылдың әртүрлі жас ерекшелігіндегі тұрғындары – жас отбасылар, ата-аналар мен ауыл ақсақалдары қатысты. Шара ашық диалог форматында ұйымдастырылып, қатысушылардың барынша еркін пікір білдіруіне мүмкіндік жасалды.
Іс-шара барысында отбасы құндылықтарының көпқырлы құрылымы туралы кеңінен сөз қозғалды. Отбасы – жай ғана бірге тұратын адамдар жиынтығы емес, ол – сенім мен қолдаудың, махаббат пен құрметтің, тәрбиенің тірегі. Осы бағытта «бақытты отбасының негізгі құралдары қандай болуы керек?» деген сұрақ төңірегінде жан-жақты ойлар айтылып, тәжірибелермен бөлісу сәті орын алды.
Кездесуге арнайы шақырылған маман – заңгер, Жамбыл облыстық нотариаттық палатасының атқарушы директоры Өмірбеков Данияр Маратұлы – отбасындағы құқықтық сауаттылықтың маңызына ерекше тоқталды. Ол отбасы мүшелерінің құқықтары мен міндеттері, некеге тұру мен ажырасу кезінде туындайтын заңдық мәселелер, бала құқығы, ата-ананың жауапкершілігі туралы нақты әрі түсінікті тілмен кеңінен баяндап берді. Сонымен қатар, спикер күнделікті өмірде көпшілігіміз елемей қалдырып жататын қарапайым, бірақ өте маңызды факторларға – өзара құрмет, уақыт бөлісу, бір-бірін тыңдай білу, эмоционалды қолдау, бірлескен шешім қабылдау сияқты дағдылардың отбасы ішінде қалайша бақыттың кілтіне айналатыны жөнінде нақты мысалдар келтіріп, қатысушыларды терең ойға салды.
Кездесу барысында қатысушылар арасында ашық пікір алмасу өтіп, «сіздің ойыңызша бақытты отбасының басты тірегі не?» деген сұрақ аясында шағын топтық талқылаулар ұйымдастырылды. Кейбір қатысушылар үшін бұл – алғаш рет отбасы тақырыбында осындай кең көлемде ой бөлісу мүмкіндігі болды. Кездесу соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, осындай мазмұнды әрі пайдалы шаралардың ауыл тұрғындары үшін үлкен мәні бар екенін, әсіресе жас отбасылар мен жасөспірімдерге бағытталған тәрбиелік жұмыстың маңызы зор екенін атап өтті. Жоба аясында алдағы уақытта да әртүрлі ауылдарда осындай кездесулер мен тренингтер өткізу жоспарланып отыр. Мұндай шаралар қоғамдағы отбасы институтының беделін арттырып, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға сеп болары сөзсіз.

31 Шілде 2025
25
25 Қараша 2024