Сурет байқауы өткізілді
Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырып жатқан “Нашақорлықсыз болашақ” акциясы аясында жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және есірткіге қарсы көзқарасты қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осы шаралар шеңберінде Тараз қаласындағы №3 орта мектеп-лицейінде Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай ерекше сурет байқауы өткізілді. Байқау барысында оқушылар қылқалам мен бояудың тілі арқылы өздерінің азаматтық ұстанымдарын және өмірге деген көзқарастарын бейнеледі.
«Мен есірткіге қарсымын» тақырыбы аясында дайындалған туындылар қоғамға ой салатын терең мазмұнымен ерекшеленді. Жас суретшілер өз еңбектерінде болашаққа деген сенімділік пен үмітті, есірткісіз өмірдің жарқын бейнесін, сондай-ақ тәуелділіктің адам өміріне әкелетін зардаптарын көркем түрде жеткізе білді. Түрлі түстер мен бейнелер арқылы әрбір қатысушының ойы мен сезімі ерекше әсер қалдырды. Іс-шара барысында ұйымдастырушылар шығармашылықтың әлеуметтік мәселелерді жеткізудегі маңызына тоқталып, мұндай байқаулардың жастарға өз ойын еркін білдіруге және қоғамда дұрыс құндылықтарды қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған жұмыстардың авторлары грамоталармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды. Бұл іс-шараның маңызы – жас ұрпақтың салауатты өмір салтына деген көзқарасын күшейтіп, есірткіге қарсы берік ұстанымын қалыптастырумен қатар, олардың шығармашылық қабілеттерін арттыруда.

09 Маусым 2025
18
25 Қараша 2024