Айша бибі кесенесіне экскурсия
Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырып жатқан “Нашақорлықсыз болашақ” акциясы шеңберінде жастарды нашақорлық пен зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізіледі. Осы бағытта Тараз қаласындағы мектеп оқушылары үшін Айша бибі кесенесіне танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Бұл шараның негізгі мақсаты – жас буынды туған өлкенің тарихи және мәдени мұрасымен тереңірек таныстырып, олардың бойында ұлттық сана мен отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, сонымен қатар бос уақыттарын тиімді әрі мазмұнды өткізуге жағдай жасау болды.
Экскурсия барысында оқушыларға Айша бибі кесенесінің тарихы, архитектуралық ерекшеліктері және оның бойында жатқан аңыздық оқиғалар кеңінен әңгімеленді. Балалар қазақ халқының мәдениетінде, руханиятында ерекше орын алатын бұл ескерткіштің маңызын сезініп, оның тарихына қызығушылықпен ден қойды. Тарихшылар мен экскурсия жетекшілері аңыздар арқылы оқушыларды адамгершілік, адалдық, мәңгілік махаббат пен рухани тазалық секілді асыл қасиеттерге баулыды. Балалар Айша бибі мен Қарахан арасындағы мәңгілік махаббат жайлы аңызды тыңдап, өткенге құрметпен қараудың маңызын түсінді. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар оқушыларға туған жердің әрбір тарихи нысаны – ұлт тарихының бір бөлшегі екенін, осындай киелі орындар ұлттың рухани жаңғыруының негізі болатынын жеткізді. Экскурсия соңында балаларға сусындар мен балмұздақтар таратылып, олардың көңілді де пайдалы күн өткізуіне мүмкіндік жасалды. Көптеген оқушылар өз әсерлерімен бөлісіп, тарихи ескерткіштерге деген қызығушылықтары артқанын айтты. Бұл шара жас буынның туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың салауатты өмір салтын ұстануға, қоршаған орта мен тарихи мұраға ұқыпты қарауға тәрбиеледі. Мұндай мәдени-танымдық сапарлар өскелең ұрпақтың бойында ұлттық рухты, жауапкершілікті және ізгі құндылықтарды қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.

24 Маусым 2025
18
25 Қараша 2024