Аулалық спорттық іс-шара
Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асып жатқан “Нашақорлықсыз болашақ” акциясы аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі форматтағы тәрбиелік және ойын-сауық іс-шаралар өткізіліп келеді.
Осы бағытта балаларға арналған аулалық спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Бұл мерекелік акция балалармен маңызды тақырыптар туралы қарапайым әрі түсінікті тілде сөйлесудің, оларға өмірлік құндылықтарды жеткізудің жарқын үлгісіне айналды. Акцияның басты мақсаты – балаларға қуаныш сыйлау ғана емес, сонымен қатар салауатты өмір салтының маңыздылығына назар аударту, белсенді демалыс пен спорт арқылы олардың өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыру болды. Іс-шара барысында полицейлер мен ұйымдастырушылар балаларға тосын сый жасап, аниматорлар мен ертегі кейіпкерлерінің рөлін сомдады. Балалар арқанмен секіріп, «Көңілді доп» ойынын ойнады, шар үрлеу жарысына қатысып, көтеріңкі көңіл-күйде уақыт өткізді. Ойындар мен жарыстар барысында балалардың жүздерінен шаттық пен қуаныштың нышаны байқалып, аулада нағыз мерекелік атмосфера орнады. Сонымен қатар, асфальтқа сурет салу байқауы ерекше қызығушылық тудырды. Онда балалар өз армандары мен қиялдарын түрлі түстермен өрнектеп, бақытты балалық шақ пен жарқын болашаққа деген үмітін бейнеледі. Бұл көрініс өз алдына кішкентай өнер көрмесіне айналды. Іс-шара соңында әр балаға жаздың әрі балалық шақтың тәтті нышаны саналатын балмұздақтар таратылып, күн әсерлі әрі қуанышты көңіл күймен аяқталды. Мұндай шаралар балалардың бос уақытын тиімді өткізуге, олардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруға және ең бастысы — салауатты, есірткісіз болашаққа деген көзқарасын нығайтуға үлкен үлес қосады.

24 Маусым 2025
20
25 Қараша 2024