"Бақытты отбасы" тақырыбында шеберлік класс
Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Мойынқұм ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында Қылышбай ауылында ауыл тұрғындарымен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. «Бақытты отбасы» тақырыбында өткен бұл шеберлік кластың негізгі мақсаты – отбасындағы татулық пен өзара түсіністікті нығайту, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген жауапкершілігін арттыру және қоғамның берік негізі саналатын отбасы институтының құндылығын кеңінен дәріптеу болды.
Кездесуге әртүрлі жастағы ауыл тұрғындары – жастар, ата-аналар, ардагерлер мен мұғалімдер қатысты. Шараға арнайы шақырылған спикер – Жамбыл облыстық нотариаттық палатасының атқарушы директоры, заңгер Өмірбеков Данияр Маратұлы болды. Өз саласының білікті маманы ретінде ол отбасының құқықтық негіздері, отбасылық қатынастардағы заңдық жауапкершілік пен міндеттемелер, отбасылық жанжалдарды құқықтық тұрғыдан шешудің жолдары туралы кеңінен баяндап берді.
Сонымен қатар, спикер отбасындағы қарым-қатынас мәдениеті, жұбайлар арасындағы сенім мен сыйластықтың маңызы, ата-ана мен бала арасындағы байланыстың психологиялық және құқықтық қырларына да тоқталды. Ол өз сөзінде: «Бақытты отбасы – бұл тек материалдық жетістіктерге емес, рухани үндестікке, өзара құрмет пен махаббатқа негізделген орта» екенін баса айтты.
Шеберлік класс барысында қатысушылармен интерактивті форматта сұрақ-жауап жүргізіліп, өмірден алынған нақты мысалдар негізінде пікір алмасу өтті. Ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, маманнан нақты әрі түсінікті кеңестер алды. Кездесу соңында қатысушылар отбасындағы жылулық пен тұрақтылықты сақтау үшін әрбір отбасы мүшесі өз рөлін түсініп, бір-біріне қолдау білдіруі керектігін атап өтті. Сонымен қатар, мұндай кездесулер тек құқықтық сауаттылықты арттырып қана қоймай, рухани тұрғыдан да ой түюге мүмкіндік беретіні айтылды.
30 Шілде 2025
20
25 Қараша 2024