DALA CAMP экспедициясы Жамбыл өңірінде
«Ауыл» партиясының қолдауымен ұйымдастырылған Dala.Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясы бүгін Жамбыл облысының аумағы арқылы өтті. Еліміздің аграрлық саласын дамытуға, ұлттық мал шаруашылығының ерекшеліктерін насихаттауға бағытталған бұл жоба өңір жастарының да ерекше қызығушылығын тудырды.
Экспедиция мүшелерін «Ауыл» партиясы жанындағы Жамбыл облыстық «Ауыл жастары» жастар қанаты салтанатты түрде қарсы алды. Кездесу барысында жастар экспедиция қатысушыларына сәтті сапар тілеп, ұлттық дәстүрге сай құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтар табыстады.
Dala.Camp экспедициясы – еліміздің әр өңіріндегі мал шаруашылығының жай-күйімен танысып, саланың үздік тәжірибелерін зерделеуге бағытталған маңызды бастама. Жоба аясында қатысушылар ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.
Мұндай игі бастамалар жастардың аграрлық секторға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы мамандықтарының маңызын насихаттауға, еңбекқорлық пен кәсіпкерлікке баулуға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл жобалар ауыл жастарының кәсіби дамуына серпін беріп, ел экономикасының маңызды салаларының біріне жаңа буын мамандарын тартуға жол ашады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, экспедиция алдағы уақытта да өз жұмысын жалғастырып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған тың бастамаларды жүзеге асыруды көздейді.

23 Маусым 2026
43
25 Қараша 2024