"Aldaspan-Info" ақпараттық агенттігі

Басты бет / Саясат /  «Ақылды қызға ана көп, аяулы жанға пана көп» тақырыбындағы тағылымды семинар өтті

«Ақылды қызға ана көп, аяулы жанға пана көп» тақырыбындағы тағылымды семинар өтті

Жамбыл облысында «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің филиалы ұйымдастырған «Ұрпақтың бақыты – ананың мейірімінде» атты кітаптың таныстырылымы мен қыз бала тәрбиесіне арналған «Ақылды қызға ана көп, аяулы жанға пана көп» тақырыбындағы тағылымды семинар жоғары деңгейде өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұлықтау, ананың қоғам мен отбасыдағы орнының маңызын дәріптеу, сондай-ақ қыз бала тәрбиесіндегі тәлім мен өнегенің мәнін кеңінен насихаттау болды. Жиынға өңірдің зиялы қауым өкілдері, көпбалалы аналар, қоғамдық ұйым мүшелері мен белсенді әйелдер қатысып, өзара тәжірибе алмасты.

Семинарға «Ауыл» партиясы Жамбыл облыстық өңірлік филиалының төрағасы Слушаш Сатбекқызы Құрманбекова мен партияның Әйелдер қанатының төрайымы Сәуле Мақшанқызы Рысбаева арнайы қатысып, отбасы құндылықтары, ұлттық тәрбие және қыз баланың қоғамдағы рөлі туралы мазмұнды ой-пікірлерін ортаға салды.

Кездесу барысында қазіргі қоғамдағы тәрбие мәселелері, отбасының берекесі мен бірлігі, ананың ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігі жан-жақты талқыланды. Спикерлер қыз баланы инабаттылыққа, еңбекқорлыққа, білімге құштарлыққа және ұлттық салт-дәстүрді құрметтеуге баулудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Сондай-ақ «Ұрпақтың бақыты – ананың мейірімінде» атты кітаптың мазмұны таныстырылып, онда қамтылған тәрбиелік мәні зор ойлар мен өмірлік тәжірибелер туралы айтылды. Қатысушылар кітаптың өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беруде және отбасы институтын нығайтуда маңызды құрал болатынын атап өтті.

Шара барысында аналардың қоғамдағы беделі мен мәртебесін арттыру, ұлттық тәрбиені сақтап қалу және оны келер ұрпаққа жеткізу мәселелері кеңінен қозғалды. Қатысушылар қыз тәрбиесіне қатысты өз пікірлерін білдіріп, тәжірибелерімен бөлісті.

Осындай тағылымы мол кездесулер ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, отбасы институтын нығайтуға және жас ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерді сіңіруге үлкен үлес қосады. Ананың мейірімі мен тәрбиесі – ұлттың болашағын қалыптастыратын ең маңызды құндылықтардың бірі. Сондықтан аналарды ардақтау, олардың қоғамдағы рөлін насихаттау және отбасы тәрбиесіне ерекше мән беру – елдің жарқын келешегінің кепілі.

Ұлт тәрбиесінің темірқазығы саналатын аналардың өнегелі жолы мен даналығы әрдайым жас буынға бағыт-бағдар беріп, рухани құндылықтардың сабақтастығын қамтамасыз ете бермек.

    

joomla 3.5