Информационное агентство "Aldaspan-Info"

Главная / Аймақтар / ҚАРАСАЙДА ҚАРҚЫНДЫ ДАМУ БАР

ҚАРАСАЙДА ҚАРҚЫНДЫ ДАМУ БАР

Аудан әкімі Болатбек Байтөле жұмыс сапарымен ауданымыздың шалғайында орналасқан Қарасай ауылдық округіне барды. Құрамына Қарасаймен қатар Еңбек ауылы кіретін аймақта соңғы жылдары экономикалық және әлеуметтік тұрғыда дамудың жақсы динамикасы байқалады. Алма бақтары қайта түлеп, бизнесі жақсы жолға қойылған қос ауылда әлеуметтік мәселелер де оңды шешімін табуда. Аудан басшысы алдымен Еңбек ауылының маңында орналасқан «Азия Сад» ЖШС-нің заманауи алма бағында болды. Жаңа технологияларды қолдана отырып, қарқынды алма бағын биыл көктемде 53 гектар алқапқа отырғызып, италиялық сұрыптарды пайдаланған серіктестік жұмысымен танысу жұмыс сапарының әлқиссасы болды.

 

«Голден Делишес», «Ред Делишес», «Айдаред» және «Гала» деп аталатын алма сорттарын өсірумен айналысатын «Азия Сад» ЖШС өкілі Марат Жетігенов қазіргі таңда алма бақта атқарылып жатқан жұмыстардың жайын айтып өтті. Биылғы жылдың көктемінде отырғызылған көшеттер заманауи технологияларды тиімді пайдаланудың арқасында жақсы өнім берген. Отыз тоннаға жуық алманы бағбандар жинап үлгеріпті. Мұнда арнайы су жинайтын орын дайдындалып, соның арқасында су тапшылығы да болмаған. Оның үстіне алманың бұл сорттары суды аса көп қажет етпейді екен. Ал, бақтағы өнімді жинау жұмыстарына ауыл тұрғындары жұмылдырылған. Бұрынырақ алмамен аты шыққан ауыл жанында орналасқан бақтың болашағы жарқын. Мұның сыры қолданылып отырған еуропалық әдістің тиімділігі мен осы аймақтың ауа райының алма өсіруге өте қолайлылығында жатыр. Серіктестік жұмысына сәттілік тілеген аудан басшысы осыдан кейін аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов, округ әкімі Күлжахан Елемесовамен бірге Еңбек ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктте болды. Ауылдастарына сапалы медициналық көмек көрсетіп отырған пункттің жұмысы тура жолға қойылған. Дәрігерлер мен медбикелер тұрғындарға мерзімді медициналық қызмет көрсетіп жатқанын ауылдастары да растап отыр. Мұндағы мамандар еліміздің медицина саласында орын алып жатқан жаңалықтарға да жатсынбай, жаңа форматта жұмыс істеуге дағдыланған. Қажетті дәрі-дәрмекпен де уақытылы қамтылып отыр. Аудан басшысы «Дамумед» бағдарламасын қолдану турасында және өзге де кезек күттірмейтін мәселелер жайында сұрастырып, тұшымды жауап алды. Болатбек Байқонысұлының кезекті барған нысаны Еңбек ауылдық клубы болды. Өткен ғасырдың елуінші жылдары қабырғасы қаланған ғимараттың әбден тозығы жеткенін аңғару үшін арнайы білімнің қажеті жоқ. Біраз жыл бұрын аздаған жөндеу жұмыстары жасалғанымен оның ғимаратқа әр беріп тұрғаны шамалы. Төбесі ойылып, қабырғалары қарқыраған ғимаратқа шұғыл күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтқан аудан әкімі жауапты мамандарға сол жерде тапсырма беріп, қажетті есеп-қисаптарын жасап, көп ұзатпай ұсыныспен шығу керектігін нықтады. Сонымен қатар, клубтың ауласындағы ашық алаңқайға заманауи футбол алаңшасын салу жұмыстарын да жеделдетуді тапсырды. Осы ғимаратта орналасқан кітапхананың да жайын көрген аудан басшысы жөндеу жұмыстары жасалған кезде кітапхананы кеңейту қажеттігін де баса айтты. Келесі кезекте №22 Еңбек ауылдық орта мектебіне бас сұққан Болатбек Байтөле білім ошағының аумағына кіре берісте орналасқан аркадан бастап, ішке кіретін жолына және мектеп ауласының өзге де жерлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ретке келтіру қажеттігін білім бөлімі мен мектеп басшылығына тапсырды. Мектепті аралап көрген аудан басшысы қазандықтың жағдайын көзімен көріп, көмір сақтайтын орынды ретке келтіруді және асхана орналасқан ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жасау қажеттілігін немесе мүлдем алып тастап, асхананы өзге орынға көшіру бойынша білім бөліміне ұсыныспен шығу керектігін айтты. Осыдан кейін аудан әкімі ауылдық пошта бөлімшесіне барды. Арнайы ғимараты жоқ, пошташының жеке үйінен орын алған байланыс бөлімшесінің жайы мәз емес. Мекеме меңгерушісі Айгүл Замантаева газет-журналдардың мерзімді жеткізіліп тұратынын айтып, осы орыннан тұрғындарға поштаның барлық қызметтері көрсетілетінін жеткізді. Тұрғын үйге жапсарлас орнатылған аядай бөлмеде қандай стандарттар сақталып жатқанын айтып жатудың өзі артық. Аудан басшысы бұл мәселені назарға алып, «Қазпоштаның» басшылығына жеткізетін болып шешті. Болатбек Байқонысұлы келесі кезекте ауылдық мешітте болып, онда ауыл имамы Бақытбек Абитбаев мешіт маңында қолға алуды жоспарлап отырған абаттандыру жұмыстары жайында әңгімелеп, ауыл жамағатының демеушілігімен жылыту жүйесінің, асхананың салынғанын алға тартты. Келесі кезекте аудан әкімі барған нысан мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында ашылған «Ернұр 550» бөбек жайы болды. 45 баланы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтып отырған балалар мекенінің тіршілігі турасында меңгерушісі Чолпан Тоқбергенова баяндап, болашақта ғимаратты кеңейтуді көздеп отырғандарын жеткізді. Тәрбиеленушілер келген қонақтармен емен-жарқын амандасып, жаттаған өлеңдерін де оқып берді. Осыдан кейін аудан әкімі осы күні туған күні болып отырған жеткіншекке сыйлық ұсынып, одан соң балалармен бірге естелікке суретке түсті. Аудан әкімі балаларға және ата-аналарға ыңғайлы болу үшін бөбекжай орналасқан көшеге көп ұзамай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтып, тұрғындардың алғысына бөленді.

Болатбек Байтөленің жұмыс сапарының Еңбек ауылындағы бөлігі осымен тәмамдалып, Қарасай ауылына жол тартты. Онда алдымен аула клубына бас сұққан аудан басшысы клубтың толыққанды жұмыс жасауы үшін бірқатар мәселелерді көтеріп, біржақты шешім шығаратын болды. Осыдан кейін сән-салтанаты келіскен ауыл мешітінде болып, одан соң №20 Алмалы орта мектебіне барды. Күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған мектепті аралап көрген аудан әкімі қаржы мәселесі оңды шешімін тауып жатса, көп ұзамай жөндеу жұмыстары басталатынын айтты. Келесі кезекте №21 орта мектепке барған Болатбек Байтөле мектеп жанындағы «Арай» балабақшасына барып, одан кейін білім ошағының жай-күйімен танысты. Сол маңдағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында болған аудан әкімі робототехника және IT кабинеттерінде болып, мамандарға бірқатар сын-ескертпелер айтты. Аудан басшысы үлкен қаржыға келген бұл техника балаларды жаңа технологияларға баулу үшін алынғанын айтып, оның текке тұрғанын сынға алды. Сонымен қатар, тауға өрмелеу құралдары да толығымен алып берілгенімен, олармен оқушылардың айналысып жатқанын аңғару қиын. Осының барлығын пайдалану, балаларға үйрету жұмыстарының ақсап тұрғанын сынға алған Болатбек Байқонысұлы жұмыстарды жандандыруды нықтап тапсырды. Одан бөлек жалпы мектеп бойынша бірқатар олқылықтарды байқаған аудан басшысы шұғыл жөнге келтіру керектігін жауаптыларға жүктеді. Мектептен кейін аудан басшысы ауылдық поштаның жұмысын көрді.

Аудан әкімі жұмыс сапары барысында ауыл қарияларына барып, амандық сұрасуды да жөн көріпті. Қазіргі таңда 107 жасқа толып отырған қарт ана Зымиля Аманованың үйіне барып, дәстүрге сай ақ жаулық сыйлап, иығына камзол жапты. Жиырма үш немере мен алты туажаттың қызығын көріп отырған әже келген қонақтарға алғысын айтып, батасын берді. Сонымен қатар, аудан басшысы 107 жасты еңсерген тағы бір ғасыр құрдасы Рахия Арыстанбаеваның да үйіне барып, сый-сияпатын жасады. 9 баланы дүниеге әкелген батыр ананың батасына келген қонақтар алақанын жайып, әумин десті.

Түс ауа ауылдық округ әкімдігіндегі мәжіліс залында ауыл тұрғындарымен кездесу өтті. Жиналған қауымға аудан әкімі осы күнгі сапардың мақсаты турасында айтып, тұрғындар сауалына құлақ түрді. Көкейде жүрген көп сұрақтарға осы күні нақты жауаптар берілгенін де айта кеткен жөн. Қарасайлықтар жиынды алдымен аудан басшысына алғыс айтудан бастады. Еңбек ауылындағы клубқа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін естіген ағайын ризашылығын жасырмады. Сонымен қатар, өзге де оңды тірліктер үшін алғыстарын жеткізді.

- Ауылдағы ауыз су мәселесін жөнге келтіріп бергеніңіз үшін рахмет. Жұмыстарды жүйелі атқарған «Қордай су» мекемесіне де алғысымыз шексіз, - дейді тұрғындар. Ал, жиынға келген диқандар мен бағбандар суармалы судың жайын көтерді. Мұндағы басты мәселе «Ақжал» каналы арқылы келетін суды бір жақты етіп ретке келтіру. Яғни, каналды мемлекет қарамағына алып, шаруалардың су мәселесін түбегейлі шешу жолдарын қарастырып беруді өтінді. Сонымен қатар, «Колос» каналын да жөндеу жұмыстары кезек күттірмейтін мәселе болып отырғаны сөз болды. Тұрғындар осы орайда «Қазсушар» аудандық филиалы жұмысына көңілі толмайтындықтарын ашық айтып, басшысынан түсініктеме беруді талап етті. Су шаруашылығының басшысы Денис Коновалов аталмыш округтегі суармалы судың бүгінгі жағдайы турасында түсініктеме беріп, атқарылып жатқан және алдағы жоспарда бар жұмыстар жайына тоқталды.

- Сіздердің тараптарыңыздан ауылдағы проблемалардың бізге уақытылы жетпейтіндігіне бүгін көз жеткізіп отырмыз. Жеке өзім үнемі тұрғындарға жеке қабылдаулар жүргізіп отырамын. Ол алдын ала жарияланып тұрады. Соған міндетті түрде келіп, ауылдағы жағдайды айтып тұрсаңыздар болады. Ал, бүгінгі жағдайға келер болсақ, биылғы жылы суармалы сумен ауданда біраз қиындықтардың болғаны рас. Дей тұрғанымен, бірлесе жұмыс атқарудың арқасында барлығын шешуге болады. Су шаруашылығының басшылығына сіздер көтеріп отырған мәселелерді жеткіземіз. Ал, қараша айында басшыларымен бірге осында келіп, сіздермен бірге судың жайын біржақты шешетін боламыз, - деді аудан әкімі Болатбек Байтөле. Осы ретте бір айта кетерлігі, биыл «Колос» каналын ретке келтіруге қомақты қаржы бөлініп, мемлекеттік актісі жасалып, «Қазсушардың» қарамағына өткізіліпті. Енді күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады екен.

Судан бөлек ауыл азаматтары байланыс пен интернет жайын көтерді. Жиынға қатысып отырған «Қазақтелеком» АҚ өкілі биыл аталмыш округте интернет жылдамдығын арттыру бойынша жұмыстар жыл соңына дейін аяқталатынын жеткізді. Яғни, бұл көп ұзамай ауыл тұрғындары әлеуметтік желілерге еркін кіре алатын болады деген сөз. Округте бірқатар электр бағаналарының тозығы жеткені де сөз болып, оларды алмастыру бойынша аудандық мекемеге тапсырма берілді. Аудан басшысына түскен сұрақтар қатарында жер алу, кәсіп ашу сынды мәселелер де болды. Олардың барлығына мардымды жауаптар берілді.

-«Көш жүре түзеледі», деген сөз бар. Қос ауылда соңғы жылдары атқарылған жұмыстар жетерлік. Бүгін аудан басшысы ертеден бастап осында жүр. Көңіл аударарлық барлық мәселелер назарға алынуда. Аудан әкімінің ықпалымен Бақтығұл көшесіне жөндеу жұмыстары жасалатын болды, Еңбектегі клуб ретке келеді. Одан өзге де маңызды жайлар қолға алынбақ, - деді жиынға қатысып отырған аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов. Ал, жиынды қорытындылаған аудан басшысы ауылдық округтегі ақсақалдар кеңесі мен қауымдастық мүшелерін округ әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс жасауға шақырды.

Тұрғындармен кездесуден кейін аудан әкімі «Жаниет» жекеменшік балабақшасында болды. Балабақша меңгерушісі Б.Құрманова мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдауларға ризашылығын білдіре келе, жақын болашақта кеңейтуді жоспарлап отырғанын айтып, ауылда сонымен қатар сұлулық салонын ашуды көздеп жүргенін жеткізді. Кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеген Болатбек Байқонысұлы осыдан кейін Қарасай ауылы жанынан орын тепкен «Мерей» ШҚ 130 гектар жүгері алқабында болып, жұмыс жайымен танысты.

 

Жандос ОМАРОВ