Информационное агентство "Aldaspan-Info"

Главная / Аймақтар

Аймақтар

Берекесі мол қазан айында диқандар үшін аса маңызды дақылдардың бірі саналатын қант қызылшасын жинау науқаны басталды. Қазіргі таңда агроқұрылым алқаптарында жұмыс қызған. Тәтті түбірді қар астында қалдырмай, жылдам жинап, зауытқа жөнелту жұмыстарын қолға алған шаруаларда тыным жоқ.

Жалпы, аудан бойынша 490 гектар алқапқа себілген қант қызылшасының биылғы шығымы жақсы. Заманауи технологияларды пайдаланып, техника мен тыңайтқыштарды тиімді қолдануды үйренген шаруалар өнімнің мол боларына сенімді. Қазірдің өзінде Бетқайнар ауылдық округінде орналасқан «Алмаз» шаруа қожалығы 980 тонна, «Мақұлбаев» шаруа қожалығы 186 тонна қант қызылшасын Меркідегі қант зауытына өткізіп үлгерген. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, жалпы аудан диқандары қант қызылшасын 181 гектар алқаптан жинап, 3996 тонна өнім алып, қант зауытына 1662 тонна қызылшаны жеткізген. Әсіресе, Ноғайбай, Қақпатас және Қасық ауылдық округтерінде «балтамырды» жинау жұмыстары қарқын алған. 

Өнімді шашау шығармай жинауға техника да сақадай сай. Үш дана қызылша жинайтын комбайн, сегіз дана пәлек кескіш (ботворез), үш тиегіш, сегіз дана арнайы қызылша қазғыш техниканың көмегімен жұмыс көрігін қыздырған диқандар бұл науқанды жемісті аяқтауға үмітті. Газетіміздің алдыңғы сандарында аталмыш дақылды жинау жұмыстарының барысын тағы бір мәрте назарларыңызға ұсынатын боламыз.

          Қордай ауданы тұрғындардың саны мен жерінің аумағы жағынан үлкен облыс аудандары арасында көш бастап тұрғандықтан бұл жерге деген көзқарас ерекше. Бұл аз десеңіз, бір жағы қырғыз елімен, бір жағы Алматы облысымен шектесіп жатқан ауданның стратегиялық маңызы да жоғары. Сондықтан экономикалық мүмкіндігі мол, тоғыз жолдың торабында жатқан ауданнан күтер үміт те көп. Ал, сол үмітті ақтауды басты міндет санайтын мемлекеттік қызметкерлердің еңбегінің нәтижесінде ауданда қай салада болмасын ілгерілеушілік анық байқалады. Ауыл-аймақта қаншама жылдар бойы көптің көңілін күпті еткен көптеген мәселелердің шешімі табылып жатқанына да тұрғындар куә.

          Жалпы бүгінгі күнге ауданның әлеуметтік-экономикалық, агроөнеркәсіп, мал шаруашылығы, шағын және орта бизнес, құрылыс, білім, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет сынды салаларды дамыту аясында қол жеткізген табыстары көңіл қуантарлық.  Экономикамызды өсіруге, аудан бюджетін толықтыруға үлкен сеп болатын инвестиция тарту бойныша ауданда орасан зор жұмыстар атқарылуда. Мәселен, экономиканың негізгі тірегі - өнеркәсіп саласында өндірілген өнімнің көлемі  11 айлық көрсеткіш бойынша   12846,9 млн теңгені құраса, негізгі капиталға жалпы салынған инвестиция көлемі 15851,0 млн.теңгені құрап, ертеңгі күнге деген сеніміміз арта түскендей. Бұл ауданнның дамуына қосылып отырған қомақты үлес.

Тәуелсіздік жылдары Мемлекеттік Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын орындауда ауданымыз жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Аталған бағдарлама  аясында «Виста интернейшнал», «ВетроИнвест», «Ақ тас», «Грин Вил», «Централ Азия Голд Продакшн»,  «Қордай корм»  және «Aurum Deutschland» жауапкершілігі шектеулі серіктесігі сынды нысандар іске қосылып, бүгінде ірі кәсіпорындарға айналып отыр. Аудан экономикасын алға сүйрейтін бұл өндіріс орындарының алға қойып отырған жоспарлары да ауқымды.

          Осы сынды кәсіпорындардың қатарын бүгінде «Первомайские деликатесы» ЖШС, «Риха» ЖШС, «КордайАгротех» ЖШС –і толықтырып, өнім көлемінің ұлғаюына бірден бір септігін тигізіп отыр. Мәселен, өңіріміздегі бірегей жоба саналатын «Первомайские деликатесы» ЖШС өткен жылмен салыстырғанда өнімін 89 тоннаға ұлғайтса, «Риха» ЖШС өнім көлемін 165 тоннаға артық өндірді.Сондай-ақ, «Қазақдорстрой» ЖШС-мен 51 мың тонна тасты топырақ өндірді. «Тас Алға» ЖШС 68 мың текше метр қиыршық тас артығымен өндірді, «MВT» ЖШС 57 мың тоннаға әктасты артығымен өндірді, «Атырау ЖБИ» ЖШС 30 мың текше метр құм-қиыршықтас қоспасын артығымен өндірді, «Отаукұрылыс» ЖШС-і «Қазақдорстрой» ЖШС-не 4922 тоннаға артық асфальт өндірдірді,«КордайАгротех» ЖШС-өндірістің ұлғаюына байланысты  114,6 мың метр тамшылатып суару шлангтары артық өндірді. Осының арқасында облыс әкімі және аудан әкімі арасындағы келісімдегі бекітілген индикатор 100,6 пайызға орындалды.

          ҚР 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында аумақтық индустриаландыру картасына енгізілген жалпы жобалық құны 49 млрд. 840 млн. теңгені құрайтын 6 жоба іске асуда. Атап өтетіні, тек жобаларды іске асыру барысында 510 адам жұмыспен қамтылса, болашақта 889 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Ал, іске асырылып жатқан ауқымды жобаларды тізіп өтсек, ең ауқымдысы болып «Аурум дойчланд» ЖШС тау-кен металургиялық комбинатының құрылысы саналады. Бұл жоба іске асқан күнде құрамында алтыны бар кенді игеру жұмыстарына 800 адам жаңа жұмыс орнына орналасады деген болжам бар. Бағалы металға бай жерімізде сонымен қатар, 75 пайыздық алтын-күміс концентратын шығаратын «Алатау Қордай» ЖШС кіші зауытының құрылысы аяқталмақ, мұнда да 15 жұмыс орын ашылады деп күтілуде. Өңірімізде теңдесі жоқ жобаның бірі «Гринвилл» ЖШС заманауи жылыжай құрылысы. Онда жаңа технологиялар және аквапоника жүйесін қолдану арқылы балық және салат жапырақтарын өндіріледі. Бұл жерде де 12 жұмыс орын ашылып, есепті кезеңде бюджетке 7,8 млн.теңге салықтық және салықтық емес түсімдер төленді. Аудандағы нәтижелі еңбек етіп келген «Қордай сүт өнімі» ЖШС балмұздақ шығаратын цехын кеңейтіп, 5 жұмыс орнын ашты. Құрама жем өндіретін «Қордай Корм» АӨК өндірісті кеңейтіп, жаңа қондырғы орнатқанынан қосымша 2 жұмыс орны ашылды.

         Аудан ауыл шаруашылығы саласы бойынша әр кезде алдыңғы қатарлардан көрініп келеді. Бұл Қордай жері табиғатының қолайлығы мен суармалы жерлерді тиімді пайдалана отырып, жаңа технологияны енгізумен байланысты. Ата кәсіпті арда тұтқан аудан тұрғындарының басым бөлігі ауыл шаруашылығында еңбектенеді. Нәпақасын жерден теретін диқандар мол өнім алып, саланың дамуына үлесін қосса, төрт түлік бағатын шаруалар мал етін өткізуде жақсы көрсеткіштер көрсетіп келеді.

          Бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 11 айда 50445,0  млн теңгені құрады.   Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 қарашасына 2961 млн.теңгеге инвестициялық жобалар тартылды.

Жыл өткен сайын өнім көлемі ұлғайып, инвестициялық жобалардың көлемі артуына ауданымыздағы «Благовещенко», «Қақпатас-Қордай» ЖШС, «Бай-Нұр», «Алмас», «Медет» сынды шаруа қожалықтары және «KazMeatKordai» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қосқан үлестері айрықша. Осындай ірі кәсіпорындардың қатарына бүгінде «ГринВилл», «Азия сад», «Қордай құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қосылып, ауыл шаруашылық саласының  жаңа бағытта жандануына өз септігін тигізуде.

Қазіргі уақыт талабына сай тамшылатып суғару технологиясының көлемі үш мың гектарға жетіп, 24 шаруашылықта орнатылса, жаңбырлатып суару технологиясын 7 шаруашылық енгізіп, нәтижесінде   бүгінде жеті мыңнан гектардан  астам   алқапқа жаңа технология енгізілген.

Ауыл шаруашылығы өнімі көлемін  арттыруда да қазіргі заман талабына сай техникалар мен қажетті құрал жабдықтардың болуы өте маңызды.  Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бойынша жыл басынан бері шаруашылықтар тарапынан қазіргі заман талабына сай барлығы 28 техника, 52,2 млн. теңгеге қажетті құрал-жабдықтар алынды. Осының өзі аудандағы атқарылған жұмыстардың оңды нәтижесі деп білемін. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы жылда да өз жалғасын табатын болады.

 

Тәрбие бастауы – балабақшадан басталады.Тәуелсіздік жылдары ауданда   7 жаңа балабақша салынса, соңғы  жылдары    мемлекеттік  -жекеменшік  әріптестіктің  рөлі артып,    тек  2012-2019  жылдары  Қордай  ауданында  мемлекеттік  білім  беру  тапсырысы  аясында жекеменшік  балабақшалардың саны 41-ге жетіп отыр. Нәтижесінде аудан бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 1-6 жас аралығында – 92 % (облыста-84%),3-6 жас аралығында – 100%  (облыста-98%)құрап отыр.

Білім беру саласы қашанда ең маңызды салалардың бірі бола бермек. Аудан бюджеті есебінен қаржыландырылатын 48 мектепте 30462 оқушы және  9 мектептен тыс мекемеде 6507 бала білім алуда. Білім беру ошақтарын қажетті жабдықтармен қамту жұмысына ерекше мән беріліп келеді. Атап айтсақ, 2019 жылы 29,6 млн.теңгеге 64 сынып жиынтық жиһаз, 14,5 млн.теңгеге 2 физика кабинеті, 30,3 млн.теңгеге 4 IT сынып және 54,6 млн.теңгеге 10 жиынтық робототехника, 179 млн теңгеге 359 интерактивті құрылғылар  сатып алынды.

Сонымен қатар, тек өткен жылдың өзінде Көктөбе және Соғанды ауылдарында жаңа мектеп ғимараты оқу жылында қолданысқа берілсе, ағымдағы жылы Қордай, Қаракемер, Қайнар ауылдарындағы орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілді. Сонымен қатар, бірқатар ауылдық округтердің білім беру ошақтарындағы орын тапшылығы мәселесі өз шешімін табуда. Ағымдағы жылы Қалғұты және Күнбатыс ауылдарында  жаңа мектептің құрылыс жұмыстары басталып, келесі жылы жаңа оқу жылында қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Бүгінгі таңда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында IT-қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие болып отыр. Осыған орай, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында өңір кітапханаларының қоғамдағы кеңістігін дамыту, оларды үздіксіз өзгеріп отырған шарттарға бейімделу мақсатында аудандық орталық кітапханаға қарасты ауылдық кітапханаларда цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылуда. Осындай орталық өткен жылы Қордай және Әлжан ана ауылдарында ашылса, ағымдағы жылы 11 ауылда ашылып, бүгінгі күні аудан тұрғындарына e.gov.kz порталы мен «cao-zhambyl.kz» сайты арқылы мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілуде.

Дәстүрге сай әр мерекені жағымды жаңалықпен қарсы алатын Қордай ауданы желтоқсан айындағы мерейлі мерекелерді де жаңа бастамалармен, игі шаралармен бастады ҚР Тұңғыш Президенті күні және ҚР Тәуелсіздігі күні мерекелері қарсаңында 2 ауылда жекеменшік балабақша, 8 ауылда дәрігерлік нысандар, сондай-ақ, Әлжан ана ауылында жаңа сумен  қамтамасыздандыру жүйесі қолданысқа берілді. Сонымен қатар, жыл соңына дейін қордайлықтардың көптен күткен қуанышы "Болашақ" ықшам ауданындағы көпірдің құрылыс жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілетін болады.

Мереке қарсаңындағы тағы бір игі шаралардың бірі аудандағы 7 көпбалалы отбасыға тұрғын үй берілді, сондай-ақ,  көпбалы отбасыларың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Нұр-ниет» қайырымдылық дүкені мен әлеуметтік дүкен ашылып, қолданысқа берілді.

          Жалпы биылғы жылы тек мемлекеттік қолдау ғана емес, рухани жаңғыруға бел байлаған аймақ кәсіпкерлерінің демеушілігімен 10 отбасы баспаналы болды.

          Жоғарыда келтірілген мәліметтер ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бір парасы ғана. Негізгі мақсат аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып, адамдардың өмір сүру сапасын көтеру болып қала бермек.

Әлжан ана ауылында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін орталықтандырылған сумен қамту жүйесінің құрылысы аяқталып, суды көшелердің бойымен тартып, әр үйге жеткізу бойынша нақты жұмыстар атқарылды. Ауыл игілігі үшін қолға алынған жұмыстардың жай-күйімен сол орынға барып танысқанды жөн көрген едік.

Тілшілер ауылға табан тіреген сәтте трактор қазған арнайы траншеяға су құбыры салынып, одан әр үйге кішірек құбырлар тартылып жатыр екен. Бәйдібек көшесінде «Қордай су» мекемесінің жұмысшыларымен жолығып, жұмыстың барысын сұрастырдық.

«Ауылда бұл жұмыстардың атқарылып жатқанынан бір жарым ай уақыт болып қалды. Су ауылдағы Абдуллин көшесіне тартылса, Алматы көшесінде жұмыстар жартылай аяқталып, Бәйдібек көшесінде де басталып кетті. Ауыл тұрғындары дән риза, біртіндеп жүйеге қосылып жатыр», - дейді ауыл тұрғыны Айтжан Әбдібаев.

«Қордай су» КММ директорының орынбасары Рүстем Мадияровтың айтуынша төлемге және қосылуға қатысты мәселелер ауыл тұрғындарының басын қосқан жиында шешілген. Мекеме өкілдері тұрғындармен бірге ортақ келісімге келіпті.

«Ауылымызда мұндай жұмыстардың қолға алынғанына қуаныштымыз. Осындай игі істі қолға алған облыс және аудан басшылығына айтар алғысымыз мол. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған батыл қадам», - дейді ауыл тұрғыны Таңат Қасымбеков.

Әрине, мұндай жұмыстар жүргізілгенде қиындықтардың болмай қоймасы анық. Мәселен, тұрғындардың бірінің ауласына қырлы тас төселсе, басқалары ауласына бетон құйған. Енді су құбырын тарту үшін ауланың тегіс бетін бұзуға тура келеді. Ал, тұрғындардың арасында су құбырын қажет етпейтіндері де кездеседі. Олар ауласынан ұңғыма қаздырып, сусорғыларын орнатып, үйге су кіргізу үшін айтарлықтай қаражат жұмсағанын алға тартқанымен, ұңғымалардың сапалы ауыз суды қамтамасыз ете алмайтынын ескермейді. Ал, орталықтандырылған ұңғыма типтік жоба бойынша су сапасының қажетті талдауы мен зертханалық зерттеулерін өткізіп салынған. Әлжан ана ауылына тартылған судың сапасы мен өзге де тиімді тұстары жайында аз-кем айта кетсек. Су 110 метр тереңдіктен алынады. Оған қоса, орталықтандырылған стансада құрамында ультракүлгін залалсыздандыру жүйесі бар биологиялық тазарту қондырғысы қосылған. Қазіргі таңда ультракүлгін жүйелерде суды залалсыздандыру биологиялық тазартудың заманауи тәсілі болып табылады. Демек, су құбыры дегенде бірден еске түсетін «хлорканың» иісі де, дәмі де болмайды. Ғылыми зерттеулерге сай сапасыз су бүйрек, бауыр, несеп-жыныс жүйесінің ауруларының себепшісі болып табылады. Ал, сапалы ауыз суды қолдану аталмыш аурулардың алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі. Орталықтандырылған жүйеге қосылуға асықпайтын тұрғындар сусорғылармен жабдықталған жеке ұңғымалардың жұмысқа жарамды мерзімі 4-5 жыл ғана екенін ескермейді. Бұл мерзім өткеннен кейін Қытайда өндірілген сусорғылар жарамай, оларды ауыстыруға тура келеді, ал бұл дегеніміз қосымша шығын. Қазіргі таңда түрлі технологиялардың дамуының нәтижесінде ауыл тұрғындарының автоматты кір жуу машиналарын, су жылытқыштарын және өзге техниканы қолдануға мүмкіндігі бар.

Аудан әкімі Болатбек Байтөле жұмыс сапарымен ауданымыздың шалғайында орналасқан Қарасай ауылдық округіне барды. Құрамына Қарасаймен қатар Еңбек ауылы кіретін аймақта соңғы жылдары экономикалық және әлеуметтік тұрғыда дамудың жақсы динамикасы байқалады. Алма бақтары қайта түлеп, бизнесі жақсы жолға қойылған қос ауылда әлеуметтік мәселелер де оңды шешімін табуда. Аудан басшысы алдымен Еңбек ауылының маңында орналасқан «Азия Сад» ЖШС-нің заманауи алма бағында болды. Жаңа технологияларды қолдана отырып, қарқынды алма бағын биыл көктемде 53 гектар алқапқа отырғызып, италиялық сұрыптарды пайдаланған серіктестік жұмысымен танысу жұмыс сапарының әлқиссасы болды.

 

«Голден Делишес», «Ред Делишес», «Айдаред» және «Гала» деп аталатын алма сорттарын өсірумен айналысатын «Азия Сад» ЖШС өкілі Марат Жетігенов қазіргі таңда алма бақта атқарылып жатқан жұмыстардың жайын айтып өтті. Биылғы жылдың көктемінде отырғызылған көшеттер заманауи технологияларды тиімді пайдаланудың арқасында жақсы өнім берген. Отыз тоннаға жуық алманы бағбандар жинап үлгеріпті. Мұнда арнайы су жинайтын орын дайдындалып, соның арқасында су тапшылығы да болмаған. Оның үстіне алманың бұл сорттары суды аса көп қажет етпейді екен. Ал, бақтағы өнімді жинау жұмыстарына ауыл тұрғындары жұмылдырылған. Бұрынырақ алмамен аты шыққан ауыл жанында орналасқан бақтың болашағы жарқын. Мұның сыры қолданылып отырған еуропалық әдістің тиімділігі мен осы аймақтың ауа райының алма өсіруге өте қолайлылығында жатыр. Серіктестік жұмысына сәттілік тілеген аудан басшысы осыдан кейін аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов, округ әкімі Күлжахан Елемесовамен бірге Еңбек ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктте болды. Ауылдастарына сапалы медициналық көмек көрсетіп отырған пункттің жұмысы тура жолға қойылған. Дәрігерлер мен медбикелер тұрғындарға мерзімді медициналық қызмет көрсетіп жатқанын ауылдастары да растап отыр. Мұндағы мамандар еліміздің медицина саласында орын алып жатқан жаңалықтарға да жатсынбай, жаңа форматта жұмыс істеуге дағдыланған. Қажетті дәрі-дәрмекпен де уақытылы қамтылып отыр. Аудан басшысы «Дамумед» бағдарламасын қолдану турасында және өзге де кезек күттірмейтін мәселелер жайында сұрастырып, тұшымды жауап алды. Болатбек Байқонысұлының кезекті барған нысаны Еңбек ауылдық клубы болды. Өткен ғасырдың елуінші жылдары қабырғасы қаланған ғимараттың әбден тозығы жеткенін аңғару үшін арнайы білімнің қажеті жоқ. Біраз жыл бұрын аздаған жөндеу жұмыстары жасалғанымен оның ғимаратқа әр беріп тұрғаны шамалы. Төбесі ойылып, қабырғалары қарқыраған ғимаратқа шұғыл күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтқан аудан әкімі жауапты мамандарға сол жерде тапсырма беріп, қажетті есеп-қисаптарын жасап, көп ұзатпай ұсыныспен шығу керектігін нықтады. Сонымен қатар, клубтың ауласындағы ашық алаңқайға заманауи футбол алаңшасын салу жұмыстарын да жеделдетуді тапсырды. Осы ғимаратта орналасқан кітапхананың да жайын көрген аудан басшысы жөндеу жұмыстары жасалған кезде кітапхананы кеңейту қажеттігін де баса айтты. Келесі кезекте №22 Еңбек ауылдық орта мектебіне бас сұққан Болатбек Байтөле білім ошағының аумағына кіре берісте орналасқан аркадан бастап, ішке кіретін жолына және мектеп ауласының өзге де жерлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ретке келтіру қажеттігін білім бөлімі мен мектеп басшылығына тапсырды. Мектепті аралап көрген аудан басшысы қазандықтың жағдайын көзімен көріп, көмір сақтайтын орынды ретке келтіруді және асхана орналасқан ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жасау қажеттілігін немесе мүлдем алып тастап, асхананы өзге орынға көшіру бойынша білім бөліміне ұсыныспен шығу керектігін айтты. Осыдан кейін аудан әкімі ауылдық пошта бөлімшесіне барды. Арнайы ғимараты жоқ, пошташының жеке үйінен орын алған байланыс бөлімшесінің жайы мәз емес. Мекеме меңгерушісі Айгүл Замантаева газет-журналдардың мерзімді жеткізіліп тұратынын айтып, осы орыннан тұрғындарға поштаның барлық қызметтері көрсетілетінін жеткізді. Тұрғын үйге жапсарлас орнатылған аядай бөлмеде қандай стандарттар сақталып жатқанын айтып жатудың өзі артық. Аудан басшысы бұл мәселені назарға алып, «Қазпоштаның» басшылығына жеткізетін болып шешті. Болатбек Байқонысұлы келесі кезекте ауылдық мешітте болып, онда ауыл имамы Бақытбек Абитбаев мешіт маңында қолға алуды жоспарлап отырған абаттандыру жұмыстары жайында әңгімелеп, ауыл жамағатының демеушілігімен жылыту жүйесінің, асхананың салынғанын алға тартты. Келесі кезекте аудан әкімі барған нысан мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында ашылған «Ернұр 550» бөбек жайы болды. 45 баланы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтып отырған балалар мекенінің тіршілігі турасында меңгерушісі Чолпан Тоқбергенова баяндап, болашақта ғимаратты кеңейтуді көздеп отырғандарын жеткізді. Тәрбиеленушілер келген қонақтармен емен-жарқын амандасып, жаттаған өлеңдерін де оқып берді. Осыдан кейін аудан әкімі осы күні туған күні болып отырған жеткіншекке сыйлық ұсынып, одан соң балалармен бірге естелікке суретке түсті. Аудан әкімі балаларға және ата-аналарға ыңғайлы болу үшін бөбекжай орналасқан көшеге көп ұзамай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтып, тұрғындардың алғысына бөленді.

Болатбек Байтөленің жұмыс сапарының Еңбек ауылындағы бөлігі осымен тәмамдалып, Қарасай ауылына жол тартты. Онда алдымен аула клубына бас сұққан аудан басшысы клубтың толыққанды жұмыс жасауы үшін бірқатар мәселелерді көтеріп, біржақты шешім шығаратын болды. Осыдан кейін сән-салтанаты келіскен ауыл мешітінде болып, одан соң №20 Алмалы орта мектебіне барды. Күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған мектепті аралап көрген аудан әкімі қаржы мәселесі оңды шешімін тауып жатса, көп ұзамай жөндеу жұмыстары басталатынын айтты. Келесі кезекте №21 орта мектепке барған Болатбек Байтөле мектеп жанындағы «Арай» балабақшасына барып, одан кейін білім ошағының жай-күйімен танысты. Сол маңдағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында болған аудан әкімі робототехника және IT кабинеттерінде болып, мамандарға бірқатар сын-ескертпелер айтты. Аудан басшысы үлкен қаржыға келген бұл техника балаларды жаңа технологияларға баулу үшін алынғанын айтып, оның текке тұрғанын сынға алды. Сонымен қатар, тауға өрмелеу құралдары да толығымен алып берілгенімен, олармен оқушылардың айналысып жатқанын аңғару қиын. Осының барлығын пайдалану, балаларға үйрету жұмыстарының ақсап тұрғанын сынға алған Болатбек Байқонысұлы жұмыстарды жандандыруды нықтап тапсырды. Одан бөлек жалпы мектеп бойынша бірқатар олқылықтарды байқаған аудан басшысы шұғыл жөнге келтіру керектігін жауаптыларға жүктеді. Мектептен кейін аудан басшысы ауылдық поштаның жұмысын көрді.

Аудан әкімі жұмыс сапары барысында ауыл қарияларына барып, амандық сұрасуды да жөн көріпті. Қазіргі таңда 107 жасқа толып отырған қарт ана Зымиля Аманованың үйіне барып, дәстүрге сай ақ жаулық сыйлап, иығына камзол жапты. Жиырма үш немере мен алты туажаттың қызығын көріп отырған әже келген қонақтарға алғысын айтып, батасын берді. Сонымен қатар, аудан басшысы 107 жасты еңсерген тағы бір ғасыр құрдасы Рахия Арыстанбаеваның да үйіне барып, сый-сияпатын жасады. 9 баланы дүниеге әкелген батыр ананың батасына келген қонақтар алақанын жайып, әумин десті.

Түс ауа ауылдық округ әкімдігіндегі мәжіліс залында ауыл тұрғындарымен кездесу өтті. Жиналған қауымға аудан әкімі осы күнгі сапардың мақсаты турасында айтып, тұрғындар сауалына құлақ түрді. Көкейде жүрген көп сұрақтарға осы күні нақты жауаптар берілгенін де айта кеткен жөн. Қарасайлықтар жиынды алдымен аудан басшысына алғыс айтудан бастады. Еңбек ауылындағы клубқа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін естіген ағайын ризашылығын жасырмады. Сонымен қатар, өзге де оңды тірліктер үшін алғыстарын жеткізді.

- Ауылдағы ауыз су мәселесін жөнге келтіріп бергеніңіз үшін рахмет. Жұмыстарды жүйелі атқарған «Қордай су» мекемесіне де алғысымыз шексіз, - дейді тұрғындар. Ал, жиынға келген диқандар мен бағбандар суармалы судың жайын көтерді. Мұндағы басты мәселе «Ақжал» каналы арқылы келетін суды бір жақты етіп ретке келтіру. Яғни, каналды мемлекет қарамағына алып, шаруалардың су мәселесін түбегейлі шешу жолдарын қарастырып беруді өтінді. Сонымен қатар, «Колос» каналын да жөндеу жұмыстары кезек күттірмейтін мәселе болып отырғаны сөз болды. Тұрғындар осы орайда «Қазсушар» аудандық филиалы жұмысына көңілі толмайтындықтарын ашық айтып, басшысынан түсініктеме беруді талап етті. Су шаруашылығының басшысы Денис Коновалов аталмыш округтегі суармалы судың бүгінгі жағдайы турасында түсініктеме беріп, атқарылып жатқан және алдағы жоспарда бар жұмыстар жайына тоқталды.

- Сіздердің тараптарыңыздан ауылдағы проблемалардың бізге уақытылы жетпейтіндігіне бүгін көз жеткізіп отырмыз. Жеке өзім үнемі тұрғындарға жеке қабылдаулар жүргізіп отырамын. Ол алдын ала жарияланып тұрады. Соған міндетті түрде келіп, ауылдағы жағдайды айтып тұрсаңыздар болады. Ал, бүгінгі жағдайға келер болсақ, биылғы жылы суармалы сумен ауданда біраз қиындықтардың болғаны рас. Дей тұрғанымен, бірлесе жұмыс атқарудың арқасында барлығын шешуге болады. Су шаруашылығының басшылығына сіздер көтеріп отырған мәселелерді жеткіземіз. Ал, қараша айында басшыларымен бірге осында келіп, сіздермен бірге судың жайын біржақты шешетін боламыз, - деді аудан әкімі Болатбек Байтөле. Осы ретте бір айта кетерлігі, биыл «Колос» каналын ретке келтіруге қомақты қаржы бөлініп, мемлекеттік актісі жасалып, «Қазсушардың» қарамағына өткізіліпті. Енді күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады екен.

Судан бөлек ауыл азаматтары байланыс пен интернет жайын көтерді. Жиынға қатысып отырған «Қазақтелеком» АҚ өкілі биыл аталмыш округте интернет жылдамдығын арттыру бойынша жұмыстар жыл соңына дейін аяқталатынын жеткізді. Яғни, бұл көп ұзамай ауыл тұрғындары әлеуметтік желілерге еркін кіре алатын болады деген сөз. Округте бірқатар электр бағаналарының тозығы жеткені де сөз болып, оларды алмастыру бойынша аудандық мекемеге тапсырма берілді. Аудан басшысына түскен сұрақтар қатарында жер алу, кәсіп ашу сынды мәселелер де болды. Олардың барлығына мардымды жауаптар берілді.

-«Көш жүре түзеледі», деген сөз бар. Қос ауылда соңғы жылдары атқарылған жұмыстар жетерлік. Бүгін аудан басшысы ертеден бастап осында жүр. Көңіл аударарлық барлық мәселелер назарға алынуда. Аудан әкімінің ықпалымен Бақтығұл көшесіне жөндеу жұмыстары жасалатын болды, Еңбектегі клуб ретке келеді. Одан өзге де маңызды жайлар қолға алынбақ, - деді жиынға қатысып отырған аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов. Ал, жиынды қорытындылаған аудан басшысы ауылдық округтегі ақсақалдар кеңесі мен қауымдастық мүшелерін округ әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс жасауға шақырды.

Тұрғындармен кездесуден кейін аудан әкімі «Жаниет» жекеменшік балабақшасында болды. Балабақша меңгерушісі Б.Құрманова мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдауларға ризашылығын білдіре келе, жақын болашақта кеңейтуді жоспарлап отырғанын айтып, ауылда сонымен қатар сұлулық салонын ашуды көздеп жүргенін жеткізді. Кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеген Болатбек Байқонысұлы осыдан кейін Қарасай ауылы жанынан орын тепкен «Мерей» ШҚ 130 гектар жүгері алқабында болып, жұмыс жайымен танысты.

 

Жандос ОМАРОВ