Информационное агентство "Aldaspan-Info"

Главная / Аймақтар / БІРЛІГІ БЕКЕМ, ТІРЛІГІ БЕРЕКЕЛІ ҚОРДАЙ АУДАНЫ немесе ауданда атқарылған жұмыстар жайында

БІРЛІГІ БЕКЕМ, ТІРЛІГІ БЕРЕКЕЛІ ҚОРДАЙ АУДАНЫ немесе ауданда атқарылған жұмыстар жайында

          Қордай ауданы тұрғындардың саны мен жерінің аумағы жағынан үлкен облыс аудандары арасында көш бастап тұрғандықтан бұл жерге деген көзқарас ерекше. Бұл аз десеңіз, бір жағы қырғыз елімен, бір жағы Алматы облысымен шектесіп жатқан ауданның стратегиялық маңызы да жоғары. Сондықтан экономикалық мүмкіндігі мол, тоғыз жолдың торабында жатқан ауданнан күтер үміт те көп. Ал, сол үмітті ақтауды басты міндет санайтын мемлекеттік қызметкерлердің еңбегінің нәтижесінде ауданда қай салада болмасын ілгерілеушілік анық байқалады. Ауыл-аймақта қаншама жылдар бойы көптің көңілін күпті еткен көптеген мәселелердің шешімі табылып жатқанына да тұрғындар куә.

          Жалпы бүгінгі күнге ауданның әлеуметтік-экономикалық, агроөнеркәсіп, мал шаруашылығы, шағын және орта бизнес, құрылыс, білім, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет сынды салаларды дамыту аясында қол жеткізген табыстары көңіл қуантарлық.  Экономикамызды өсіруге, аудан бюджетін толықтыруға үлкен сеп болатын инвестиция тарту бойныша ауданда орасан зор жұмыстар атқарылуда. Мәселен, экономиканың негізгі тірегі - өнеркәсіп саласында өндірілген өнімнің көлемі  11 айлық көрсеткіш бойынша   12846,9 млн теңгені құраса, негізгі капиталға жалпы салынған инвестиция көлемі 15851,0 млн.теңгені құрап, ертеңгі күнге деген сеніміміз арта түскендей. Бұл ауданнның дамуына қосылып отырған қомақты үлес.

Тәуелсіздік жылдары Мемлекеттік Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын орындауда ауданымыз жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Аталған бағдарлама  аясында «Виста интернейшнал», «ВетроИнвест», «Ақ тас», «Грин Вил», «Централ Азия Голд Продакшн»,  «Қордай корм»  және «Aurum Deutschland» жауапкершілігі шектеулі серіктесігі сынды нысандар іске қосылып, бүгінде ірі кәсіпорындарға айналып отыр. Аудан экономикасын алға сүйрейтін бұл өндіріс орындарының алға қойып отырған жоспарлары да ауқымды.

          Осы сынды кәсіпорындардың қатарын бүгінде «Первомайские деликатесы» ЖШС, «Риха» ЖШС, «КордайАгротех» ЖШС –і толықтырып, өнім көлемінің ұлғаюына бірден бір септігін тигізіп отыр. Мәселен, өңіріміздегі бірегей жоба саналатын «Первомайские деликатесы» ЖШС өткен жылмен салыстырғанда өнімін 89 тоннаға ұлғайтса, «Риха» ЖШС өнім көлемін 165 тоннаға артық өндірді.Сондай-ақ, «Қазақдорстрой» ЖШС-мен 51 мың тонна тасты топырақ өндірді. «Тас Алға» ЖШС 68 мың текше метр қиыршық тас артығымен өндірді, «MВT» ЖШС 57 мың тоннаға әктасты артығымен өндірді, «Атырау ЖБИ» ЖШС 30 мың текше метр құм-қиыршықтас қоспасын артығымен өндірді, «Отаукұрылыс» ЖШС-і «Қазақдорстрой» ЖШС-не 4922 тоннаға артық асфальт өндірдірді,«КордайАгротех» ЖШС-өндірістің ұлғаюына байланысты  114,6 мың метр тамшылатып суару шлангтары артық өндірді. Осының арқасында облыс әкімі және аудан әкімі арасындағы келісімдегі бекітілген индикатор 100,6 пайызға орындалды.

          ҚР 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында аумақтық индустриаландыру картасына енгізілген жалпы жобалық құны 49 млрд. 840 млн. теңгені құрайтын 6 жоба іске асуда. Атап өтетіні, тек жобаларды іске асыру барысында 510 адам жұмыспен қамтылса, болашақта 889 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Ал, іске асырылып жатқан ауқымды жобаларды тізіп өтсек, ең ауқымдысы болып «Аурум дойчланд» ЖШС тау-кен металургиялық комбинатының құрылысы саналады. Бұл жоба іске асқан күнде құрамында алтыны бар кенді игеру жұмыстарына 800 адам жаңа жұмыс орнына орналасады деген болжам бар. Бағалы металға бай жерімізде сонымен қатар, 75 пайыздық алтын-күміс концентратын шығаратын «Алатау Қордай» ЖШС кіші зауытының құрылысы аяқталмақ, мұнда да 15 жұмыс орын ашылады деп күтілуде. Өңірімізде теңдесі жоқ жобаның бірі «Гринвилл» ЖШС заманауи жылыжай құрылысы. Онда жаңа технологиялар және аквапоника жүйесін қолдану арқылы балық және салат жапырақтарын өндіріледі. Бұл жерде де 12 жұмыс орын ашылып, есепті кезеңде бюджетке 7,8 млн.теңге салықтық және салықтық емес түсімдер төленді. Аудандағы нәтижелі еңбек етіп келген «Қордай сүт өнімі» ЖШС балмұздақ шығаратын цехын кеңейтіп, 5 жұмыс орнын ашты. Құрама жем өндіретін «Қордай Корм» АӨК өндірісті кеңейтіп, жаңа қондырғы орнатқанынан қосымша 2 жұмыс орны ашылды.

         Аудан ауыл шаруашылығы саласы бойынша әр кезде алдыңғы қатарлардан көрініп келеді. Бұл Қордай жері табиғатының қолайлығы мен суармалы жерлерді тиімді пайдалана отырып, жаңа технологияны енгізумен байланысты. Ата кәсіпті арда тұтқан аудан тұрғындарының басым бөлігі ауыл шаруашылығында еңбектенеді. Нәпақасын жерден теретін диқандар мол өнім алып, саланың дамуына үлесін қосса, төрт түлік бағатын шаруалар мал етін өткізуде жақсы көрсеткіштер көрсетіп келеді.

          Бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 11 айда 50445,0  млн теңгені құрады.   Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 қарашасына 2961 млн.теңгеге инвестициялық жобалар тартылды.

Жыл өткен сайын өнім көлемі ұлғайып, инвестициялық жобалардың көлемі артуына ауданымыздағы «Благовещенко», «Қақпатас-Қордай» ЖШС, «Бай-Нұр», «Алмас», «Медет» сынды шаруа қожалықтары және «KazMeatKordai» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қосқан үлестері айрықша. Осындай ірі кәсіпорындардың қатарына бүгінде «ГринВилл», «Азия сад», «Қордай құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қосылып, ауыл шаруашылық саласының  жаңа бағытта жандануына өз септігін тигізуде.

Қазіргі уақыт талабына сай тамшылатып суғару технологиясының көлемі үш мың гектарға жетіп, 24 шаруашылықта орнатылса, жаңбырлатып суару технологиясын 7 шаруашылық енгізіп, нәтижесінде   бүгінде жеті мыңнан гектардан  астам   алқапқа жаңа технология енгізілген.

Ауыл шаруашылығы өнімі көлемін  арттыруда да қазіргі заман талабына сай техникалар мен қажетті құрал жабдықтардың болуы өте маңызды.  Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бойынша жыл басынан бері шаруашылықтар тарапынан қазіргі заман талабына сай барлығы 28 техника, 52,2 млн. теңгеге қажетті құрал-жабдықтар алынды. Осының өзі аудандағы атқарылған жұмыстардың оңды нәтижесі деп білемін. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы жылда да өз жалғасын табатын болады.

 

Тәрбие бастауы – балабақшадан басталады.Тәуелсіздік жылдары ауданда   7 жаңа балабақша салынса, соңғы  жылдары    мемлекеттік  -жекеменшік  әріптестіктің  рөлі артып,    тек  2012-2019  жылдары  Қордай  ауданында  мемлекеттік  білім  беру  тапсырысы  аясында жекеменшік  балабақшалардың саны 41-ге жетіп отыр. Нәтижесінде аудан бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 1-6 жас аралығында – 92 % (облыста-84%),3-6 жас аралығында – 100%  (облыста-98%)құрап отыр.

Білім беру саласы қашанда ең маңызды салалардың бірі бола бермек. Аудан бюджеті есебінен қаржыландырылатын 48 мектепте 30462 оқушы және  9 мектептен тыс мекемеде 6507 бала білім алуда. Білім беру ошақтарын қажетті жабдықтармен қамту жұмысына ерекше мән беріліп келеді. Атап айтсақ, 2019 жылы 29,6 млн.теңгеге 64 сынып жиынтық жиһаз, 14,5 млн.теңгеге 2 физика кабинеті, 30,3 млн.теңгеге 4 IT сынып және 54,6 млн.теңгеге 10 жиынтық робототехника, 179 млн теңгеге 359 интерактивті құрылғылар  сатып алынды.

Сонымен қатар, тек өткен жылдың өзінде Көктөбе және Соғанды ауылдарында жаңа мектеп ғимараты оқу жылында қолданысқа берілсе, ағымдағы жылы Қордай, Қаракемер, Қайнар ауылдарындағы орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілді. Сонымен қатар, бірқатар ауылдық округтердің білім беру ошақтарындағы орын тапшылығы мәселесі өз шешімін табуда. Ағымдағы жылы Қалғұты және Күнбатыс ауылдарында  жаңа мектептің құрылыс жұмыстары басталып, келесі жылы жаңа оқу жылында қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Бүгінгі таңда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында IT-қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие болып отыр. Осыған орай, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында өңір кітапханаларының қоғамдағы кеңістігін дамыту, оларды үздіксіз өзгеріп отырған шарттарға бейімделу мақсатында аудандық орталық кітапханаға қарасты ауылдық кітапханаларда цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылуда. Осындай орталық өткен жылы Қордай және Әлжан ана ауылдарында ашылса, ағымдағы жылы 11 ауылда ашылып, бүгінгі күні аудан тұрғындарына e.gov.kz порталы мен «cao-zhambyl.kz» сайты арқылы мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілуде.

Дәстүрге сай әр мерекені жағымды жаңалықпен қарсы алатын Қордай ауданы желтоқсан айындағы мерейлі мерекелерді де жаңа бастамалармен, игі шаралармен бастады ҚР Тұңғыш Президенті күні және ҚР Тәуелсіздігі күні мерекелері қарсаңында 2 ауылда жекеменшік балабақша, 8 ауылда дәрігерлік нысандар, сондай-ақ, Әлжан ана ауылында жаңа сумен  қамтамасыздандыру жүйесі қолданысқа берілді. Сонымен қатар, жыл соңына дейін қордайлықтардың көптен күткен қуанышы "Болашақ" ықшам ауданындағы көпірдің құрылыс жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілетін болады.

Мереке қарсаңындағы тағы бір игі шаралардың бірі аудандағы 7 көпбалалы отбасыға тұрғын үй берілді, сондай-ақ,  көпбалы отбасыларың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Нұр-ниет» қайырымдылық дүкені мен әлеуметтік дүкен ашылып, қолданысқа берілді.

          Жалпы биылғы жылы тек мемлекеттік қолдау ғана емес, рухани жаңғыруға бел байлаған аймақ кәсіпкерлерінің демеушілігімен 10 отбасы баспаналы болды.

          Жоғарыда келтірілген мәліметтер ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бір парасы ғана. Негізгі мақсат аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып, адамдардың өмір сүру сапасын көтеру болып қала бермек.