Информационное агентство "Aldaspan-Info"

Главная / Денсаулық / ҚЫЗЫЛСАЙДА ҚОС ҚУАНЫШ

ҚЫЗЫЛСАЙДА ҚОС ҚУАНЫШ

Осы күні Ауқатты ауылдық округіне қарасты Қызылсай ауылында «Тілашар» атты жекеменшік балабақша ашылды. 50 орынға арналған мектепке дейінгі білім беру мекемесінде екі топқа бөлінген балақайлар қазақ тілінде тәрбиеленетін болады. Балабақшаның ашылуы ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешуге ықпал еткенін де ерекше айта кеткен жөн.

 

Жоспар бойынша мұнда екі педагог және алты көмекші персонал, барлығы сегіз адам жұмыспен қамтылып, бүлдіршіндер тәрбиесімен айналысатын болады. Балалар мекенінің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Болатбек Байтөле, ауданның Құрметті азаматтары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Соңғы жылдары Қызылсай ауылында халық санының өсу қарқыны байқалады. Ал, ашылған балабақша ел сұранысын толықтай қанағаттандырмақ.

«Бүгін Жамбыл облысының 80 жылдығына орай және Тұңғыш Президент күні қарсаңында бірнеше әлеуметтік нысандардың ашылуы жоспарлануда. Олардың ішінде білім беру мекемелерімен қатар медицина нысандары да бар. Мектепке дейінгі тәрбиеге келер болсақ, бұл дегеніңіз адамның қалыптасуы мен дамуындағы бірінші саты. Балабақшада жаңа тұлға қалыптасады, балалар дүниетаным негіздерімен танысады. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында салынған 50 орынға арналған балабақшада балақайлардың жан-жақты және толық дамуына барлық жағдай жасалған», - деді Болатбек Байқонысұлы.

Ауыл тұрғындарының атынан ақсақал Арыстанбек Молдажанов сөз алып, жерлестерін балабақшаның ашылуымен құттықтады.

«Ауылда осындай мекеменің ашылуы маңызды оқиға. Халық саны ұлғайып, балаларымыз өсіп келеді. Бұл мекемеде еліміздің нағыз патриоттары, біз мақтан тұтатын тұлғалар тәрбиеленетініне сенімдімін. Біздің ынтымақтық пен ауызбіршілік дамуға және барлық қиындықтарға төтеп беруге мүмкіндік береді», - деп баталы сөзін арнады. Сонымен қатар, ауданның Құрметті азаматы Төле Сүгірбай аймағымыздың 80 жылдығына орай ашылған балабақша жұмысына сәттілік тілеп, ауыл тұрғындарына құтты болсын айтты. Ашылу рәсімінен кейін қатысушылар балабақшаның ішін аралап, онда балақайлар қонақтарға арнайы жаттаған өлеңдерін оқып, билеп те берді.

Дәл осы күні қызылсайлықтардың қуанышы еселене түсті. Ауылда балабақшамен қатар су жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. 10 келушіге арналған медициналық пункттің аумағы 120 шаршы метрді алып жатыр. Ендігі жерде ауыл тұрғындары өзіне қажетті ем-домды жаңа ғимаратта алатын болды. Ашылу салтанатына жиналған қауымды аудан басшысы құттықтап, ізгі тілегін арнады.

«Бұл ғимарат біріншіден тұрғындардың денсаулығын жақсартуға ықпал етсе, екіншіден жергілікті халықтың белгілі бір бөлігін жұмыспен қамтиды, сондай-ақ, экономикалық ахуалға әсер етеді. Алдағы уақытта дәрігерлік амбулатория ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп, халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру жолында ел игілігіне қызмет ететін болады. Біздің басты мақсатымыз – ауыл тұрғындарының аудан орталығына бармай-ақ сапалы ем алуына ықпал ету болып табылады», - деді аудан әкімі. 

Ауыл тұрғындарының атынан Рахымбай Молдашев ақсақал сөз алды. «Бүгін ауылымызда екі маңызды оқиға орын алып, ең қажетті екі әлеуметтік нысан ашылды. «Басты байлық - денсаулық» деп бекер айтылмаған. Фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуы қызылсайлықтар үшін үлкен көмек. Ауыл тұрғындарының атынан аймақ және аудан басшылығына қамқорлығы мен ықыласы үшін алғыс білдіремін», - деді қария. 

Осыдан кейін Рахымбай ақсақал мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет нысанның лентасын қиып, жиналған жұртшылық медициналық мекеменің ішін аралап, ұжымына сәттілік тіледі. 

 

Серғазы Манасбаев