«Кітап оқу – рухани даму көзі» атты кітап оқу байқауы
Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» «Тараз қаласының жас ақын жазушыларды қолдау бойынша іс-шаралар ұйымдастыру» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жобасын жүзеге асыруда. Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде білім алушылар арасында кітап оқуды насихаттау, әдебиетке деген қызығушылықты арттыру және оқырмандық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Кітап оқу – рухани даму көзі» атты кітап оқу байқауы өткізілді.
Іс-шара барысында қатысушылар өздері оқыған шығармалар бойынша білімдерін ортаға салып, мазмұнын баяндап, негізгі идеяларын талдап, кейіпкерлердің іс-әрекетіне қатысты пікірлерін білдірді. Байқау аясында қазақ әдебиетінің көрнекті туындылары, атап айтқанда «Ай мен Айша», «Жусан иісі» және тағы да басқа шығармалар қамтылды. Қатысушылар тек мазмұндап қана қоймай, шығармалардың тәрбиелік мәнін ашып, олардың бүгінгі қоғамдағы маңыздылығына тоқталды. Әрбір қатысушы өз ойын еркін жеткізіп, кітап арқылы алған әсерімен бөлісті. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушыларға оқыған шығармалары бойынша сұрақтар қойылып, олар өз білімдері мен дайындық деңгейлерін көрсетті. Сонымен қатар көркем сөйлеу, ойды жүйелі жеткізу дағдылары да бағаланды.
Іс-шара қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар анықталып, қаржылай сертификаттармен марапатталды. Бұл байқау білім алушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, олардың ой-өрісін кеңейтуге және рухани дамуына оң әсерін тигізді.

04 Қыркүйек 2025
11
25 Қараша 2024