"Aldaspan-Info" ақпараттық агенттігі

Басты бет / Қоғам / Мектепке жол акциясы

Мектепке жол акциясы

Жамбыл облысында жалпыреспубликалық «Мектепке жол» акциясы басталды. Тоғыз жылдан бері үзілмей келе жатқан қайырымдылық шарасы аясында биыл да тұрмыс жағдайы төмен отбасылар мен атааналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Бүгінгі күні бір баланың өзін мектепке дайындау ата-анаға салмақ түсіретіні анық. Ал, отбасында бірнеше бала болса ше? Әлбетте, мұндай жағдайда әке-шеше барлық баласын бірдей жаңа оқу жылына сақадай сай етіп даярлай алмасы анық. Бұдан басқа да әлеуметтік көмекті қажет ететін тұрмысы төмен отбасы мен жетім, жартылай жетім жеткіншектер бар. Оларға да көп болып көмек көрсету игілікті іс. Дәстүрлі жалпыреспубликалық акция аз қамтылған және көп балалы отбасында тәрбиеленіп жатқан оқушыларға, жетім балалар мен жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға қолдау көрсету, сондай-ақ, әлеуметтік себептермен мектепке балалардың келмеуінің алдын алу мақсатында ұйымдастырылуда. Қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу жөнінде өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, облыс әкімдігі тарапынан бекітілді. Жоспарға сәйкес барлық аудандар мен Тараз қаласында «Бақытты балалық шақ мекені», «Ауыл (қала) балаларына мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасыға көмек көрсетеді: балаларды мектепке дайындаймыз!» атты қайырымдылық акциялар, мектеп жәрмеңкелері, «Бірінші сыныпқа бірінші рет», «Балаға мейірім сыйла», «Мейірімді қолдар» және өзге де мерекелік іс-шаралар өтеді. Сондай-ақ, акция аясында дәлелсіз себептермен мектепке бармай жүрген және сабақтан жиі қалататын балаларды анықтау мен есепке алу мақсатында құқық қорғау органдары үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп компьютерлік клубтарда, саяжайлар мен базарларда, вокзалдарда және басқа да көңіл көтеретін орындарда «Жасөспірім», «Жұмыстылық», «Түнгі қаладағы (ауылдағы) балалар» атты рейдтертік іс-шаралар ұйымдастырылады. Өткен жылы қайырымдылық шара шеңберінде 29411 балаға демеушілер тарапынан 221 млн. 360 мың теңгеге материалдық көмек көрсетілсе, биыл көпбалалы отбасылар мен ерекше қолдауды қажет ететін 28307 балаға көмек көрсетіледі деп жоспарлануда. Акцияға үлес қосамын деген жандар болса, облыс мектептеріне киім-кешек, оқуға қажетті құрал-жабдықтар табыстай алады. Ал көмек алуға үмітті ата-аналар мен балалар тізімі жергілікті жердегі мектептерде бекітіледі. Баласының болашағына бейжай қарамайтын ата-ана егер мектепке қажетті киім-кешек, құрал-жабдық аламын десе, сонда өтініш білдіруіне болады. Жыл сайын балаларға мейірім мен шуағын төгетін акция көпшілік көмегімен өз дәрежесінде өтеріне сенім мол.

joomla 3.5