«ЖИТС-ке қарсымыз!» атты семинар-тренинг
Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы және «Жаңа-ру» жастар коалициясы заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен «АИТВ-ЖИТС-тің алдын алу» тақырыбындағы әлеуметтік жобаның аясында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Атап айтсақ, «Болашақ - Тараз» жоғары медициналық колледжінде «Ғасыр індеті» атты дөңгелек үстел, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «ЖИТС-ке қарсымыз!» атты семинар-тренингтер өткізілді. Мұнда, Жамбыл облысы ЖИТС орталығының арнайы мамандары: дәрігер-эпидемиологтар Айнұр Тұрғынбаева мен Цзи Александр Сергеевич жастарға вирус жайлы жалпы түсініктеме беріп, оның алдын алу, сақтану және індеттен айығу жолдарын толық түсіндірді.
ЖИТС - көп жағдайда өлімге соқтыратын аса қатерлі вирустық дерт. Қазақстанда осы қауіпті ауруға қарсы күрес жүргізу мақсатымен мамандандырылған жаңа қызмет жүйесі құрылды. Оның құрамына республикалық, облыстық, қалалық ЖИТС-ке қарсы күресу жане аурудың алдын алу орталықтары, диагностикалық лабораториялар мен анонимдік кабинеттер кіреді. Осындай қызмет жүйесінің күнделікті жұмысын Республикалык ЖИТС-тен сақтандыру комитеті басқарады. Бұл комитеттің ең басты мақсаты - ЖИТС вирусын жұқтырған адамды табу, оны тексеру және емдеуді жоспарлы түрде ұйымдастыру. Жоғарыда аталған ЖИТС орталықтары ұйымдастырушы, тәсілдеуші және емдеуші мекемелер ретінде жұмыс атқарады. Қазіргі кезде республикамызда ЖИТС-тен қорғану жөнінде жұмыс жүргізетін 20 орталық және 80 лаборатория бар.