"Aldaspan-Info" ақпараттық агенттігі

Басты бет / Қоғам / Отбасы құрылымының құқықтық негізі

Отбасы құрылымының құқықтық негізі

Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Т. Рысқұлов ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Отбасы институтын нығайту бойынша іс-шаралар ұйымдастыру» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жобасын жүзеге асыруда. Кезекті шара Көгершін ауылындағы Ақтоған орта мектебінде өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында отбасы құндылықтарын дәріптеу, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту және құқықтық сауаттылықты арттыру. Кездесуге мектептің жоғары сынып оқушылары мен ұстаздар қауымы қатысып, отбасылық тәрбие төңірегінде маңызды ақпараттармен танысты. Спикер ретінде шақырылған Жамбыл облыстық нотариаттық палатасының атқарушы директоры, заңгер Өмірбеков Данияр оқушыларға отбасы құрылымының құқықтық негіздері, ата-аналық жауапкершілік және отбасындағы сыйластықтың қоғамдағы орны туралы мазмұнды баяндама жасады.

Заңгер өз сөзінде отбасындағы үйлесімділік пен өзара сенімнің адамның тұлғалық қалыптасуына әсерін ерекше атап өтті. Ол қазіргі таңда жастар арасында кездесетін кейбір әлеуметтік мәселелердің түп-төркіні – отбасындағы өзара түсіністіктің әлсіреуінен болатынын айтып, бұл институттың мызғымас негізде сақталуы қажеттігін жеткізді.

Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, заңгерден нақты әрі өмірлік маңызы бар жауаптар алды. Сонымен қатар, еркін форматтағы пікір алмасу өткізіліп, отбасылық қарым-қатынас мәдениеті жөнінде түрлі ойлар ортаға салынды.

joomla 3.5