Жастар санасын деструктивті діни идеологиядан сақтау
Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Мойынқұм ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру және алдын-алу» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жоба аясында Мойынқұм ауданы, Көкжелек ауылында ақпараттық-түсіндіру бағытындағы семинар ұйымдастырды. Шара ауыл әкімшілігінің мәжіліс залында өткізіліп, оған ауыл тұрғындары мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
«Жастар санасын деструктивті діни идеологиядан сақтау» атты семинарда спикер ретінде «Абдықадыр» мешітінің бас имамы Дәурен Құттыбаев шақырылды. Білікті дінтанушы өз сөзінде қазіргі қоғамда жастардың деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсіп кету қаупін, сондай ағымдардың белгілерін және олардан сақтану жолдарын жан-жақты түсіндірді. Семинар барысында жастарға шынайы діни білімнің маңызы, дәстүрлі ислам құндылықтары мен ұлттық рухани негіздер жайында терең әрі мазмұнды мәліметтер берілді.
Спикер қатысушыларға нақты мысалдар келтіріп, жалған діни үгіт-насихаттың әлеуметтік қауіптері туралы ескертті. Шара соңында еркін форматта сұрақ-жауап ұйымдастырылып, қатысушылар көкейіндегі мәселелерге толыққанды жауап алды. Семинар өзекті тақырыптарды қамтып, жастар мен тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға сеп болды.