"Дін мен дәстүр"
Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Мойынқұм ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы негізінде жүзеге асып жатқан «Дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру және алдын-алу» жобасы аясында Мойынқұм ауданының Жастар ресурстық орталығында «Дін мен дәстүр» атты танымдық конференция ұйымдастырылды. Конференцияға аудан жастары, студенттер, мектеп бітіруші оқушылар қатысты. Шараның басты мақсаты – жастар арасында діни сауаттылықты арттыра отырып, дәстүрлі ислам мен қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрінің өзара байланысын түсіндіру, сонымен қатар діни радикализмнің алдын алу болды. Конференцияның арнайы шақырылған спикері – «Абдықадыр» мешітінің бас имамы, тәжірибелі дін маманы Дәурен Құттыбаев. Ол өз баяндамасында ислам дінінің қазақ халқының тарихы мен тұрмысында алатын орнын, дәстүрлі дін мен ұлттық болмыстың үйлесімін жан-жақты ашып көрсетті. Имам дін мен дәстүрдің бір-біріне қайшы емес, қайта бірін-бірі толықтыратын ұғымдар екенін нақты мысалдар арқылы түсіндіріп берді.
Сондай-ақ, спикер қазіргі заманда діни сауаттылықтың маңызы артқанын, жастардың теріс ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін ұлттық құндылықтарға негізделген дұрыс діни тәрбие беру керектігін баса айтты. Әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде тарап жатқан бұрмаланған діни ақпараттарға сын көзбен қарау қажеттілігі де айтылды. Конференция барысында қатысушылар белсенділік танытып, түрлі сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Шара жастардың дәстүр мен дінді терең түсінуіне, рухани дүниетанымын кеңейтуге және діни көзқарастарын жүйелеуге оң әсер етті. «Дін мен дәстүр» конференциясы – жас ұрпақтың бойында ұлттық сана мен діни тұрақтылықты қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын тағылымды кездесу болды.

26 Маусым 2025
18
25 Қараша 2024