Діни экстремизмнің қауіп қатерлері
Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Мойынқұм ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру және алдын-алу» атты мемлекеттік әлеуметтік жоба аясында Күшаман ауылында «Діни экстремизмнің қауіп қатерлері» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды. Шараға ауыл жастары, жоғары сынып оқушылары мен білім беру мекемелерінің қызметкерлері қатысты. Кездесудің басты мақсаты – жастардың діни экстремизм мен радикализмге қарсы тұра алатындай дүниетанымын қалыптастыру, оларға дәстүрлі дін мен радикалды ағымдардың айырмашылығын түсіндіру болды.
Ақпараттық кездесуге арнайы шақырылған спикер – «Абдықадыр» мешітінің бас имамы, тәжірибелі дін маманы Дәурен Құттыбаев. Ол өз сөзінде қазіргі қоғамда орын алып жатқан діни алауыздықтар мен экстремистік әрекеттердің туындау себептерін жан-жақты талдап, олардың қоғамға, жастардың болашағына төндіретін қауіптері жайында терең тоқталды. Имам жастарға дәстүрлі исламның шынайы құндылықтарын түсіндіре отырып, жалған діни ағымдардың белгілері мен олардан сақтану жолдарын нақты мысалдармен жеткізді. Сондай-ақ, интернет пен әлеуметтік желілерде жиі кездесетін шындыққа жанаспайтын діни ақпараттарға сын көзбен қарау қажеттігін ескертті.
Кездесу барысында қатысушылар белсенділік танытып, түрлі сұрақтар қойды. Спикер қойылған сауалдарға нақты әрі тұщымды жауап беріп, жастардың діни сауатын арттыруға ықпал етті. Іс-шара қатысушылар үшін пайдалы әрі танымдық сипатта өтті. Ол жастардың рухани дүниетанымын нығайтып, жат ағымдарға қарсы тұрарлық иммунитет қалыптастыруға зор үлес қосты.

18 Қыркүйек 2025
23
25 Қараша 2024