«Отбасы және руханият»
Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Мойынқұм ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында түрлі форматтағы кездесулер мен пікірталастарды ұйымдастырып келеді. Жоба шеңберінде Айдарлы ауылындағы ауылдық клуб ғимаратында «Отбасы және руханият» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасы ұғымының терең мәнін ашу, оның адам өміріндегі рухани тірек ретіндегі маңызын айқындау және ауыл тұрғындарын осы бағытта ой бөлісуге, пікір алмасуға тарту. Дөңгелек үстелге ауыл тұрғындары, жастар, ардагерлер мен мектеп ұстаздары қатысты. Шақырылған арнайы маман – тәжірибелі психолог Марал Хантөреқызы отбасыдағы рухани тәрбие, ішкі үйлесімділік пен өзара түсіністіктің маңыздылығына тоқталды. Ол бала тәрбиесінде ата-ананың мінез-құлқы, қарым-қатынас стилі мен эмоционалдық қолдауының ықпалы туралы кеңінен айтып, нақты мысалдар келтірді.
Шара барысында отбасы берекесін сақтау, ұлттық тәрбиенің рөлі, ұрпақтар сабақтастығы, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту сынды өзекті тақырыптар қозғалды. Қатысушылар отбасы ішіндегі сенім, сыйластық, махаббат пен жауапкершілік секілді құндылықтарды сақтау арқылы ғана қоғамда тұрақтылық пен рухани тұтастық қалыптасатынын атап өтті.
Ашық әрі еркін пікір алмасу түрінде өткен дөңгелек үстел барысында қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, психологиялық тұрғыда маңызды кеңестер алды. Кездесу соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, отбасылық руханиятты дамыту бағытында осындай мазмұнды кездесулердің жиі өткізіліп тұруының маңызын ерекше атап өтті.

23 Қыркүйек 2025
18
25 Қараша 2024