"Отбасының қоғамдағы орны"
Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Мойынқұм ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жобасын жүзеге асыруда. Аталған жоба аясында Мойынқұм ауданындағы «Coworking» білім орталығында қоғамның маңызды тетігі саналатын отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараға аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар қатысты. Шараның негізгі мақсаты – отбасы институтының қоғамдағы орнын айқындау, оның маңыздылығын ұғындыру және әлеуметтік осал топ өкілдерімен ашық диалог құру арқылы олардың санасында отбасыға деген жауапкершілік пен құрмет сезімін қалыптастыру болды.
Кездесуге арнайы шақырылған маман – кәсіби психолог Марал Хантөреқызы отбасы бірлігінің қоғамдағы тұрақтылыққа әсері, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, дұрыс тәрбие беру жолдары және тұлғалық дамуда отбасының рөлі туралы жан-жақты баяндама жасады. Ол өмірлік мысалдар мен кәсіби тәжірибесіне сүйене отырып, қатысушыларға терең әрі пайдалы ақпараттар ұсынды.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, маман тарапынан нақты жауаптар мен практикалық кеңестер алды. Сонымен қатар, диалог түрінде өткен ашық пікір алмасу барысында әр қатысушы өз ойын еркін білдіріп, отбасы тақырыбы төңірегінде өзара тәжірибе алмасты. Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің маңызын ерекше атап өтті.

06 Қазан 2025
24
25 Қараша 2024