"Aldaspan-Info" ақпараттық агенттігі

Басты бет / Қоғам / "Мен болашақпын"

"Мен болашақпын"

Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Мойынқұм ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында өскелең ұрпақпен мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Осы бағыттағы іс-шаралардың бірі – Айдарлы ауылындағы №2 орта мектепте өткізілген «Мен болашақпын» атты семинар-тренинг болды.

Жастар мен жасөспірімдерге арналған бұл семинар тұлғалық даму, өмірлік мақсатты анықтау, болашақ мамандықты дұрыс таңдауға бағыт беру сынды маңызды тақырыптарды қамтыды. Шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың өзін-өзі тануына, сенімді болуына, ішкі әлеуетін ашуға ықпал ету және олардың болашаққа деген оң көзқарасын қалыптастыру. Семинар барысында психолог Марал Хантөреқызы оқушылармен мотивациялық жаттығулар, жеке даму бағытында практикалық тапсырмалар орындалып, ашық сұхбат жүргізілді. Қатысушылар өз армандары мен мақсаттары жайлы ой бөлісіп, мамандық таңдауда нені ескеру керектігі туралы кеңестер алды.

Сонымен қатар, кездесуде отбасы тақырыбы кеңінен қозғалды. Баланың отбасындағы орны, ата-ананың тәлім-тәрбие беру үдерісіндегі рөлі, өзара түсіністік пен қолдаудың маңызы жөнінде мазмұнды әңгімелер айтылды. Жасөспірімдерге отбасы – әр адамның алғашқы тірегі, ал ата-ана – тұлға болып қалыптасудағы басты бағдаршы екені түсіндірілді.

Тренинг соңында оқушылар белсенділік танытып, болашаққа сеніммен қадам басу үшін білім, еңбек және жауапкершіліктің қажеттігі туралы нақты ой түйді. Шараға қатысушылар өз ризашылықтарын білдірді.

 

 

joomla 3.5