"Aldaspan-Info" ақпараттық агенттігі

Басты бет / Денсаулық / БӘЙТЕРЕКТЕ ЖАҢА МЕДПУНКТ

БӘЙТЕРЕКТЕ ЖАҢА МЕДПУНКТ

Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай, ҚР Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Қордай ауданында  7 әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді.

Жұма күні Жамбыл облысының 80 жылдығына орай тұсауы кесілген нысандар қатарында Ауқатты ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылындағы медициналық пункт болды.

Аумағы 91 шаршы метрді құрайтын медициналық мекеме 5 келушіге арналған. Нысанның құрылысы мамыр айында басталып, құрылыс жұмыстарын «ДАНИС» жеке кәсіпкерлігі жүргізді. Медпункттің салтанатты тұсаукесер рәсіміне аудан әкімі Б.Байтөле, бірқатар мемлекеттік мекеме басшылары, ауыл ақсақалдары және ауыл тұрғындары қатысты.

«Еліміздің өзге өңірлерімен қатар ауданымыздағы медицина саласының да еңсесі көтеріліп, Тәуелсіздік жылдары біршама оң өзгерістер, жағымды жаңалықтар орын алды. Соның бір айғағы ретінде облыс әкімінің қолдауымен өткен жылы үш ауылда дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілсе, биылғы жылы 8 ауылда денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүргізілді. Бүгін міне, ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында ауданымызда бірнеше медициналық нысан ашылғалы отыр. Осындай әлеуметтік нысанының бірі бүгін сіздердің ауылдарыңызда қолданысқа берілгелі тұр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған бұл нысан мемлекеттің бас-ты құндылығы - халық денсаулығын жақсартуға жасал-ған нақты қадам. Бүгінгі ашылған дәрі-герлік амбулатория сіздердің игіліктері-ңізге қызмет жасайды», - деді аудан әкімі. Сонымен бірге ауыл тұрғындарын Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Анатолий Бражников құттықтады.

«Бүгін біз маңызды оқиғаның куәсі болдық. Ел игілігіне әлеумет-тік маңызы бар нысан тапсырылуда. Бұл медициналық пункт халыққа барынша қызмет көрсетіп, отандастарымыздың денсаулығын жақсартуға елеулі үлес қосуына тілектеспін», - деп Анатолий Федорович құттықтау сөздерін жеткізді.

Ауыл тұрғындарының атынан «Восход» ШҚ басшысы Даур Сейтахунов сөз алып, өз лебізін қазақ тілінде білдірді. «Бүгін ауылымызда үлкен мереке. Осындай медициналық пункттің ашылуы біздің кішігірім ауылымыз үшін үлкен оқиға. Мереке қарсаңында баршаңызға зор денсаулық және ортақ үйіміздің гүлденуін тілеймін», - деді Д.Сейтахунов.

Жаңа ашылған медициналық пунктпен бізді Ауқатты ауылдық емханасының аға дәрігері Сулейман Айдыров таныстырды. Медициналық мекемеде фельдшерлік кабинет, әйелдер кабинеті, егу-процедуралық кабинеті және қажетті техникалық кабинеттер бар екен. Жоспар бойынша мекемеде 3 адам жұмыс істейді. Ашылу рәсімінен кейін аудан басшысы ауыл ақсақалдарымен бірге медициналық пункттің ішін аралап, құрал-жабдықтарын көріп шықты.