"Aldaspan-Info" ақпараттық агенттігі

Басты бет / Экономика / Жастар жобаның жемісін көруде

Жастар жобаның жемісін көруде

Елімізде халықты кәсіпкерлікке тартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар шапағатын сезініп жатқан жандар аз емес. Әсіресе, «Жастар жылына» орай түрлі қолдаулар қолға алынып, ел еңсесін тіктетуге бағытталған бағдарламалар өз жемісін беруде. Солардың бірі – арнайы ақшалай гранттар.

Қордай ауданындағы Әлжан ана ауылының тұрғыны Жазира Әділхан жұмыспен қамту орталығы арқылы оқып, 505 000 теңге көлемінде өтеусіз грант алған. Алған қаражатқа Жазира жолдасы Мадиярмен бірге пластик есік-терезе өндірісін қолға алған. «Мен жазда оқып, бизнес жоспар құрып, оны облыстық комиссия алдында қорғап шықтым. Біздің жоба үздік болып танылып, грант алдық», - дейді Жазира.

«Біз сияқты ісін жаңадан бастап келе жатқан кәсіпкерлер үшін бұл үлкен көмек. Мен 10 жылға жуық уақыт пластик есік-терезе жасайтын Қордай, Алматы, Астана қалаларындағы көп цехте жұмыс істедім. Бұл жұмысты жақсы білемін десем болады. Өз ісімді бастауға қаражат жетпейтін. Енді грант қаражатына дәнекерлеу, кесуге арналған білдектер, фрезалар алдық. Қол жұмысына арналған негізгі құрал-саймандарым бар. Қажетті материалды өзім сатып аламын, есік-терезені өзім өлшеймін. Бір айдың ішінде 4 тапсырыс түсті. Жұмысты сапалы түрде орындауға тырысамыз, өндірісті кеңейтуді жоспарлап отырмыз, тиісінше жұмыс орындары да артпақ», - дейді Жазираның жолдасы Мадияр. 

Ал, мемлекеттік бағдарламаның тағы бір қатысушысы Саят Башан грантты инновациялық жобаны дамытуға алған. Саят жазда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Жас кәсіпкер» бағдарламасын оқып, бизнес-жоспарын дайындаған. Байқау нәтижесінде Саятқа облыс бойынша инновациялық болып табылған жобаны дамытуға, яғни өңірде сирек кездесетін «романовская» тұқымды қойларын көбейтуге 1,5 млн. теңге көлемінде грант тағайындалған. Көбінесе Ресейде өсірілетін бұл тұқым жылына екі рет төлдеуге қабілетті. Сонымен қатар, бір мезгілде екі-үш қозы туылуы мүмкін. Яғни, бұл қойларды көбейту оңай. Мемлекеттен алған қаражатқа жас кәсіпкер 12 бас қой сатып алған. Әрқайсысы 130 000 теңгеден айналыпты. Ісін жаңадан бастаған кәсіпкер тез арада шығындарын өтеп, пайда көретініне сенімді.

«Қойларды Алматы облысынан алдық, жылына екі рет төлдегеннен басқа, бұл қойлардың жүні бағалы, әсіресе 5-6 айлық төлден қырқылған жүн жоғары бағаланады. Қойлар жылына үш рет қырқылады», - дейді Саят Башан. Жас, жігерлі кәсіпкерлер ұсынылған мүмкіндікті қалт жібермей, тәуекелге бел буып, істерін бастап кетті. Ал, істің нақты нәтижесі олардың еңбекқорлығы, табандылығы мен ептіліктеріне байланысты. 

joomla 3.5