"Aldaspan-Info" ақпараттық агенттігі

Басты бет / Экономика / Сортөбеде заманауи тігін цехы ашылды

Сортөбеде заманауи тігін цехы ашылды

Жақында Сортөбе ауылдық округінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын дамыту аясында бірегей нысан – заманауи тігін цехы ашылды. Арнайы жұмыс киімін тігуді қолға алған кәсіпорын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Қазіргі таңда аталмыш кәсіпорында ауылдың 30 азаматы жұмыспен қамтылған. Нысанның ашылу салтанатына аудандық мәслихат депутаты Т.Апаева, Сортөбе ауылдық округі әкімінің орынбасары М.Гаров, дүнген этномәдени ұйымдарының өкілдері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

«Бүгін біз 30 адамды жұмыспен қамтитын тігін цехын ашып жатырмыз. Біз үшін бұл үлкен мейрам. Округте бизнесті дамыту ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, жұмыссыздық пен кедейлік деңгейін төмендетуге, салық түсімдерінің ұлғаюына оң әсерін тигізеді. Сонымен бірге, өндіріс басшылығы табысының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсауды ниет етіп отыр», – деді ауылдық округ әкімінің орынбасары М.Гаров.

Ал, келесі кезекте өз ойын ортаға салып, жерлестеріне сәттілік тілеген ауыл тұрғыны Вайнцзы Абдукерим мұндай бастамалардың ауыл үшін маңызы зор екенін алға тартты.

«Бұл көптен күткен қуанышты жағдай. Округ тұрғындарын осындай жарқын жаңалықпен құттықтаймын. Кәсіпкерлік дамып, ауылымыз көркейе берсін», – деді ол өз сөзінде.

«Тігін цехын ашу барысында біз ауылда қажетті мамандарды даярлайтын колледж филиалы бар екенін ескердік. Құрал-жабдықты сатып алу үшін 6 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Жұмысты қаңтар айынан бастауды жоспарлап отырмыз. Жұмысшыларға арнайы киім тігеміз. Жұмысымыз алға басса өндірісті кеңейтеміз», – деді кәсіпкер Исхар Харсан.

Іс-шара барысында ауылдың өзге азаматтары да ақжарма тілектерін арнап, жаңа кәсіпорынның ашылуына байланысты қуаныштарымен бөлісті. Ашылу салтанатынан кейін ұйымдастырушылар тарапынан мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы кең дастархан жайылып, Жаңа жыл мерекесіне орай 10 балаға тәтті сыйлықтар таратылды.

joomla 3.5