"Aldaspan-Info" ақпараттық агенттігі

Басты бет / Экономика / ЖАМБЫЛ жаңғырып, ЖАҢАТҰРМЫС түрленбек немесе қарапайым заттар экономикасы іс жүзінде

ЖАМБЫЛ жаңғырып, ЖАҢАТҰРМЫС түрленбек немесе қарапайым заттар экономикасы іс жүзінде

Аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қолға алынған облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасын іске асыру бойынша жұмыстар қазір қарқын алған. Өңір бойынша таңдалып алынған он ауылдың ішінде Қордай ауданынан құрамына екі елді мекен кіретін Жамбыл ауылдық округі еніп отырғаны және жуырда ғана сол округке облыс әкімінің өзі келіп, жобаның жайын тәптіштеп түсіндіріп бергені жайында өткен жолы жазған болатынбыз. Бүгінгі таңда қос ауылда қолға алынған тірлік турасында аудандық газет тілшілері арнайы барып білгенді жөн көрген едік.

Үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы (пайлық) жерлерді тиімді пайдалану, үй ауласында мал және құс өнімділігін арттыру, қосалқы шаруашылықтарды жемісті жүргізуге қолбайлау мәселелерді кооперативтер арқылы шешу және ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыруды қолға алуға бағытталған жобаның ауқымы кең. Бес бағыт бойынша жалпы құны 7,2 миллиард теңге көлемінде 31 мыңнан астам жобаны іске асыру мүмкіндігі анықталып отырғандығы туралы осыған дейін айтылған да болатын. Аймақ басшысының Жамбыл ауылдық округіне сапары барысында Үкімет жобаның бюджетін мақұлдағаны белгілі болып, қуанышты хабар тұрғындармен кездесуде айтылған еді. Ендігі кезекте, сөзден іске көшіп, жобаны іске асыру үшін жатпай-тұрмай жұмыс жасау қажет.

Жамбыл мен Жаңатұрмыс ауылдарында қазір жаңаша леп байқалады, ағайынның көңіл күйі де көтеріңкі. Ауыл тұрғындары үшін таңсық емес бау-бақшаның тиімділігін еселеуде жылыжайлардың, мал шаруашылығын көтеруде кооперативтердің маңыздылығын мұнда жақсы түсінген сияқты. Сондай-ақ, ол үшін сапалы тұқым, көшет, тыңайтқыштарды тауып, жеткізіп беру, тіпті тапшы техника мен қажетті мамандармен қамту мәселесі де оңынан шешімін табатынын естіген жұртшылық құжаттарын дайындауды мықтап қолға алған. Бүгінгі таңда ауылдық әкімдікте тұрғындардың өз жобаларын ұсынуы үшін халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары күнделікті құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп, барлық шаруасын сол орыннан тындырып отырса, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімінің мамандары бизнес жоспар құруға, соған қажетті құжаттарды дайындау-ды сүйемелдеп, кеңес беруде. Сонымен қатар, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын қолға аламын, дамытамын деген тұрғындарға кеңес беру, құжаттарын рәсімдеп, жобаға енуіне ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары кеңесін аямауда. Өзге бөлімдер мен мекемелер де округте жобаның тиісті деңгейде жүзеге асуына барынша қолдау көрсетіп жатыр. Ал, дайындалған құжаттар сол маңда инвестициялық жобалардың арнайы база  сына  тіркеуде. Енді осы құжат жайына кеңінен тоқтала кетсек. Арнайы жұмыс алгоритмі бекітіліп, соның аясында аудандық әкімдіктің ұйымдастыруымен бірнеше жұмысшы топ құрылып, әр бағытта жұмыс жүргізудің нәтижесінде тұрғындар құжаттарын ретке келтіру үшін қомақты істер атқарылған. Мәселен, олар әр ауланы бірнеше рет аралап, алдымен үй құжаттарын ретке келтіру жолдарын көрсетіп, сүйемелдеу жасап, соның арқасында тұрғындардың жобаға қатысуға мүмкіндіктері арта түскен. Жасыратыны жоқ, тексеру барысында 191 үйдің құжаты толық болмай шыққан. Осы орайда, арнайы құрылған жұмысшы топ үй құжатын толықтай рәсімдеуге сүйемелдеу жасап, заңдастырып алуына көп көмек берді. Бұрындары бұған қомақты қаражат жұмсалатын болса, осы қолдаулардың арқасында төлем екі есеге азайып, кейбір процедуралардың жылдам аяқталуы осы құрылған жұмысшы топтың атқарған ісінің оң нәтижесі деп түсінген абзал. Тағы бір айта кетерлік жайт, қосалқы шаруашылық жүргіземін деушілерге қосымша жер учаскелерін қарастыру, оны заңдастыру бойынша жұмыстарды сүйемелдеуді де сол жұмысшы топ мүшелері мойнына алған. Өйткені, бірқатар тұрғындардың үй маңында қосалқы шаруашылық жүргізуге жер учаскелері қалмаған, не болмаса басқа жақта жер учаскесі болғанымен оның құжаттары рәсімделмеген. Осы жұмыстардың барлығы заң аясында біртіндеп жөнге келуде. Жерге қатысты барлық мәселелер аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің қолдауымен шешімін тауып жатса, құжаттарды реттеуде құрылыс бөлімінің мамандары жүргізген консультациялар мен сүйемелдеулердің де жақсы нәтиже бергенін айтуға болады. Аудан әкімдігі тарапынан ұтымды ұйымдастырылған жұмыстың арқасында қазірдің өзінде 50 жоба «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау орталығына жіберілсе, 30 жоба өңдеу үстінде. Жобалары бойынша оң шешім шығатынына ауыл тұрғындарының үміті басым. Өйткені, құжаттары барлық талаптарға сай, қолға аламын деген жұмыстарының жоспары дұрыс. Осының барлығы жоғарыда аталған аудан әкімдігі тарапынан бекітілген арнайы жұмыс алгоритмінің жемісі. Бір қуантарлығы, тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар негізінен егін немесе мал шаруашылығы ғана емес, сонымен қатар өзге де бизнес түрлерін қамтыған. Мәселен, ауылда заман талабына сай сұлулық салонын жаңарту, көлік жөндеу орталықтары мен монша ашу сынды бизнес жобалар да несие алушылар базасына енгізілген.

Мәселен, ауыл сыртындағы жерлерді тиімді игеру, малдың жем-шөбін әзірлеу, техника тапшылығын шешу, сапалы тұқыммен қамту, өнімді өткізу секілді көптеген жұмыстармен айналысуды жоспарлап отырған «Бастау Жаңатұрмыс» кооперативінің ұжымы лизингіге ауыл шаруашылығы техникасын және сүт сақтайтын танкер алу үшін құжаттарын өткізіпті. Осы орайда кооператив жұмысын жандандыруға жоғарыда атап өткеніміздей құжаттарын рәсімдеу мен заңдастыру жұмыстарын сүйемелдеу, жан-жақты қолдау көрсету үшін құрылған жұмысшы топтың атқарған ісін алға тартқан жөн болар. Мәселен, құрылған кооператив мемлекет тарапынан берілетін қаржыдан бөлек, 2,5 пайызбен өзіне қажетті техникасын еркін алады және өндірген тауарын тиімді өткізу үшін де жан-жақты қолдау көрсетілетін болады, қажет болған жағдайда шаруашылық жүргізу үшін жер де қарастырырылады. Осы жобаның арқасында және аудан әкімдігінің қолдауымен «Бас-тау Жаңатұрмыс» кооперативінің жұмысы көп ұзамай жоғары өрлейтіндігінде күмән жоқ. 

- Екі ауыл тұрғындарымен бірге күнделікті жұмыстар жүргізіліп отыр. Пилоттық жобаға аудан бойынша біздің округтің енгеніне қуаныштымыз. Осыған дейін аудан әкімі Болатбек Байтөле бас болып бірнеше рет кездесулер өткізіп, жобаның бес бағыты бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бүгінгі таңда өздеріңіз байқағандай, жұмыс жаңа қарқын алған. Күні кеше Жамбыл ауылында тері өңдеумен айналысатын «Кәмшат-Әсел» ЖШС ұжымымен кездесіп, тұрғындардың тұрмысын тіктетуге таптырмас жоба туралы түсініктеме беріп, арнайы жиын өткіздік. Қазір ауыл халқы мұндағы басты мақсатты жақсы түсінген. Құжаттарын осында алып келіп, мамандармен кеңесіп, қосалқы шаруашылығымды дамытсам, өз кәсібімді ашсам деген ұсыныстарының жүзеге асуға болатындығына көздері жетуде. Құжаттарды рәсімдеуде үлкен көмек көрсетіп жатқан аудандық мекемелер мен бөлімдерге тұрғындардың алғысы шексіз, - дейді округ әкімі Айдар Бірімқұлов.

Алдымен, ауыл әкімі сөз еткен бес бағытқа тоқтала кетсек. Бірінші: мал шаруашылығы бойынша жобалар несилендіріледі. Онда отбасылық бордақылау алаңдарын, тауарлы сүт фермасын ашу, мал басын көбейту, айналым қаражатын арттыру және сүт сауу аппаратын алу. Екінші: егіншілік және өсімдік шаруашылығы. Оған негізгі құрал-жабдықтарды сатып алу және айналмалы қаражатты толықтыру, ауыл шаруашылығы, көкөніс-жемістерді, жеміс-жидек дақылдарын өсіру және жылыжай салу. Үшіншісі: ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру. Оның ішінде ет, сүт, егіншілік бағытындағы шаруашылықтар, ауыл шаруашылығы техникаларын алу. Төртінші: ауыл шаруашылығы техникалары мен қондырғыларды лизингіге алу. Бесінші: өз кәсібін ашу. Жобалар құпталған жағдайда жылдық пайыздық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен несие берілетін болады. Әрине, әр бағыттың өзіндік шарттары да бар.

Осы бес бағытқа бағдарланған ауыл тұрғындары құжаттарын өткізіп, қазіргі таңда дайындық шараларын бастап та кетіпті. Солар турасында айта кетсек. Үй іргесіндегі жерлеріне негізінен аскөк, сарымсақ, шалғам, картоп, қызынақ, қияр егуге машыққан ауыл тұрғындары осы несібелерін арттыруға ниетті. Жамбылдықтар аянбай тер төгіп, екі айналымда өнім алуға дайын екендіктерін айтуда. Мәселен, биылдың өзінде үй іргесіндегі аядай жерден екі айналмалы өнім алған Жамбыл ауылының тұрғыны Ұлбосын Байдуллаева наубайхана ашуға бел буып, құжаттарын өткізіп қойыпты. Жобасы мақұлданып жатса, ауылдастарын өз нанымен қамтымақ.

- Осыған дейін 15 бас ірі қараны бордақылауға үй жанында арнайы қора салған болатынмын. Қазір жобаның екінші бағыты, яғни мал шаруашылығын дамыту бойынша құжаттарымды өткізіп, қораны 30 басқа үлкейтіп қойдым. Құжаттарымды аудан орталығына немесе басқа жерлерге бармай-ақ осында рәсімдедім. Осы жұмыстарды ыңғайлы етіп ұйымдастырған аудан басшылығына алғысымыз шексіз. Әрине, сонымен қатар жобаның әлқиссасын біздің ауылымыздан бастаған облыс басшысына да зор ризашылығымызды білдіреміз. Бұл шынымен де ауылдағы ағайынның тұрмысын жақсартуға бағытталған үлкен қолдау деп білеміз, - дейді ауыл тұрғыны Сардар Бадалов.

Ал, биылдың өзінде үй жанындағы шағын ғана учаскесінен 3 тонна қызанақ алған Видави Махмудов енді мал шаруашылығын дамытуды қолға алмақшы. Ол 50 бас ірі қара алуға құжаттарын өткізіп қойған.

Жалпы, округ бойынша 1054 аула болса, жер көлемі 105 гектарды құрап отыр екен. Осының ішінде 216 аула мал шаруашылығын дамытуға ниеттенген көрінеді. Ал, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану үшін суармалы су мәселесі де жақын арада шешілмек. Қазіргі таңда ауылдардағы арықтардың ұзындығы мен өткізу мүмкіндіктерін арнайы мамандар есептеп, әр аулаға судың толыққанды жетуі үшін бірқатар жұмыстарды қолға алмақ.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», аталмыш округ тұрғындары 2,5 пайызбен әрі тиімді шарттармен берілетін несиеге қол жеткізуге асық. Олардың бірқатары осынау қолдау арқылы үй іргесіндегі жерінің игілігін көру жолында тер төгуге дайын болса, енді бірі мал шаруашылығы арқылы тұрмыс шырайын арттырмақ. Бұған дейін де шаруасын шалқытып келгендер өрісін одан әрі кеңейте түсуіне де мол мүмкіндік жасалып отыр. Аудандық газет қос ауылда қолға алынып жатқан көңілге қонымды тірліктер туралы мақалалар топтамасын алдағы уақытта назарларыңызға тағы ұсынатын болады.

Жандос ОМАРОВ

joomla 3.5