"Aldaspan-Info" ақпараттық агенттігі

Басты бет / Мәдениет / «КӨРКЕМ ҚОРДАЙ» балабақшасы ашылды

«КӨРКЕМ ҚОРДАЙ» балабақшасы ашылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке «2020 жылға дейін 3 пен 6 жас аралығындағы балалар 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етілсін» деген талап қойған еді. Осы орайда елімізде бірнеше бағдарламалар қолға алынған болатын. Нәтижесінде ауданымыздың түпкір-түпкірінен жаңа балабақшалар ашылды. Бұл бағытта ауданда тындырымды тірліктер көп.

 

Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай және ҚР Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында ауданымызда 7 әлеуметтік нысан ел игілігіне берілетін болды. Соның бір айғағы ретінде аудан орталығында «Көркем Қордай» жекеменшік балабақшасының тұсауы кесілді. Бұл жаңалық Красный партизан тұрғындарына нағыз мерекелік сый болды. Тұрғындардың қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Болатбек Байтөле арнайы келіп, ізгі тілектерін жеткізді. Бірінші кезекте Болатбек Байқонысұлы жиналған көпшілікті келе жатқан мерекемен және ата-аналар мен балабақша қызметкерлерін бүгінгі қуанышымен құттықтады.

- Баршаңызды келе жатқан мерекелі күнмен құттықтаймын. Осындай айтулы күн қарсаңында біздің ауданымызда бірнеше нысанның ашылуы жоспарлануда. Елбасының бастамасымен іске асқан бағдарламаның арқасында ауданда жекеменшік балабақша мен шағын орталықтардың саны 38-ге жетті. Нәтижесінде аудан бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесі 1-6 жас аралығында 92%, 3-6 жас аралығында 100% құрап отыр. Бұл мемлекет пен жекеменшік әріптестіктің нақты нәтижесі, – деді Б.Байтөле.

Содан соң ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет пен ауыл тұрғыны Бақыт Орналин құттықтау сөздерін айтып, салтанатты түрде нысанның лентасын қиды.

Аталмыш балабақшада 75 бүлдіршін тәрбиеленетін болады. Мектепке дейінгі білім беру мекемесі барлық талаптарға сай жабдықталған. Сондай-ақ, балалардың сапалы білім алып, ой-өрісін дамытып, спортпен шұғылданып, тамақтанып және демалуы үшін де барлығы ойластырылып жасалған. Үш топқа бөлінген бүлдіршіндердің үш тілде білім алып, шығармашылығын шыңдауына 6 білікті педагог және 3 тәрбиеші көмектеседі. Сонымен қатар, балабақшада логопед пен медбике бар екен. Қысқасы мұнда оннан астам жаңа жұмыс орны ашылып отыр.

Жобалық құны 6 млн теңгені құраған балабақшаны ашуды кәсіпкер Л.Әлімжанова қолға алыпты. Ауыл тұрғындары кәсіпкердің бастамасына дән риза.

- Бүгін біз керемет іс-шараның куәсі болып, қуанып отырмыз. Көптен күткен балабақша ашылды. Бүлдіршіндердің жақсы азамат болып тәрбиеленетініне үлкен сенім артып отырмын. Тәрбиешілерге жұмыстарына сәттілік тілеймін, – дейді балабақшаға немересін алып келген Шолпан Кәрімсаттарова.

Еркін Қатбеков

 

joomla 3.5