Информационное агентство "Aldaspan-Info"

Главная / Қоғам / Жас ақындар клубы құрылды

Жас ақындар клубы құрылды

Тараз қаласында жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру және жас ақын-жазушыларды қолдау мақсатында маңызды мәдени шара өтті. «Тараз қаласының жас ақын-жазушыларды қолдау бойынша іс-шаралар ұйымдастыру» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жоба аясында «Еркін Пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жаңа «Мәңгілік ел» әдеби шығармашыл жастар клубы құрылып, клубтың салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды.

Клубтың ашылуында жас ақын-жазушылар мен студенттер, сондай-ақ қоғам белсенділері қатысып, жас қалам иелерін жаңа бастамаларымен құттықтады. Іс-шара барысында қатысушыларға клубтың мақсат-міндеттері мен алдағы бағыттары таныстырылды.Клубтың басты мақсаты – студенттер мен жастардың әдеби шығармашылық қабілеттерін дамыту, ұлттық рухты, мәдени және моральдық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ жастар арасында оқырман мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Бұл бастама жас буынның шығармашылық ізденісін арттырып, жаңа әдеби орта қалыптастыруға жол ашады деп күтілуде.

Қазіргі таңда клуб құрамында жүзге жуық жас бар. Олардың қатарында Тараз қаласының жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, мектеп оқушылары, жас ақындар мен жазушылар бар. Клуб мүшелері тек әдеби шығармашылықпен шектелмей, түрлі поэзия кештері, әдеби кездесулер, шығармашылық байқаулар мен шеберлік сабақтарын өткізуді жоспарлап отыр.Жаңа құрылған «Мәңгілік ел» әдеби клубының төрағалығына талантты жас ақын Шырынбек Ғалымжан сайланды. Ол өз сөзінде клубты жас қаламгерлердің басын біріктіріп, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін шығармашылық алаңға айналдыруды мақсат ететінін айтты.«Мәңгілік ел» клубының құрылуы – Тараз жастарының мәдени-рухани өміріндегі айтулы оқиға. Бұл жоба жас дарындардың шығармашылығын қолдап қана қоймай, ұлттық әдебиеттің дамуына да серпін бермек.

     

joomla 3.5