Болтай батыр атындағы орта мектебінде нашақорлықтың алдын алу бойынша кездесу өтті
Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Т. Рысқұлов ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс шаралар ұйымдастыру» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылы, Болтай батыр атындағы орта мектебінде отбасы институтын нығайту бойынша кездесу өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасында зиянды әдеттердің алдын алу, есірткінің қауіптілігі туралы ақпарат беру және құқықтық сауаттылықты арттыру.
Кездесуге мектеп мұғалімдері мен жоғары сынып оқушылары қатысты. “Сенімен-Болашақ” Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің психологы Шолпан Рахымбердиева нашақорлықтың адам психологиясына тигізетін зияны, оның отбасылық және әлеуметтік өмірге кері әсері туралы айтып, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Кездесу барысында оқушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, маманнан тұшымды жауап алды. Іс-шара соңында жастарға зиянды әдеттерден аулақ болуға, дұрыс таңдау жасап, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырған үндеу айтылды.
Мұндай кездесулер оқушылардың өмірлік маңызы бар ақпараттарды алуына, өз денсаулығы мен болашағына саналы көзқараспен қарауына ықпал етеді.