Этносаралық татулық
Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі, Т. Рысқұлов ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Аудан тұрғындары арасында этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға және насихаттауға бағытталған кездесулер, семинарлар, іс-шаралар ұйымдастыру» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік жобаны іске асыруда.
Жоба аясында Құлан ауылындағы Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектепте этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған кездесу өтті. Іс-шараның арнайы қонағы – Жамбыл облыстық нотариаттық палатасының атқарушы директоры, заңгер Өмірбеков Данияр Маратұлы болды.
Кездесу барысында спикер Қазақстандағы этностардың бейбіт қатар өмір сүруі – еліміздің басты жетістіктерінің бірі екенін атап өтті. Ол этносаралық татулықты сақтау әр азаматтың жеке жауапкершілігі екенін, ал өзара құрмет пен толеранттылық қоғамның тұрақты дамуының негізі болатынын жеткізді.
Оқушылар мен ұстаздар белсенділік танытып, құқықтық сауаттылыққа қатысты сұрақтар қойып, этносаралық қатынастардың құқықтық негіздері туралы нақты мәлімет алды.