Информационное агентство "Aldaspan-Info"

Главная / Қоғам / «Қабырға – жарнама емес!» акциясы: Талдықорғанда есірткі жарнамасына қарсы күрес күшейтілді

«Қабырға – жарнама емес!» акциясы: Талдықорғанда есірткі жарнамасына қарсы күрес күшейтілді

«Қабырға – жарнама емес!» акциясы: Талдықорғанда есірткі жарнамасына қарсы күрес күшейтілді

 

2025 жылғы 15 шілде күні Талдықорған қаласында «Қабырға – жарнама емес!» атты волонтерлік акция өтті. Бұл шара жастардың қатысуымен жүзеге асырылып, қоғамдық орындардағы есірткі жарнамаларын жою және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Акция барысында еріктілер көпқабатты үйлер мен аялдамалардағы QR-кодтар, Telegram сілтемелері мен түрлі кодтық белгілер түрінде жасырылған заңсыз граффитилерді бояп, жойды. Олардың орнына мотивациялық, позитивті және антинаркотикалық ұрандар жазылды.

Шара Жетісу облысы қоғамдық даму басқармасының тапсырысы негізінде жүзеге асырылып жатқан «Жастар арасында есірткі және олардың прекурсорларының таралуы мен қолданылуының алдын алу» жобасының бір бөлігі ретінде өтті. Жобаны «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранттық қаржыландыруымен «Саналы қоғам» қоғамдық қоры іске асыруда. Жоба «Есірткісіз таза қоғам» тақырыбында жүргізіліп, жастар арасында нашақорлықтың алдын алудың кешенді жүйесін қалыптастыруды, қауіпсіз орта құруды, ата-аналар мен педагогтарды белсенді тартуды, сондай-ақ интернеттегі есірткі насихатына тосқауыл қоюды мақсат етеді.

Акцияға 5 ерікті қатысып, Талдықорған қаласының «Военный городок Жулдыз» мөлтек ауданында  20-ға жуық заңсыз жазу жойылды. Қатысушылар қолғап, маска және бояу құралдарымен қамтамасыз етіліп, шара полиция қызметкерлерінің бақылауымен өтті. Жергілікті тұрғындар бастаманы оң қабылдап, еріктілерге алғыстарын білдірді. Іс-шара барысында түсірілген фото және бейнематериалдар әлеуметтік желілерде жарияланып, антинаркотикалық насихат кеңінен таралды.

«Қабырға – жарнама емес!» акциясы жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, есірткіге қарсы саналы көзқарасты қалыптастыруға бағытталған нақты әрі нәтижелі қадам болды. Жоба аясында жыл соңына дейін 10 акция өткізу жоспарланған.

 

Дәурен МАМЫШ

Жоба жетекшісі

 

 

joomla 3.5