Информационное агентство "Aldaspan-Info"

Главная / Қоғам / «Діни экстремизмнің алдын алу» тақырыбында кездесу

«Діни экстремизмнің алдын алу» тақырыбында кездесу

Мойынқұм ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша, Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру және алдын алу» тақырыбы аясында ақпараттық-түсіндіру шаралары өз жалғасын табуда. Осы жоба шеңберінде Биназар ауылындағы О.Жандосов атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушыларымен «Діни экстремизмнің алдын алу» тақырыбында кездесу өтті. Кездесудің арнайы спикері – Жамбыл облысы әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы, теолог Қырықбай Саян Батырұлы болды. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың діни сауаттылығын арттырып, оларды теріс діни ағымдардың ықпалынан қорғау, дәстүрлі дін мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды. Кездесу барысында Саян Батырұлы қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы таралатын жалған діни ақпараттардың жастар санасына тигізетін кері әсерін атап өтті. Ол діни білімсіздік пен ақпаратты дұрыс қабылдамаудың салдарынан қаншама жастардың жат ағым жетегіне еріп кетіп жатқанын нақты мысалдармен түсіндірді. Спикер жастарға діни білім мен мәліметті тек ресми, сенімді дереккөздерден алу қажеттігін қадап айтты. Атап айтқанда, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы бекіткен имамдардан діни білім алуды және діни тақырыптағы ақпараттарды ҚМДБ-ның ресми сайттарынан қарауды ұсынды.

Саян Батырұлы өз сөзінде рухани тәрбие мен ұлттық құндылықтардың сабақтастығына да тоқталды. «Тәрбие – тал бесіктен» дегендей, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ата-ананы сыйлау, салт-дәстүрді сақтау – жастардың болашаққа бағыт берер рухани темірқазығы болуы керек екенін ерекше атап өтті. Кездесу барысында оқушылар мен ұстаздар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, спикер әр сұраққа нақты әрі мазмұнды жауап берді. Сонымен қатар, деструктивті ағымдардың қоғамға тигізетін залалы туралы өмірде болған мысалдар айтылып, қатысушылармен еркін пікір алмасу ұйымдастырылды. Оқушылар өз ойларын ашық айтып, дін мен қоғамның өзара байланысы туралы пікірлерін ортаға салды.

joomla 3.5