Информационное агентство "Aldaspan-Info"

Главная / Қоғам / «Нашақорлықсыз болашақ» акциясы

«Нашақорлықсыз болашақ» акциясы

Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асып жатқан «Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттауға, есірткі бизнесі мен нашақорлықтың алдын алу және жастар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша мақсатты іс-шаралар өткізу» жобасы аясында 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған «Нашақорлықсыз болашақ!» атты кең көлемді жастар акциясы ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – жастардың назарын есірткі мәселесіне аудару, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру және қоғамда салауатты өмір салтын насихаттау болды. Акция аясында қала әкімінің орынбасары Исабеков Нұрсұлтан Арқабайұлы мен Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Байгелді Байжан Исембекұлы құттықтау сөз сөйлеп, нашақорлыққа қарсы күреске белсенді түрде үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттады. Бұл жастардың қоғамдағы рөлін арттырумен қатар олардың есірткісіз болашаққа деген сенімін нығайтты. Шара барысында қатысушылар үшін арнайы мазмұны бай, тәрбиелік мәнге ие көріністер мен қойылымдар ұсынылды. «Қабырғаға емес болашаққа жаз!» атты жастар арасындағы граффити байқауының жеңімпаздары марапатталып, олардың шығармашылық жұмыстары есірткіге қарсы бағыттағы маңызды ойларды бейнеледі. «Арлан» оқу-жаттығу взводы арнайы тактикалық көрсетілім көрсетіп, тәртіп пен батылдықтың жарқын үлгісін ұсынды. Сонымен қатар Кинология орталығының есірткі қылмысының алдын алуға арналған иттерді дайындау бойынша көріністері көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Іс-шараның көркемдік бөлімі де ерекше мазмұнға ие болды. Тараз циркінің «Ақтолқын» тобы «Көгершін» би композициясын орындап, бейбіт өмір мен тазалықтың символын көрсетті. Таэквондо мен каратэ спортшылары салауатты өмір салтының үлгісін көрсететін спорттық көріністер қойып, жастарды белсенді болуға ынталандырды. Ал заманауи өнер өкілдері – брейк-данс билеушілері жастар арасындағы позитивті энергияны арттыра түсті. Акция аумағында нашақорлықтың зияны туралы ақпараттық брошюралар таратылып, қатысушыларға есірткінің қауіптілігі жөнінде кең көлемді деректер ұсынылды. «Нашақорлықсыз болашақ!» атты бұл акция – бір күндік шара ғана емес, қоғамның, жастардың, еріктілердің ортақ үндеуі. Мұнда әрбір қатысушы өзінің есірткіге қарсы ұстанымын білдіріп, «ЕСІРТКІГЕ ЖОЛ ЖОҚ!» деген берік позицияны қолдады. Акцияға 1500-ге жуық қала тұрғындары мен жастардың қатысуы қоғамның бұл тақырыпқа немқұрайлы қарамайтынын және салауатты өмір салтын қолдайтынын көрсетті. Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстарына айтарлықтай серпін берді.

 

joomla 3.5