7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шара
Бүгін Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Мерекелік жиынға қоғам қайраткерлері, ардагерлер, әскери қызметкерлер, жастар және университет ұжымы қатысып, ел қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетті.
Іс-шараның құрметті қонағы ретінде «Ауыл» партиясының төрағасы Сайлаубек Құрманбекова қатысып, Отан қорғаушыларды және ардагерлерді мерекемен құттықтады. Өз сөзінде партия төрағасы елге қызмет ету, туған жерге деген сүйіспеншілік пен патриотизм құндылықтарының маңыздылығына тоқталып, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырудың өзектілігін атап өтті.
Сондай-ақ ол Алаш зиялыларының ел мүддесі жолындағы еңбектерін мысалға келтіріп, қазақ халқының бірлігі мен тәуелсіздігін сақтаудағы әр азаматтың жауапкершілігіне назар аударды. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ерлік пен батырлыққа үндейтін нақыл сөздерін тілге тиек етіп, ел қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екенін жеткізді.
Партия төрағасы өз сөзінде Әлихан Бөкейханұлының «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген қанатты сөзін ерекше атап өтіп, бүгінгі әскери қызметкерлердің табандылығы мен адал қызметі мемлекет қауіпсіздігі мен қоғам тұрақтылығының берік негізі екенін айтты.
Мерекелік шара барысында патриоттық әндер шырқалып, қатысушыларға арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Сонымен қатар, әскери өмірдің тыныс-тіршілігін насихаттауға бағытталған көрме ұйымдастырылып, жастарға әскери қызметтің маңызы туралы ақпарат берілді.
Шараның ерекше бөлігінің бірі ретінде қатысушылар мен қонақтарға арнайы дайындалған сарбаздардың дәстүрлі тағамы – «Солдат ботқасы» ұсынылды. Бұл көпшілікке әскери өмірдің бір бөлшегін сезінуге мүмкіндік беріп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Аталған іс-шара жастардың бойында патриоттық рухты нығайтып, Отан қорғаушыларға деген құрметті арттыруға бағытталған тағылымды әрі мазмұнды мереке ретінде есте қалды.

19 Июнь 2026
14
25 Нояб 2024