Студент жастарға "Студенттік еңбек жасақтарының" жұмысы таныстырылды
«Ауыл» партиясы жанындағы Жамбыл облыстық «Ауыл жастары» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Абай» атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттерімен кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды қоғамдық жұмыстарға белсенді тарту, олардың азаматтық белсенділігін арттыру және «Ауыл жастары» мен «Студенттік еңбек жасақтары» қызметі туралы жан-жақты ақпарат беру болды.
Кездесу барысында жастар қанатының өкілдері ұйымның негізгі бағыттары мен жүзеге асырып жатқан жобалары туралы кеңінен баяндады. Студенттерге ауыл жастарының әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалар, білім беру, волонтерлік қызмет, кәсіпкерлік пен көшбасшылық қабілеттерді дамытуға арналған жобалар таныстырылды.
Сондай-ақ қатысушыларға «Студенттік еңбек жасақтарының» қызметі туралы толық ақпарат берілді. Аталған бағдарлама жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, еңбек тәжірибесін жинақтауға және өз табысын табуға мүмкіндік беретіні айтылды. Еңбек жасақтарының жұмысы жастардың еңбекке деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, олардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге де ықпал етеді.
Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жастар саясаты, жұмыспен қамту мүмкіндіктері және қоғамдық бастамаларға қатысу жолдары жөнінде нақты ақпарат алды. Сонымен қатар жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, ауылдық жерлердегі жас мамандарды қолдау және олардың қоғам өміріне араласуын күшейту мәселелері талқыланды.
Шара соңында студенттерге жастар ұйымдарының қызметіне қатысу мүмкіндіктері түсіндіріліп, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобаларға белсенді атсалысуға шақырылды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер жастардың өз мүмкіндіктерін кеңейтіп, қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашатынын атап өтті.
Жастар – елдің болашағы. Сондықтан олардың білім алып, еңбекке араласып, қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуы қоғамның дамуы мен еліміздің өркендеуінің маңызды кепілі болып табылады.

23 Июнь 2026
9
25 Нояб 2024