«Ұлы Жеңіс – Ерлікке Тағзым, Ұрпаққа Үлгі» облыстық спартакиадасының ашылу салтанаты өтті
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерейлі күніне орай ұйымдастырылған «Ұлы Жеңіс – Ерлікке Тағзым, Ұрпаққа Үлгі» атты Жамбыл облысы ардагерлері арасындағы облыстық спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Тағылымы мол спорттық шараның басты мақсаты – Ұлы Жеңіс қаһармандарының ерлігін ұлықтау, ардагерлерге құрмет көрсету және аға буын арасында салауатты өмір салтын насихаттау болды.
Іс-шараға қоғам қайраткерлері, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, спорт сүйер қауым мен жастар қатысып, Ұлы Жеңістің тарихи маңызы мен батырлар ерлігінің ұрпақ тәрбиесіндегі орны туралы сөз қозғалды.
Спартакиаданың ашылу салтанатына «Ауыл» партиясы Жамбыл облыстық өңірлік филиалының төрағасы Құрманбекова Слушаш Сатбекқызы қатысып, жарысқа қатысушыларға ізгі тілегін білдірді. Ол өз сөзінде Жеңіс күні – ел тарихындағы ең маңызды мерекелердің бірі екенін атап өтіп, ардагерлердің ерлігі мен еңбегі кейінгі ұрпақ үшін әрдайым үлгі болып қала беретінін жеткізді. Сонымен қатар, спорттың адам денсаулығын нығайтудағы және белсенді ұзақ өмір сүрудегі рөліне тоқталып, қатысушыларға жарыста сәттілік пен жоғары нәтижелер тіледі.
Шара барысында ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіліп, олардың қоғамдағы орны мен өнегелі өмір жолы туралы айтылды. Қатысушылар Ұлы Отан соғысы жылдарындағы батырлардың жанқиярлығы мен ел бірлігі туралы естеліктермен бөлісіп, бейбіт өмірдің қадірін ұғынудың маңызын атап өтті.
Облыстық спартакиада ардагерлердің спортқа деген қызығушылығын арттыруға, олардың белсенді өмір салтын ұстануына және өзара достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Мұндай жарыстар аға буын өкілдерінің сергектігін сақтап қана қоймай, жастарға да үлгі-өнеге береді.
Ұлы Жеңістің рухын дәріптеп, ардагерлерге құрмет көрсетуді мақсат еткен бұл игі шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, патриоттық рухты нығайтуға өз үлесін қосты.
Барша қатысушыларға жарқын жеңістер, мықты денсаулық және толағай табыстар тілейміз!

23 Июнь 2026
10
25 Нояб 2024