Информационное агентство "Aldaspan-Info"

Главная / Политика / Әкімде жоспар жоқ па?

Әкімде жоспар жоқ па?

Жоспарсыз адам болғанмен, жоспарсыз әкім болмасын

 

         2022 жылдың сәуір айының алғашқы аптасында Жамбыл облысына 2 жылдан астам басшылық еткен Бердібек Сапарбаевтың орнына Нұржан Нұржігітов әкім болды. Бердібек Сапарбаевқа дейін Асқар Мырзахметов басшылық еткен еді.

         Бүгінгі мақалада 2018-2022 жылдары басшылық еткен екі әкімнің басшылығына баға береміз және жаңа әкімнің мүмкіндіктерін қарастырып көреміз.

         А) Асқар Исабекұлы Мырзахметов 1962 жылы 1 қазанда Шымкент қаласында дүниеге келген. Ауылшаруашылығы және экономика мамандықтары бойынша білім алған.

         Асқар Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі қызметіне 2018 жылдың 10 қаңтарында келген болатын. Ел арасында Асқар мырзадан «ағатай дұрыстап істесей» дегенді үш рет естіген адам жұмыстан кетеді деген сөз бар еді. Бұл әкімінің тұсында облыста ауыл шаруашылығында серпіліс байқалды. Оған әкімнің бұған дейін ауылшаруашылығы министрлігіне басшылық еткені де әсерін берген болуы керек. Көптеген құрылыстар басталды. Бірақ қосымша «құрылыс тендерлерін Тараздық фирмалар ұта алмауда, оны әкімге жақын фирмалар ұтуда» деген қауесет желдей есті. Тағы бір әлсіз жері «әлеуметтік желілерде жарияланатын ақпараттардан қорқатындығы болды» дейді білетіндер.                             

         2020 жылы 7 ақпан кешкісін Жамбыл облысы Қордай ауданында этникалық жанжал шығып, 10 адам қаза тапқан. Қырықтан астам адам жаралаған. Жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында 15 ғимарат мен 30-дан астам үй бүлініп, 23 көлік өртенген. Бұл ауылдарда көбіне этникалық дүнгендер тұрады. Асқар Мырзахметов кезінде ОҚО әкімі болып тұрған кезде де Шымкент шаһары маңында дәл осындай сипатта қазақ-тәжік қақтығысы болған еді.       

         «Мемлекет басшысының жарлығымен берілген өтінішіне орай Асқар Исабекұлы Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі қызметінен босатылды», - делінген Ақорда сайтында. Бірақ оның кетуінің басты себебі Қордай оқиғасы болғандығы анық. Себебі сол босатудан кейін әлі ешқандай қызметке алынбады. 2020 жылдың соңында Жамбыл облысы ардагерлерінің ұсынысымен Мырзахметов Асқар Исабекұлы киелі Жамбыл облысының «Құрметті азаматы» атанды. Әлі күнге Мырзахметовтың әкім кезін аңсайтындар бар екенін ескерсек, әкімнің облысқа еңбегі сіңгенін мойындау керек.

          Б) Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев 1953 жылы 9 ақпанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылында дүниеге келді. 1977 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын «Экономика және материалдық-техникалық жабдықтау» мамандығы бойынша бітірді. Экономика ғылымдарының докторы, профессор.

         2020 жылы 10 ақпанда «Бердібек Машбекұлы Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары қызметінен босатылсын", делінген ақпаратты Ақорда баспасөз қызметі жариялады.

         Сапарбаевты «кризис-менеджер» деп атайтындар көп. Оған себеп, шу шыққан аймаққа, салаға басшылыққа жіберілетін адам. Қордай оқиғасында шешті. Дотациялық облысқа тартылатын қаражат екі есеге артты. Апта сайын, барлық іс-шаралардан қалмауға тырысатын. Жоспарларды орындауды талап етіп, облыста игерілмей тұрған 30 миллиард теңгені жыл соңына дейін бір аптада игеріңдер деп тапсырма бергені де бар. Кәсіпкерлерге «асарлатып үй салғызды», Байзақтағы жарылыстан соңда жағдайды барынша бақылауына алды. Басшылығы пандемиямен қатар келсе де, көптеген жұмыстарды сәтті аяқтады. Бірақ соңғы кезде «Персикке көңіл айту», «Сарыбеков екеуі қоғамдық кеңес тізіміне араласпақшы болды» деген депутаттардың қарсылығы, қалаға әкім етіп қойған қызметкерінің әлсіздігі беделіне біраз кері әсерін берді.

         Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жылы 7 сәуірде Бердібек Машбекұлы Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі лауазымынан босатылды. Соңғы күндері президентпен кездескеннен кейін, жаңадан ашылатын облыстардың біріне әкім болуы мүмкін деген болжамдар бар.

         С) 2022 жылы 7 сәуірде тағайындалған жаңа әкім Нұржігітов Нұржан Молдиярұлы 1967 жылы туған, білімі жоғары.Байзақ ауданына басшылық етіп, 2021 жылдың 26 сәуірінен бастап Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болған.

         Нұржан Молдиярұлы қызметке келгенде «бұрынғы әкімнің ең әлсіз орынбасары басшылыққа келді» дегендер болды. Екі айда нәтиже көрсету қиын, бірақ мықты басшы болатын адам тыңғылықты жоспар ұсынуы тиіс деп ойлаймын. Әзірге көргеніміз кадрлар ауысуы, қаражаты қайдан келгені белгісіз баспасөз хатшыларының оқытылуы, Сапарбаев бар кезде жоспарланған дүниелерді бақылауы ғана.

         Екі айда нақты жоспар ұсынбаған әкіммен 2024 жылға (бұрынғы әкімдер екі жылдан басшылық еткен) тек кадрлар ауыстырумен жетіп жүрмейік.

 

joomla 3.5