Қордай ауданында облыстық пікірсайыс турнирі өтті
2025 жылдың 11 қазан күні Қордай ауданында 25 қазан – Республика күніне орай «Тұғыры биік туған ел» атты облыстық пікірсайыс турнирі өтті. Аталған шара Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы аясында Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырылуымен өткізілді. Турнирдің негізгі мақсаты – жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, сыни тұрғыда ойлау қабілетін дамыту, елжандылық пен патриоттық құндылықтарды қалыптастыру болып табылады.
Пікірсайыс турниріне облыстың түкпір-түкпірінен келген 20-ға жуық фракция қатысып, қоғамда өзекті болып тұрған тақырыптарда пікірталас жүргізді. Пікірсайыс жарысы АПФ және ЛД форматтарында өтіп, қатысушылар өз ойларын дәлелді түрде жеткізіп, шешендік қабілеттерін көрсетті. Турнир барысында қатысушылардың белсенділігі мен жоғары дайындық деңгейі ерекше байқалды. Қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынды Байзақ ауданының «Фемида» фракциясы жеңіп алып, 50 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орынды Тараз қаласының «Гарвард» фракциясы иеленіп, 40 000 теңге көлемінде марапатталды. Ал үшінші орынды Тараз қаласындағы №45 мектептің «Жүректен жүрекке» фракциясы жеңіп, 30 000 теңге көлемінде сыйақыға ие болды. Сонымен қатар, «Ең үздік талпыныс» номинациясы Қордай ауданының командасына беріліп, 20 000 теңге көлемінде марапатталды. «Ең үздік спикер» аталымын Есенғали Жанайым иеленіп, 20 000 теңге көлемінде сыйақы алды, ал «Үздік төреші» номинациясы Жанысбай Балнұрға табысталды. Турнирдің қорытындысында жеңімпаздарға дипломдар, алғыс хаттар және ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Аталған шара жастардың пікірсайыс мәдениетін қалыптастыруға, ой еркіндігін дамытуға және қоғамдық белсенділікті арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.

13 Окт 2025
38
25 Нояб 2024