Информационное агентство "Aldaspan-Info"

Главная / Политика / ҚОРДАЙДА ЖЕКЕ МЕНШІК МЕКТЕП АШЫЛДЫ

ҚОРДАЙДА ЖЕКЕ МЕНШІК МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Білім мекемелерінің желісін кеңейтудің бір жолы – жекеменшік әріптестікті дамыту. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы өткен республикалық тамыз кеңесінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жекеменшік мектептерді ашу бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында және Жамбыл облысының 80 жылдығына орай Қордай ауылының жанындағы «Болашақ» ықшам ауданында жекеменшік бастауыш мектеп ашылды.

 «Ернұр 550» ЖШС ашқан жаңа білім беру мекемесінің ашылу салтанатына аудан әкімдігінің өкілдері, ақсақалдар мен ықшам аудан тұрғындары, зейнеткер ұстаздар жиналды. 50 орындық мектептің ашылу рәсіміне қатысқан білім бөлімінің басшысы Елдос Нұралиев жиналған қауымды құттықтап, ізгі тілегін жеткізсе, Қордай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіхан Сейілханов ақсақал ақ батасын беріп, балалар тәрбиесі мен білімі үшін мұндай мектептердің маңыздылығын ерекше атап өтті. Ал, мектепті ашқан серіктестік өкілі Шолпан Тоқбергенова көпшілікке және ата-аналарға білікті де білімді мамандардан құралған ұжымды таныстырып, осы жерден білім алатын балаларға барлық жағдайдың жасалғанын айтты. Мектеп лентасы қиылғаннан кейін жиналған жұртшылық ғимараттың ішін аралап көріп, бастауыш білім беруге толықтай сай мекемеге ризашылықтарын білдіріп, құтты болсын айтты.

joomla 3.5